Қазаннан қақпақ кетсе…

0
299

Ауылдағы ағайынның қара қазанын бүлкілдетіп қайнатып тұрған бағымындағы азын-аулақ төрт түлік малы. Әйтсе де, бұл тараптағы көздің сұғы, сұғанақ қолдың суық лебі басылмай тұр. Өткен жылы Ақмола өңірінде мал ұрлаудың 86 оқиғасы тіркеліп, 999 бас мал қолды болған.

«Шығасыға иесі басшы» демекші, ауыл халқы әлі де кең қолтық пейілінен, аңғалдығынан арыла алмай отыр. Осы бір жайды қарау ниетті көкіректеріне түйген ұрылар да біліп, басынуын қоя­тын емес. Төрт түліктің ішінде жыл­қыға қатер көп. Өткен жылы 287 қылқұйрықты оңай олжаны көксеген ұрылардың көмейінен асып кетсе керек, оған қоса 75 ірі қара, 637 ұсақ мал ұрланған. Мал иелеріне келген шығын мөлшері 137 миллион теңге шамасында. Бұл тиісті құқық қорғау органдарына хабарланып, ақ адал малдың артынан іздеушісі шығып, есепке енгендері ғана.

Жоғарыда біз айтқан малдың 875 басы, яғни 87,6 пайызы мал иелері мен құқық қорғау органдарының жарғақ құлағы жастыққа тимей індете іздеуінің арқасында табылыпты. Мал иелерінің басым көпшілігі «қайтқан малда қайыр бар» деп ұрыларға әділ жазасын тартқызу үшін қуына бермейді. Бір кемшілік осы тарапта. Егер өзгенің малын оңай олжа көріп, суық қолын сумаңдатқандар әділ жазасын тартса, өзгесі де тыйылар еді. Соңғы уақытта бұл тараптағы заң қатайды дегенімізбен, осындай олқылықтың орын алуы салдарынан қазаннан қақпақ кетіп тұр. Әлі де 124 бас мал ұшты-күйлі жоқ. Ендігі саудагері судай сапырылысқан базарға түсіп кетті ме, жоқ әлде көз көріп, құлақ естімеген қиянға шығандады ма белгісіз. Сөз ләмін былай өрбітуіміздің де мәні бар. Айталық, өткен жылдың қазан айының басында Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының полиция департаменті қызметкерлерінің жедел іздестіру жұмыстарының барысында өңірдің 46 бас жылқысы Арқалық қаласының маңынан табылған. Үш ұры ұсталды. Көкшетау қайда, Арқалық қайда? Соншама жерден қарына құрық іліп қарақшы келеді деп кім ойлаған. Әлгі ұрылардан 15 бас жылқы қайтарылды. Ерейментау ауданындағы Байсары ауылының 36 бас жылқысы ту сонау Жамбыл облысының аумағынан табылды. Мал ұрлығын кәсіп еткен жырынды топ ұсталды. Қазір қамауда отырған көрінеді. Міне, атам қазақтың «жылқы ысқырса желдікі, айдаса жаудікі» дейтіні осы. Жау дегеніміз ауырлау болса да мыңдаған шақырым жерден сайланып келіп, Ерейменнің етегіндегі жүген-құрық тимеген ту асау жылқыны сонау Жамбыл облысына дейін шұбырта айдап кету – кәнігі тіс қаққан ұрылардың ғана қолынан келетін шаруа. Мал ұрлығы жайында мұндай мысалдарды көгендеген қозыдай етіп тізе беруге болады. Бір анығы, «алдыртқан албырт келеді» дегендей, мал иесінің өзі де осындай өрескел оқиғалардың орын алуы­­­на жол беретін сыңайлы. Сөзімізді дәлелдеу үшін мысал келтіре кетелік. Қазір ел ішінде не көп, бейсауат жүрген мал көп. Қыс келіп, мал қораға кірді дегенмен, қалың жылқы тебінде. Аяқты мал емес пе, бақпаған соң жолға да шығып кетеді, көлге де түсіп кетеді. Таяуда Әлжан ауылының жүзге жуық жылқысы сорға батып кетті. Баланың еңбегіндей былқылдап жатқан сордың шетінен 50-60 жылқының өлімтігі табылды. Қалғаны ұшты-күйлі жоқ. Сор жұтты ма, жер жұтты ма белгісіз. Бәлкім көктемде мұзы еріп, қары кеткен соң табылар. Шоқ жұлдыздай кішкентай ғана ауылдың күн көріп отырғаны осы мал еді. Қазір 150 келі ет шығар-шықпасы белгісі бір жапырақ тайдың бағасы жарты миллионға жетіп тұрғанда қызыл қарын жас баланың тәп-тәуір ырыздығы емес пе? Естуімізше, елдің үлкендері жылқышыларын есіркеп, малдарын даулай қоймапты. Сонда айтатын уәждері ақпанның ақырған аязында күні-түні мал соңында жүре алмайды ғой десе керек.

Бейсауат мал демекші, өңірде қа­рау­сыз жүрген төрт түлікті қамайтын 204 арнайы орын дайындалған. Өткен жылы осы орындарға 5 596 бас бағусыз жүрген мал қамалыпты. Осы бір олқы­лық­тың зардабы диқандарға да тиіп отыр. Тұяқты мал егін алқап­тарына да түсіп кетеді. Жеп тауыспаса да, тұя­ғы­мен таптап, елдің үмітіндей үл­бі­рей көктеп тұрған көк егіннің үстінде аунап, бірталай жерді бүлдіріп кететіні бар. Әне бір жылы әбден зәре­зап болып, мал иелеріне айта-айта қа­жы­ған ша­руа­шылық басшысының егініне түскен жылқыны мылтықпен атқаны да бар. Бұл жерде егін еккеннің ерсі қылығын дұрыс деуден аулақпыз, жазықсыз малға мылтық кезену жақ­сылық емес, әрине. Әйтсе де, мал иесінің өзі бетіне қарап отырған түлігін дұрыстап бағуы керек емес пе?

Жоғарыда мал ұрыларына қолда­ны­лар жаза қатайғанын еске салдық. Бірақ ақкөңіл ағайынның көңілінің кеңдігінен, үптеп кетер ұрыға да кеші­рім­мен қарайтындығынан алаяқтар аяғын тартып баспай тұр. Сондықтан біз­діңше, өзіңді аямаған ұрыны есір­кеу­дің еш қажеті жоқ-ау, сірә.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ