Жаны жайсаңдар әдемі қартаяды
Қарттарымыз неге майдаланып, жалтақ болып кетті? Неге кейбір қариялардың тіпті отбасында қадірі жоқ? Ұлы мен қызы, немерелері үлкеніне құлақ аса ма? Ақсақалын тыңдайтын ауылдағы ағайын неге азайып барады?
Таяуда әлеуметтік желіде жарияланған қасіретке толы бір бейнежазбаны көріп, жүрегім сыздады. Балқаш қаласында бір такси жүргізушісі пәтерін қимай тастап, Қарағандыдағы қарттар үйіне кетіп бара жатқан 83 жастағы қазақ қариясының тағдырын әлеуметтік желіге жүктепті. Қарттық әбден шаршатып, бойынан күш-қуат кеткен, аяғын қалт-құлт етіп әрең басқан ақсақалды еріксіз аяйсың, жаның ашиды.
Қарттың сөзіне сенсек, оның жоғары білімді, әрқайсысы өз алдына отау құрған үш ұлы мен бір қызы бар екен. Кемпірі осыдан біраз жыл бұрын сырқаттан көз жұмған. Бүгіндері ұлдарының бәрі лауазымды қызметте: бірі Қарағанды қаласындағы полиция басқармасында аға тергеуші, екіншісі – сонда аудандық прокурор, үшіншісі – Алматы облысында тергеуші. Бірақ үш ұлдан да еш қайыр жоқ. Қарт әкесіне көңіл бөлуге, қал-жағдайын білуге уақыттары жоқ. Барлығы тасжүрек, мейірімсіз жандарға айналған. Мына мың құбылған беймаза өмірдің тауқыметінен әбден қалжыраған жалғызбасты қарт керек құжаттарын жергілікті әлеуметтік орындарға тапсырып, қалған өмірін қарттар үйінде өткізуді жөн санапты. Құжаттары реттеліп, шақыру алғаннан кейін Қарағандыдағы қарттар үйіне жолға шыққан беті екен. Қарияның жүзінде өз ұясына деген қимастық сезім мөлт-мөлт етіп тұр. Дауысы еріксіз діріл қағады. Такси жүргізушісі аяқ-қолы қалтыраған қарттың бірнеше ала қап-теңдері мен дорбаларын, жалғыз орындығын көлігіне тиеп жатып: «Біз де ертең қартаярмыз. Бізді қандай қарттық күтіп тұр екен?» деп көпшілікке зілді сұрақ тастайды.
Қазақтың «Қартайсаң, әдемі қартай» деген киелі тілегі, астарлы сөзі бар. Бірақ өмір-өзен өз дегеніне көндіреді. Бұрынғы бойыңдағы арқыраған күш кемиді, сыйласатындар сирей бастайды, ойын-қалжың айтар достарың мен құрдастарың да азаяды. «Көп жасаған – құрдасынан, жұғымы жоқ жолдасынан айырылады» демей ме қазақ даналығы?! Тіпті кейде ой-пікір бөлісетін серік таппай қалатының жанға бата бастайды. Есейген бала-шағаң таңнан кешке дейін қызметте, күнделікті күйбең тірлігінің ұсақ-түйек мәселесін шешуден қолы бір сәт босамайды. Немерелеріңде күнде оқу-сабақ, спорт секциясы, мәдениет және басқа іс-шаралар деп шапқылап жүріп, бірер сағат қолындағы смартфон мен интернетті шарлап, сенімен сөйлесуге де уақыты жетпей жатады. Бұл – бүгінгі күннің дәлелдеуді қажет етпейтін шырылдаған шындығы.
Халқымызда «Үлкеннен – құрмет, кішіден – ізет» деген сөз бар. Өкінішке қарай, қазір діннің әлдебір түсініксіз, бұлыңғыр жолына түсіп, қауғадай қара сақалдарын өсіріп, бет-әлпетін уақытынан бұрын қартайтып жүрген жастар қала мен далада көбейіп барады. Олардың ата-ана, бауыр, отбасынан безіп, өз бетімен кетіп бара жатқаны арқаға аяздай батады. Сол жастарға бір мезгіл басу айтатын, мұсылманға жат теріс қылықтарының жақсылыққа апармайтынын, тіпті діни фанатизмге ұрындырып, кейде базбіреулерін діни экстремизмге, жиһад терроризмге жол ашатынын түсіндіретін ауыл қарттарының осындай маңызды шарадан теріс айналатындарына таң боласың. Несін жасырамыз, қаптаған діни ағымдардың теріс жолына түсіп, жас жандарын сол үшін қиып, әке-шешелерін зар жылатып, өз басын құрбандыққа шалып, фәни өмірден мезгілсіз кетіп жатқандар туралы мәліметтерді көріп, жүрегің мұздайды. Олардың отбасында, өскен ортасында адами қасиеттер жайлы мезгіл-мезгіл әңгіме қозғалып, жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан жастарға дұрыс тәрбие, оң бағыт, саналы ақыл айтылып отырса, артық болмас еді-ау деп ойлайсың. Әсіресе ауыл қарттары, көргендері мол, кеуделері сыр сандық ел ағалары, әже-апалар жастарға, олардың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгендері жөн.
Рас, көп ауыл-аймақта ақсақалдар кеңесі құрылған. Бірақ дәл қазір олар мардымды, тиімді қызмет атқарып отыр деу – қателік. Көп жерде мұндай кеңестер тек бір салтанатты жиындарда, сый-сияпат жасарда, той-басқосуларда ғана бой көрсетеді. Бұрынғы қариялардай ел ортасында пайымды ой айтып, тың ақыл-пікір қосып жүргендері шамалы. Басым көпшілігі жергілікті бастықтар алдында құрдай жорғалап, орынсыз жалпақтап, мадақтап, әйтеуір бір көзге көрініп, ұпай жинап, өз бас пайдасын шешуді мүдделеріне айналдырып алған. Көпшіліктің ісіне күйініп, толғанып, ортақ шаруаларды шешуге еш ынталары, ыждаһаты жоқ. Барлығын басқаның мойнына артып, алдағы күннің еншісіне қалдырғысы келіп тұратын «пысықайлар» қазіргі қоғамда жеткілікті. Әйтеуір, «сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?» деп біреуге иек артып, жауапкершіліктен бойын аулақ ұстап, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретіндер көбейді.
Қарияларымыздың осы мінезі сонау ертеректе өмірден өтіп кеткен дария қарияларды еріксіз еске түсіреді. Есімде олар «О, Жаратқан ием! Барлығын алсаң да абыройымды алма!» деп жиі тәубелік жасап отыратын. Не айтса да байыппен сөз қозғап, салиқалы таза ойын жеткізетін, елдің басын қосуға, біріктіруге ниет қылып, ел мүддесін қорғайтын парасатты сол ақсақалдарды кейде шын аңсайсың, тіпті сағынасың…
Әр заманның өз уақытына сай тұлғалары болады. Ұлы даламыздан мекен еткен халқымыздың арасынан талай дүлділ абыздар, көпті өзіне қаратқан шешендер, әділдік ұранын биік ұстаған билер, ақыл-парасаты мол көсемдер шыққан. Олар өздерінің ақыл-парасатымен елді айрандай ұйытып, шаңырағының биік, керегеміздің берік болғанына зор үлес қосқаны белгілі. Сөйтіп, олар халық арасында сый-құрметке бөленіп, есімдері алтын әріппен мәңгілікке жазылып, ел-жұрттың алдында тарихтың жібек жібін жалғастырып, аттары аңызға айналды.
«Қартайдым деп қайғырма, жас бала бар артында. Жалғызбын деп қайғырма, жақсылар бар артында», деп ата бабамыз қарттықты кейінгі саналы ұрпақпен, кеуделерінде нұры бар ел азаматтармен жалғасатынын айтқан. Әдемі қартаюдың өнегесі болып өткен өңіріміздің белгілі азаматтары да аз болмаған. Мысалы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Хасан Бектұрғанов, билік биігінде болған Сейілхан Аққозиев, ширек ғасыр Мойынқұм ауданын іскерлікпен басқарған Айтбай Назарбеков, Талас ауданында ұзақ жыл беріле ерен еңбек етіп, ел алғысына бөленген басшы Ералы Дадабаев, мәдениет және партия-кеңес саласында тындырымды қызмет еткен, қоғам қайраткері Жандар Кәрібаев, облыстық әсери комиссариатты басқарған Айтжан Қалтаев секілді ақсақалдар.
– Қартайған адамдардың бәрі бірдей сүйкімсіз болмайды. Қартайған адамды айналасына сүйкімді көрсететін жалғыз қасиет – даналығы. Ұзақ жасап, өмірден көрген-түйгені көп қария дана болса, айналасына қадірлі болмақ. Ал керісінше, өмірді көп көрсе де, көкірегіне ештеңе түймей күн кешкен пенделер қартайған сайын ақылы таяздана бермек. Мұндай жандар айналасына да сүйкімсіз көрінеді. Қартаю да, ажал да – өмір заңдылығы. Сондықтан әрбір күніңізді мағыналы өткізіп, өмірдің жақсысы мен жаманын таразылап, имандылықты серік еткеніңіз абзал. Жаны сұлу адамдар сұлу қартаяды. Сондықтан, қартаймаудың негізгі емі – саламатты өмір сүру салтын ұстану мен өн бойындағы мәдениеттілік, дұрыс тәлім-тәрбие деңгейі төмендемеуінде, – деп отырушы еді жарықтық Ордабек Бейсенұлы көкем өткен күндеріне, жылжып өткен жылдарына көз тастап.
Демалыс күндері қолым қалт еткен сәттерде қала орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябаққа барып серуен құратын ескі әдетім бар. Ол жерде мен сияқты таза ауамен тыныстап, дене шынықтырумен айналысып жүрген жүзі таныс асыл қарттармен кездесем, серуендей жүріп әңгімелерін тыңдаймын. Солардың арасында көп жыл басшы қызметте болған, абыроймен ел басқарған, қаламды жанына серік еткен зейнеткер қариялар да бар. Айтқандарын ой таразысына салып, көңілге түйемін. Жақсы әңгімелерін естіп жүрегің жылиды, көңілің көтеріліп, тың пікір туындайды. Қариялардың салиқалы ойларын, өмір тәжірибелері туралы естеліктерін тыңдай жүріп «Қарттық – кәрілік емес, даналықтың, абыздықтың көрінісі» деп көнекөз аталарымыздың бекер айтпағанына көз жеткізесің. Әдемі қартаюдың бір дұрыс жолы – таза ауада серуендеу, бір мезгіл замандастарыңмен әңгіме-дүкен құрып, ой бөлісу, пікір алмасу ма деп ойлайсың. Олардың біразы әлі де қоғамның қарбалас тіршілігіне белсенді араласып, мезгіл-мезгіл жастармен кездесулерге қатысып, өмірлік парасатты ақыл-кеңестерін беріп келеді. Ойлы қарттардың бұл игілікті істері көпке өнеге. Шынында да, әдемі қартаю да бір бақыт емес пе?!
Ел алдында мағыналы, салмақты сөз, парасатты ақыл айтып, пікір қосатын, көпшілікке салиқалы ой тастайтын, елдің басын қосып, ауызбіршілік пен татулыққа ұйытқы болатын, әрдайым ел назарында жүретін сергек сезімді қазына қарттарымыз, кемеңгер ардагерлеріміз азаймасын. Қарияларымыз қасиетті, ұрпағымыз иманды болсын, ағайын!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының
докторы, профессор