Деменция қандай дерт?

0
141

Тоқсан дейтін жастан асса да, ақыл-есінен адаспай, алжымай отыратын сүйегі асыл кісілер бар. Керісінше, бүгінде өрімдей жас адамдардың қазір айтқанын қазір ұмытып, қой­ған затын таба алмай абдырап жүретінін жиі көретін болдық. Ұмытшақтық, ой жинақтай алмау жастарға да тән болып барады. Келмей қоймайтын қарттыққа қарсы айла жоқ болса да, кей адамдардың жасына жетпей алжуы арнайы зерттеліп келеді.

Мәселен, өткен жылы амери­калық кардиологтер жастарды деменцияға душар ететін дерттерді атаған еді. «Newsroom.heart.org» басылымы адамды алжытатын кеселдер мен әдеттердің басында гипертония тұрғанын жазды. Қысқасы, шетелдік мамандар 30 жыл бұрын 20-40 жас аралығындағы әртүрлі ұлт пен жыныстағы 142 адамның денсаулығын үздіксіз зерттеп, МРТ арқылы бақылап отырған. Бірінші МРТ 30 жастарында жасалса, екіншісі шамамен 55 жаста түсірілген. Осы аралықта кейбірінің миында айтарлықтай өзгерістер жүрген, әсіресе жас адамдардағы патологияның пайда болуына бірінші кезекте қан қысымы, артық салмақ пен темекі әсер еткен. Бірақ кардиологтер ақыл-естің кемуі­не алдымен гипертония, яғни жастар­дағы қанбасымдық себепші деген тұжырымға тоқтады.

Қысқасы, деменция деген дерт ешбір елді айналып өтіп жатқан жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, бүкіл әлемде деменцияға душар болған 55 миллион адам бар. ДДҰ сарапшылары 2030 жылға қарай бұл сан 82 миллионға, ал 2050 жылға қарай 152 миллионға ұлғайып, әлі талай адам осы кеселдің азабын тартады деп дабыл қағып жатыр. Қазіргі уақытта ақыл-есінен айы­рылып, алжыған науқастардың шамамен 60 пайызы халқына күтім жасайтын нақты стратегиясы жоқ, табысы төмен елдерде тұрады.

Осы арада тағы бір іргелі зерт­теуді алға тарта кетуге болады. Огайо штатының университеті де осы мәселені кешенді түрде қа­рас­тыра келе, адамның жасына қа­рамай алжуға бастайтын себеп­тердің алдыңғы қатарына шы­лымқорлықты шығарды. Теме­кіні тастамай шегіп келе жатқан орта жастағылардың есте сақтау қабілеті өз замандастарынан әлдеқайда төмен болатынын дәлелдеп берді.

«Дәл қазіргі таңда деменцияны толық емдейтін немесе оның дамуын тежейтін қандай да бір терапия жоқ. Дегенмен оның пайда болуына, асқынуына жол бермеуге болады. Осы кеселге душар ететін қауіпті факторларды анықтау аса маңызды. Сондықтан темекіні барынша ерте тастау керек», дейді С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры, нарколог-дәрігер Сағат Алтынбеков.

Деменцияға душар болған адам өз өмірін ғана емес, туысқан­дарының да тұрмысын, әлеуметтік жағдайын қиындатып жібереді. Өйткені науқас өз бетінше әрекет етуден қалады, біреудің көмегінсіз ас-су ішпейді, далаға шықпайды. Далаға шықса, үйіне қайтып оралмайды.

Бұл кеселдің отбасындағылар үшін ғана емес, мемлекет үшін үлкен экономикалық шығыны орасан. Ең сорақысы, деменция жасарып келеді. Кәрілік жеткенде келетін адамның ойлау, есте сақтау қабілеті құлдырап, сөзді түсінуден қалып, өз әрекет-қимылын, мінез-құлқын басқаруға қауқарсыздығы кейінгі кездері елу жастағы күш-қайраты сарқылмаған, еңбек етуге жарамды тұрғындарға көшкені ойлантады.

Ал біздің мамандар мұның себебін алкогольдік ішімдіктерге шамадан тыс әуес болудан, есірткіге тәуелділік, қант диабеті, ми ісіктерінің қатерлі ісігінен іздейді. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының аға дәрігері, психиатр Наталья Логачева: «Деменция түрлі аурулардың, жарақаттың, мидағы тіндердің семіп қалуы салдарынан ми қызметі бүлінген кезде пайда болады. Жылда осы ауруға душар болған 7,7 миллионнан аса тұрғын анықталады. Өкінішке қарай, бұл дерттің емі жоқ. Тек ми қызметінің бұзылуы себебін ертерек анықтаған жағдайда науқастың денсаулығын дәрілердің көмегімен жақсартуға мүмкіндік бар», дейді.

Латын тілінен аударғанда да деменция дегеніңіз есінен адасу, алжу дегенді білдіреді. Кәрілік жеткенде, тұқым қуалау, ми тамырларының атеросклерозы, орталық жүйке жүйесінің қатерлі ісігі, гипертония, маскүнемдік, есірткі заттарына тәуелділік, түрлі инфекциялық аурулар ми қызметін әлсіретіп, адамды ақылдан, естен айырады. Бұл ауру қауіпті болғанымен алғашқы белгілері бірден байқалмайды. Біреулердің нәрсені ұмыттым деген сөзін жиі естиміз. Өкінішке қарай, бастапқыда жақындарымыздың мінез-құлқындағы бұл өзгерістерді көбіміз ерен қылмаймыз. Дегенмен ұмытшақтық өршуі, күйзеліс, бір әңгімені қайталап айту, бағыт-бағдарды жоғалту, көңіл күйдің құбылуы, қоқыс жинауға әуестену, көзге оғаш, ерсі қылықтарды қай­талау, ойын жеткізе алмау сияқты белгілер байқалғанда дабыл қағып, дертке шипа іздей бастау керек. Емдеуге асықпасаңыз, науқастың ми қызметінің жұмысын сақтап қалу қиынға соғатынын айтады мамандар. Қазіргі таңда деменция асқынуының алдын алатын дәрі-дәрмектер жеткілікті. Сондықтан Республикалық психикалық ден­сау­лық ғылыми-тәжірибелік орта­лығының аға дәрігері, психиатр Наталья Логачева ақыл-кеңесімен бөлісті.

«Егер аурудың белгілері байқал­са, онда невролог пен психиатрдың қызметіне жүгініңіз. Деменцияның неден пайда болғанын білу өте маңызды. Нейропсихологиялық зерттеу жүргізіп, компьютерлік томографияның көмегімен немесе электроэнцефалограмма арқылы миға толық зерттеулер жүргізіп, соның нәтижесінде ке­­сел анықталады. Дәрі-дәрмек тағайын­далады. Алжыған науқас меди­циналық көмекпен бірге өз бетінше әрекет ету мүмкіндіктері шектеліп, жеке күтімге мұқтаж болады. Сондықтан адамның ақыл-есінің кемуі, ойлау қабілеті тежелген кезде туысқандарына құқықтық және әлеуметтік көмекке қатысты кеңестер алу қажет. Ол тәулік бойы ерекше күтімге мұқтаж болады. Тіпті сіз оның кімі боласыз, не үшін келдіңіз, тамақ беретін кезде ескертіп, әр әрекетіңізді есіне салып отырасыз. Мұндай адамдар адасып кетуі немесе үйін таппай басы ауған жаққа кетіп, жоғалып кетуі де мүмкін. Сондықтан көршілеріңізге де науқастың алжығанын ескерткен артық болмайды. Қазіргі таңда иесінің қайда жүргенінен белгі беретін білезіктерді тағып қоюға кеңес беремін», дейді психиатр.

Оның айтуынша, осыдан 40 жылдай бұрын психиатрия оқу­лықтарында деменцияны емдеудің әдістері жазылмаған. Себебі бұл ауру емделмейтін дерт болып саналды. Қазіргі уақытта Қазақстанда деменцияға шалдыққан науқастарға амбулаториялық деңгейде де, стационарлық деңгей­де де (көрсе­тілімдер болған жағдайда) тексеру жүргізіледі және емдеу хаттамаларына сәйкес ем-дом жүзеге асырылады. Өкінішке қарай, нау­қасты бұрынғы қалпына келеді, толық айығып кетеді деп үміттену неғайбіл. Бірақ медицинаның бір жетістігі – аурудың дамуын бәсеңдетуге көмектесетін дәрі-дәрмектер бар.

«Барлық кеселдің алдын алу­­дың ең тиімді жолы саламат­ты өмір салтын ұстану керек. Де­не­нің метаболикалық процес­терін жақсартуға, ми жасушаларын оттегімен қанықтыруға көмек­тесе­тін жаяу жүру, скандинавиялық таяқшалармен жүру, велосипед тебу, жаяу серуендеу, жүзу, қыста шаңғы тебу сияқты спорт түрлерін тастамау қажет. Елмен араласу, тақырып талқылау да ми жұмысын жақсартады. Ойсыз, қамсыз тір­шілік етіп, мидың ұйықтап қал­мауына жол бермеңіз. Кітап оқу, өлең жаттау, мәтіннің шағын үзінділерін қайталау, шет тілін үйрену, музыкалық аспаптарда ойнау, ұсақ моториканы дамытып отырған да пайдалы. Қорыта келгенде, деменцияның алдын алу үшін оның дамуының қауіп факторларын білу қажет. Сізде қандай да бір шара қолдануға болатын 16 жылдан 25 жылға дейін созылатын симп­томсыз кезең бар. Бірінші – бұл адамның жасы. Жас ұлғайған сайын қауіп-қатер соғұрлым жоға­ры бо­лады. Қарттыққа қарсы айла жоқ, десек те, егер сіздің ата-әже­­леріңіз жадынан ерте айырылып, өз-өзіне қарай алмаса, онда деменция, альцгеймер сияқты ауру­­лар­ды болдырмаудың қамын жаса­ған жөн. Невропатолог ретінде мен тағы бір факторға назар аудартқым келеді. Бұл – инсульт. Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан аса адам инсульт алады. Ажалдан аман қал­ған күннің өзінде зақымдану ошағының көлемі аз пациенттердің көпшілігінде инсульттан кейінгі когнитивті бұзылулар дамиды. Деменция жағдайындағы ем-дом, яғни жадтың, ой жинақтау мен атқарушы функциялардың нашарлауы инсульттан кейін физикалық сауықтыруды қажет ететін пациенттер үшін оңалту бағдарламасының өзектілігін жоғалтады», дейді «Невропатологтер қауымдастығы» ҚБ төрағасы Еркін Нұрғожаев.

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының мәліметінше, қазір елімізде ресми түрде 9 мыңнан аса адам осы кеселден зардап шегіп отыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ