Мектеп қауіпсіздігі – маңызды мәселе

0
344

Петропавл қаласындағы №4 мектепте болған төтенше оқиға қоғамды дүр сілкіндіргені рас. «Күйзеліс» диагнозымен психиатриялық есепте тұрған 15 жастағы оқушы бетперде киіп алып, мектепке балта мен пышақ әкеліп, үш қатарласын жарақаттағаны белгілі. Жағымсыз оқиғадан кейін Үкімет мектептердің кіреберісіндегі бақылауды күшейтіп, бейнекамераны көбейтуді тапсырды.

Оқыс оқиға болуы міндетті ме?

«Мектептегі қауіпсіз­дік мәселесіне бәріміз де алаң­­даймыз. Көріп отыр­ға­ны­­мыздай, мектептің ішін­де де түрлі жағдай болады. Қауіпсіздік мәселесін тағы да қарастырып, барлық оқу орнын тексерген жөн. Бейне­ка­ме­ралар­ды көбейтіп, мектептердің кіреберісін бақылауды күшейту қажет», деді Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында. Оның айтуынша, Оқу-ағар­ту, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктері бірлесіп, балаларға арналған қауіпсіздік сабақтарын өткіз­бек. 2021 жылы Татарстанның Қазан қаласындағы мектепте оқушы тоғыз адамды атып өлтірген­нен кейін де ел Үкіметі осыған ұқ­сас бастама көтер­ген болатын. Жұртшылық­ты «Мектептегі қауіпсіздік шараларын арттыру үшін міндетті түрде оқыс оқиға орын алуы керек пе?» деген сауал мазалайды. Бұл пікірдің жаны бар. Елімізде көп жағдайда жағымсыз оқиғадан кейін ғана сол салада сең қозғалатыны жасырын емес. Әр шаңырақта кем дегенде бір-екі оқушы бар, олар – еліміздің болашағы. Сол себепті, оқушылар өмірінің қауіпсіздігіне жалғыз ата-ана ғана емес, мемлекет те мүдделі болуға тиіс.

 

Бұрымды һәм «бұйырған» күзетші

Астана қаласындағы мектеп­тердің қауіпсіздік деңгейін білмек ниетпен №85 Шейх Тәмим Бен Хамад Әл-Тәни атындағы мектепке бас сұқтық. Жас күзетші қарсы алып, жөн сұрасып, турникеттен өткізді. Жас деп ерекшелеп тұрғанымыз бекер емес. Көп мектепте күзетші міндетін егде тартқан азаматтар ат­қа­ратынын көріп жүрміз. Иә, мек­тептердің кіреберісінде арнайы қарумен қамтылған күзетшілер емес, қарапайым азаматтар отыр. Ал күтпеген жерде төтенше жағдай туын­дап, оқыс оқиға орын алса немесе жоғарыдағыдай қасақана шабуыл жасалса, ондай қауіптің бетін қайтаруға дайын емес. Себе­бі мектепке күзет­ші ретінде жұмысқа алынатын адам­дарға қойы­латын нақты талап жоқ, белгі­лі бір кәсіби сынақтан өт­пейді. «Қауіп төнсе, бұл қайтеді екен?» деген ой ата-аналар былай тұр­сын, мектеп басшылығын да алаң­дата­тын сияқты. Директордың күзет­ші­ні таңдайтын құзыреті жоқ. «Бұйыр­ғанымен» бірігіп жұмыс істеуге мәжбүр.

№85 мектептің директоры Марал Қазиеваның айтуынша, жыл сайын портал арқылы күзет қызметін көрсететін ұйым анықталады екен. Талап бойынша күзетшілердің жасы 21-49 жас аралығында болуға тиіс.

– Кейде күзет мекемесінен егде тартқан азаматтар, кейде әйелдер жіберіледі. Біз жас күзетшіні сұрап алдық. Соның өзінде сенімсіздік бар екенін жасырмаймыз. Күзетші қызметіне әскери дайындықтан өткен, тәжірибесі мол жандар кел­се екен дейсің. Яғни күзет фирма­ла­ры қызметкерлердің сапасын арттырғаны маңызды. Жалақы аз болғандықтан, егде тартқан аза­мат­тардың үлесі басым екені жасырын емес. Біздің мектеп 1200 оқу­шыға арналған. Қазір мұнда үш ауы­сыммен 3300-ден астам шәкірт білім алып жатыр. Оқушы саны көп болған сайын қауіпсіздік мәселесі де алдан шығатыны түсінікті. Айтпа­ғым, бір емес, бірнеше тәжірибелі күзетші жұмылдырылса артық етпейді. Бүгінде күзетшімен қатар, мек­теп қызметкерлері де кестеге сай тәртіпті қадағалап отыр. Мой­ын­­дауымыз керек, қауіпсіздік шара­ла­ры 100 пайыз сақталған деп айтуға болмас, – дейді мектеп директоры.

 

Турникет жүйесін жетілдіру қажет

Мектеп басшылығының айтуын­ша, бұрындары оқушылар турникеттен «Bala pay» арнайы картасы арқылы өтіп жүрген. Бірақ картаның тағдыры ұзаққа созылмапты. Бұл картада жолақы мен асханада тамақтану қызметі де қам­тылғандықтан, оқушылар картаны жоғалтып алған сәттерде ата-аналар картадағы қаражаттың ауаға ұшатынын айтып дабыл қаққан. Кейбір кезде оқушы сабаққа келмесе де досы арқылы картаны турникеттен өткізіп, сабақта отырғандай болады екен. Оқушылар мектепке кіретін және шығатын кезде қалың кезектен турникетке салмақ түскен сәттер де аз болмапты. Қысқасы, осы сияқты факторлар картамен «қош айтысқан». Қазір турникеттен оқушылар еш кедергісіз әрі-бері өтіп жүр. Турникетке дейін кіреберісте ата-аналарға арналған арнайы орын бар. Яғни балаларын мектепке жетектеп әкелген ата-аналар да, бөтен азаматтар да турникеттен өте алмайды. Ата-аналар арнайы рұқсат бойынша ішке ене алады. Бөтен адамның бірден көзге түсетіні белгілі. Ал бір мезетте 1800 оқушы әрі-бері өткенде «бөтен» балалардың да кіріп кетуі мүмкін ғой. Ондай оқиға тіркеліпті де. Мектеп басшылығы бұрын білім алған оқушылардың ішке енгенін айтады. Күзетші барлық баланың түрін жаттап алған күннің өзінде мектепке еш қатысы жоқ балалардың ішке енуі ықтимал. Бұл – адами фактор. Бұл ретте, турникет жүйесін әлі де пысықтау керек сияқты.

 

Бейнебақылау мәселені түпкілікті шеше ала ма?

Мектеп директоры Марал Қа­зиеваның мәліметінше, бүгінде төрт қабатты мектептің ішінде 96 бейнекамера, ал ғимараттың сыртында 24 құрылғы жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, жергілікті полиция департаментінің жедел әрекет ету орталығына қосылған 24 бейнекамера бар. Тәртіп сақшылары өз ғимараттарында отырып-ақ мек­тептегі жағдайды бақылап отырады. Ал ішкі бейнебақылау жүйесін қадағалау күзетшінің құзыретінде.

Бірақ камера қауіпсіздікті сақ­тай ала ма? Мәселе – осында. Иә, бейнебақылаудың да белгілі бір деңгейде көмегі бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Десе де көбіне оқиға орын алғаннан кейін ғана «қылмысты кім жасады?» деген сауал­­ға жауап табуға септігін тигізе­тіні анық. Сондықтан да негізгі жауап­кершілік күзетшілердің мойнында екенін естен шығармаған жөн. Қару асынып тұрған күзетші баланың психикасына кері әсерін тигізетіні рас. Қысқасы, мектеп қауіп­сіздігін арттыру мақсатында арба­ны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін тетіктерді ойлап тапқан абзал.

Бұл мектепте де дабыл беру құ­рыл­ғысы бар. Ол ғимараттың ішін­де қандай да бір оқыс оқиға орын алғаны біліне қалса, бірден төтенше жағдай жариялап, балаларды сыртқа шығуға шақыратын дыбыс беріледі. Дабыл құрылғысының тағы бір түймесін бассаңыз, құзы­ретті органдарға хабар береді. Мектеп маңында қандай да бір оқыс оқиға орын алған жағдайда күзетші телефон нөмірін теріп отырмай, полицияға жедел құлақтандыратын мүмкіндік қондырғы бұл. Өрт бол­ған жағдайда қосалқы 10 есік бар екен. Дабыл жүйесі қосылса, автоматты түрде есіктер ашылады. Пластикалық терезелердің барлығы арнайы кілтпен ашылып, жабылады. Осылайша, мектеп басшылығы «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деген ниетпен қауіпсіздік шараларын жіпке тізді. Жоғарыда жазғанымыздай, күзет қызметіне қатысты да ұсыныстарын да айтып қалды. Бұл – еліміздегі барлық мектепке ортақ проблема сияқты. Құзырлы органдар бұл мәселеге назар аударады деген сенім мол.

Тағы бір маңызды мәселе – мектептегі психолог­тердің жұмысын күшейту. Қала берді, қару-жарақты алып жүру мен сақтау, оған рұқсат беруді қатаң қадағалау қажет. Қазір түнгі уақытта көңіл көтеретін орындарда жастардың алаңсыз қару ұстап жүретін фактілері жиі кездеседі. Олардың тапа тал түсте мектепке баса көктеп кірмейтініне кім кепіл?!

Қоғамда мектеп қауіпсіздігіне байланысты түрлі пікір бар. Кей­бі­реуі оқушылардың санына қарамас­тан білім беру мекемелерінің анти­тер­рористік қорғану талапта­рын қайта қарастыру қажет екенін айтады. Сондай-ақ мектеп пен балабақ­шаны да күзететін күзетші­лердің сол ғимараттың немесе мүліктің, оның территориясын ғана емес, сон­дағы адамдардың да қауіпсіздігін қорғау міндетін нақты жүктеу мәсе­лесі де көптің көкейінде. Тағы бір маңызды мәселе – мектептегі психологтердің жұмысын күшейту. Қала берді, қару-жарақты алып жүру мен сақтау, оған рұқсат беруді қатаң қадағалау қажет. Қазір түнгі уақытта көңіл көтеретін орындарда жастардың алаңсыз қару ұстап жүретін фактілері жиі кездеседі. Олардың тапа тал түсте мектепке баса көктеп кірмейтініне кім кепіл?! Қысқасы, балалардың қауіпсіздігі мен қорғанысы дегеніміз тек бақы­лау камерасы, өткізу режімі, дабыл түймелері ғана емес, төтен­ше жағдай кезіндегі мектеп қызмет­керлері мен оқушылардың өзін-өзі ұстауы, қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруы да өте маңызды. Балалар – біз үшін ең қымбат және олардың қауіпсіз болуына бар жағдайдың жасалуы маңызды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ