Тәуелсіздік – елімнің еркіндігі

0
266

Тәуелсіздік жылдары елімізде толымды тірліктер жасалып, көптеген түйінді мәселелер шешіліп, үздік нәтижелерге қол жеткізе білдік. Өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында мемлекет басшысның қолдауымен түрлі салаларда серпін бар екенін де айта өткенде жөн. Тәуелсіздік – ұлтымыздың маңдайына бұйырған бақ, біздің ең басты құндылығымыз. Қазақ халқының рухани құндылықтары жоғары. Ел тарихының дамуы да едәуір алға басып келеді.

Тәуелсіз Қазақ елі – бүкіл әлем мойындаған, бірлігі бекем, тірлігі түзу, бағыт-бағдары айқын мемлекетке айналды. Еліміз рухы асқақ қазақ елі, ынтымағы мен бірлігі жарасып, болашаққа нық қадам басты. Тағдыр тоғыстырған сан ұлт пен ұлыстың өкілі бір шаңырақтың астында еңбек етіп, өнегелі өмір жолын жалғады. Келелі, кемел істер атқарудың арқасында экономика қарқынды өсіп-өркендеп, халқымыз берекелі, бейбіт ғұмыр кешуде.

-Бүгінгі жастардың қазақ тіліне деген қызығушылығы өткен жылдармен салыстырған әлде қайда жоғары. Жастарға сенетін уақыт келді. Жыл сайын Алаш қайраткерлері, өзге де зиялы қауымның ерліктерін айтып, дәріптейтіндердің қарасы көбейіп келеді және осы бағытта зерттеу жүргізіп жүрген бірнеше жастарды байқап жүрмін. Соған қарағанда, ерлік пен елі үшін төгілген тер мен қанның бағасы жоғары әрі ешқашан ұмытылмаса керек, – дейді Нұрмұхаммед Ғалымжанұлы.

Тәуелсіздік жайлы жырларын, ұрандарын, пікірлерін тайға таңба басқандай келер ұрпаққа қалдырып кеткен абыздарымыздың пікірлеріне назар аударып көргенді жөн санадық. Тарих ғылымының докторы, академик Манаш Қозыбаев; Ұлтқа, Отанға «жанартаудай атылып» қызмет ету – патриотизм. Тәуелсіздікпен мақтану аз, оны жақтау жеткіліксіз, оны көздің қарашығындай сақтау парыз. Ел мүддесін, халық мүддесін қорғап, оны ақтау қарыз. Жадағай қазақ, жаңа қазақ, қазақ ұлты, Қазақстан халқы бірігіп ол мүддеге негіз, тірек болуымыз керек. Егер демократиялық, құқықтық, зиялы қауым құрғымыз келсе, мемлекет халықтың қалың тобының мүддесіне негізделген әлеуметтік саясат жүргізуі керек. Біздің идеологияның басты, ең соңғы сөзі – тәуелсіздік, оны баянды ету. Мемлекеттегі идея да осы. Сан тарапқа тараған партиялар мен қоғамдардың ұрандары мен бағдарламалары қалаған, ұлт пен ұлыс өкілдерінің кәделеріне жараған негізгі ұлттық мүдде – тәуелсіздік болуын ұмытпағанымыз абзал, – деген болатын.

Тәуелсіз Қазақстан өткеннен сабақ ала отырып, осы және басқа да шын тарихтан сыр шертер жолдардың қадіріне жете білу керек. Қара күндер мен түндерде үміт отын жаққан, ел жүрегіне сенім ұялатқан, ұлт һәм өркениет жолында мерт болған Алаш арыстарын исі қазақ, жалпы адамзат ұмытпақ емес. Сұлтанмахмұттың мына өлең жолдары ерен елордада, жаңа өркениеттің табалдырығында жаңаша байыпталып, естіліп жатыр: Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын, Ұранға Алаш деген атты аламын. Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын?! Бұл Алаш ұранды қазақ бір халыққа біріккен ағайын-тамырды ұйыстырып, кемді толтыруға, азды көбейтуге жұмылған мына заманда «көп қараса, жоқ табылатынына» имандай сенеді.

Тобықтай сөздің түйіні: Иә, Тәуелсіздік жайлы қалам тербеткенде көмейде жатқан сөздер көмкеріліп қалатындай сезіледі. Себебі, Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Осы Тәуелсіздік, еркіндік үшін Алаш арыстарымыз жанын пида етті. Бірі атылды, ал бірі тұтылды. Бәрі өзі үшін емес, болашақ ұрпақтар үшін жасап кеткен асыл жол еді. Осындай намысты, қайратты, байсалды, білімді ұрпақтан тараған біздің осалдық танытуға құқымыз жоқ. Егеменді еліміздің көк байрағын көк аспанның астында желбірету жастардың қолында. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Дархан Байтілес

ПІКІР ҚАЛДЫРУ