Пияз бағасы неге шарықтады?

0
351

Қазақстанның азық-түлік нарығы бір тұрақтала алмай қойды. Арагідік қандай да бір өнім түрі тапшылыққа ұрынып, тұтынушыларды дүрліктіріп қоятыны бар. Биылғы кезек пиязда сияқты. Осыдан айға жуық уақыт бұрын мемлекет пияз экспортына 3 ай мерзімге шектеу қойған болатын. Бұған себеп – Пәкістандағы табиғи апат (су тасқыны). Аталған ел әлемдегі аса ірі пияз өндіруші болып саналады. Енді олар апат салдарынан пиязды жеткілікті деңгейді өндіріп, тасымалдай алмаған соң, импорттаушы нарықтар Қазақстаннан сатып алуды көздейді.

Бұл ретте біз үшін ең бірінші ішкі нарықты қамтамасыз ету маңызды. Осы мақсатта пияз­дың Қазақстаннан жаппай шы­ға­­рылуын болдырмау және оның ба­ғасын тұрақтандыру үшін экс­портқа шектеу енгізген еді. Соның өзінде пияз бағасы тұрақ­та­ла қойған жоқ. Тұрақтау былай тұрсын, баға шарықтап кетті.

Айтпақшы, пияз экспортын шектеуге тек Пәкістан факторы емес, сонымен қатар Өзбекстанда да бұл өнімнің тым қатты аязда үсіп кетуі себеп болды. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2022 жылы елде 1,1 млн тонна пияз өндірілді. Ел тұрғындары болса әдетте аталған көлемнен 3 есе аз, яғни орташа есеппен 315 мың тонна пияз тұтынады.

Әкімдіктердің дерегі бойынша, қазір елімізде пияздың рас­тал­ған қоры – 152,4 мың тонна. Бұл өткен жылғы егіннің жалпы кө­ле­мінің 14 пайызы ғана.

Экспортқа шектеу енгізілген соң, онсыз да мол пиязға сұраныс аз болуы керек еді. Логика бо­йынша. Себебі нарықта өнім көп болған жағдайда ұсыныс көбейіп, бұл өз кезегінде жұмсақ баға сая­сатын қалыптастырады. Бірақ бізде бұлай болған жоқ. Қаңтарда пияз бағасы 22,5 пайызға бір-ақ өскен. Қазір 1 килоның орташа бағасы 151 теңге маңайында. Әсіресе, Жезқазғанда – 39,4 па­йызға (1 килосы – 216 теңге), Қы­зыл­ордада – 32,3 пайызға (136 теңге), Таразда – 29,9 пайызға (126 теңге), Астанада – 26,1 пайызға (193 теңге), Ақтауда 30,4 пайызға (180 теңге) қымбаттаған.

Қымбатшылық тұрғысынан пияз нарықтағы «аса маңызды тауар» саналатын қанттан да асып түскен. Баға өткен аптада 14,3 пайызға өсіпті. Жалпы, жыл басынан бері өнімнің осы түрі 40 пайызға, ал соңғы 12 айда 87 пайызға өсіп кеткен. Осылайша, пияз бір жылда 58 пайызға қым­баттаған қант рекортын
да жа­ңартып өтті.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, сауда дүкендеріндегі пияз бағасының келісіне 300-400 тең­ге­ге дейін шарықтап кетуі – уа­қыт­ша құбылыс.

«Біз соңғы ай көлемінде на­рық­та пиязға қатысты болып жат­қан жағдайларды білеміз. Бірақ Пәкістанда қатты су тас­қыны, аяз болды. Көршілес Өзбек­станда да пиязға деген сұра­ныс артып, оны бізден тасуға көш­ті. Сол себепті, біз пияз экспор­ты­на шектеу қойдық. Енді оның бағасы тұ­рақтала бастайды. Өндіру­ші­лер­дегі көтерме баға 150-230 теңге аралығында құбылады. Мұндай кішігірім өзгерістер ло­гис­тикалық мәселелермен бай­ланыс­ты. Жақын арада олар рет­те­­леді. Ел ішінде пияз бар», дейді министр.

Енді ғана өңір-өңірге тұрақ­тан­дыру қорларынан пияз жіберіле бастады. 10 ақпан күні Үкімет аппаратының өкілі Мұратбек Әмірбеков Сауда комитеті төра­ға­сының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабековпен, сондай-ақ Жамбыл облысы (еліміздегі ең ірі пияз өндіруші аймақ – ред.) әкімдігінің өкілдерімен бірге Жамбыл облысының шаруа қожа­лықтарының қоймаларында сақталған пияздың бар-жоғын және жай-күйін тексерді.

Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіп­керлік және индус­триал­ды-инновациялық даму бас­қар­ма­сының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, облыста күзде пияз сатып алынған болса, бүгінде бұл көкөніс 40-қа жуық сауда орындарына 115 теңге/кг, ал дүкендерге 128 теңге/кг бағамен сатылған.

«Жамбыл облысындағы кө­кө­ніс қоймаларына барып, біз пияз­дың ішкі нарықтың ағымдағы қа­жеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті мөлшерде бар еке­ніне көз жеткіздік. Өздеріңіз білетіндей, осы аптада Премьер-министр тұрақтандыру қорынан қорларды броньсыздандыруды және тауарлық интервенцияларды бастауды тапсырды, сондықтан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар пияз қорларын сатуы, сол арқылы бүкіл ел бойынша сауда объектілерін пияздың қажетті мөлшерімен қамтамасыз етуге тиіс», деді Айдар Әбілдабеков.

Бұған дейін Үкімет басшы­сы­ның орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин ішкі тұтыну үшін пияз көлемі сәуірге дейін жет­кілікті деп мәлімдеген еді. Сәуірден бастап пияз өзге елдерден импортталмақ. Айтуынша, бұл орайда Қазақстан ерте көк­тем­нің пиязын тасымалдау бо­йынша Тәжікстан, Пәкістан, Өзбек­станмен келіссөз жүргізіп жатыр.

Министрдің сөзінше, экспорт­қа шектеу қойылғанына қара­мас­тан пияз елімізден заңсыз жолмен шығарылып жатыр.

«Біз пияздың қандай жолмен шығарылып жатқанын біле алар емеспіз. Көлеңкелі тәсіл­мен тасымалданып жатыр деген күдігіміз бар. Мен Шекара қыз­метінің басшылығымен, Мем­ле­кеттік кірістер комитетінің же­тек­шісімен сөйлестім, қазір біз жағдайды бақылауға алдық», деді Жұманғарин.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз