Эйнштейннің миы қайда?
1955 жылы ғалым Альберт Эйнштейн қайтыс болғаннан кейін оның миы алынып, 240 бөлікке бөлшектеліп, бүкіл әлем ғалымдарына бір-бірден таратылды. Сол Эйнштейннің миы қазір қайда?
Сол жылы 18 сәуірде Альберт Эйнштейн Нью-Джерси штатының Плейнсборо қаласындағы Принстон университетінің медициналық орталығында 76 жасында науқастан қайтыс болды. Оның тілегімен аты аңызға айналған физиктің сүйегі өртеліп, күлі белгісіз жерге шашылды. Тек миы ғана сақталып қалды.
Оның мәйітін қадағалаған Принстон ауруханасының патологі Томас Стольц Харви есімді кісі еді. Ол ғалымның миын бас сүйегінен алып тастап, оны 240 бөлікке бөліп, оның көпшілігін 40 жылдан астам уақыт бойы ыждағатпен сақтап, өзінің жеке меншігіне қалдырады. Қазір сол бөліктердің 170-і Принстон университетінің медициналық орталығына қайтарылды, аталған орында ғалымның ми бөлшектері кім көрінгеннің қолы жете бермейтін жерде құлыптаулы тұр. Филадельфиядағы Мюттер медициналық тарих мұражайында Эйнштейннің ми тінінің тағы 46 жұқа тілімі құнды жәдігер ретінде сақталған. Қалған бөлшектердің қайда екені әлі белгісіз.
Тарихтағы әйгілі ғалым миының бөліктері неге табылмай жатыр? Бұның жауабы Томас Харви және басқалардың Эйнштейннің миында физикалық ерекше құбылыстың бар екені әрі миға дұрыс ғылыми талдау жасау оның данышпандығын тағы бір мәрте дәлелдей алады деген көзқараста болып отыр.
Эйнштейннің миын бөлгеннен кейін Харви олардың кейбірін 200 ультра жұқа тіннің 12 жиынтығына сәйкестіре кесуді қадағалайды, бөліктердің әрқайсысы адам шашы енінің жартысынан аспайды. Сонымен бірге олар аталған ғылыми жұмыс алдында аңызға айналған мидың толық фотосуреттерін әр қырынан түсіреді.
Эйнштейннің отбасының рұқсатынсыз Томас Харви физиктің ми қыртыстары туралы арнаулы слайдтар жасап, оларды мидың жасырын құпияларын аша алады деп үміттенген есім-сойлары әлі белгісіз зерттеушілерге жіберген. Харви осы үлгілердің көпшілігін АҚШ пен Канаданың кей өңірлеріне өзі жеткізіп берген, сонымен бірге Эйнштейн миының қалған бөлігін өз көлігіндегі картон қорапқа салынған құтыда сақтайды. Бұл туралы Science басылымы ашық жазады.
Бір дәуірдің данышпанының миын әрі-бері тасымалдаудан титықтаған Харви қалған бөліктерді үйіндегі бірнеше құтыға ауыстырады. Ол үлгілерді қызығушылық танытқан зерттеушілермен бөлісуді жалғастырса да, Харви Эйнштейннің миының негізгі бөлігін 1998 жылға дейін өз үйінде сақтады. Ол арада аттай желіп 43 жыл өткен соң, Принстон университетінің медициналық орталығына ғалымның ми қалдықтарын қайтарды. Егер ғалымдар медициналық орталыққа аталған миды зерттеу жөнінде қызықты ұсыныс жасаса ғана, Эйнштейннің миын жақыннан көруге рұқсат етіледі.
Харвидің Эйнштейн миының құпиясын ашуға деген талпынысынан нәтиже шықты ма деген сұрақ әлемді кезгелі қашан? Әрине, нәтиже жоқ емес, бар. Харви өзге ғалымдарға жіберген фотосуреттер мен үлгілер туралы бірнеше зерттеу жарыққа шықты, олардың алғашқысы 1985 жылы жарияланды. Бұл зерттеулер қарапайым адамдардың миының бақылау топтарымен салыстырғанда, Эйнштейннің ми құрылымында шамалы айырмашылықтар бар екенін дәлелдеді. Әсіресе Эйнштейннің маңдай бөлігіндегі қосымша ойық, атап айтқанда мидың жұмыс жадымен және жоспарлаумен байланысты бөлігі белгілі бір аймақтардағы нейрондардың ақпаратты жылдам өңдеуге мүмкіндік бере алатынын ұғындырды.
Осыдан кейін Томас Харвиден ұлы физиктің кесілген ми бөліктерін тапсырып алған зерттеушілер алған заттарын кері қайтарды. Дегенмен Харви жіберген слайдтардың бір бөлігі әлі күнге дейін қалпына келтірілмеді. Бұл жағдай «Эйнштейннің ми бөліктері қайда?» деген сұрақты барған сайын қиындата түсті. Ғалым миының негізгі бөлігі данышпан физик қайтыс болған Принстонда қалғанымен, қалған бөліктері тектен-текке жоғалып кетті. Мүмкін оны осы салаға қызығатын ғалымдар көзінің қарашығындай сақтап отырған шығар, ақиқат түбі бір күні ашылары даусыз.