Қарқынды даму жолындағы Қазақстан

0
264

Адам өткенін жақсы білмесе, болашаққа нық қадам баса алмайды. Тәуелсіз ел ретінде өткенімізді зерттеу, бұл күнге қалай келгенімізді, кімдердің арқасында жеткенімізді білу біз үшін өте маңызды. Сонау 1465 жылы қазақтың ең алғашқы хандары Жәнібек пен Керейдің хандықтың туын тіккеніне, міне, биыл 558 жыл толып отыр.

Иә, қанша ғасырлар өтсе де талай қиындықтарды еңсеріп, елдік пен егемендікті сақтап қалған алдынғы буындарға біз қарыздармыз. Біз қалам тербейтін Тәуелсіздік атты қастерлі сөзді дәріптеу біздің басты парызымыз. Иә, Қазақ елі өз тәуелсіздігін алғаннан бері бірнеше жыл өтті. Алайда, бұл мерзім тарихи тұрғыдан алып қарағанда көп уақыт емес. Бірақ осы бір қысқа мерзімге қарамастан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық-әлеуметтік және саяси қиыншылықтарды еңсере білген қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды. Еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалды.

Тәуелсіз елдің бүгінгі әлем сүйсініп отырған жетістігін біз өзіміздің өткенімізбен және бүгінімізбен салыстыра отырып, тәуелсіздіктің отыз екі жылдық жолын еңсеру бізге оңайға түспегендігін, мұның сарабдал жолында ел тізгінін ұстаған аға буын өкілдерінің даналығы мен көрегендігі жатқандығын айтқанымыз дұрыс. Өз басым Қазақстанның болашағы зор деп сенемін. Аз ғана уақыт ішінде тәуелсіз ел ретінде әлемге танылып, қай жағынан алсақ та жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Оны өз елімізден бөлек өзге елдерде мойындауда. Мәселен; БҰҰ Бас Хатшысының өкілі Хорхе Чедиек өз сөзінде: «Қазақстанның даму моделі өзге елдер үшін үлгі бола алады» дегені құр сөз емес. Өйткені Қазақстан 32 жыл ішінде экономикасын өзгертіп, дамыта алды. Осылайша, ең қарқынды дамып келе жатқан елдердің қатарында. Ел дамуының арқасында тұрғындардың өмір сүру сапасы да арта түсті», – деп пікір білдірген еді.

Әлем назарын өзіне аудартқан жас мемлекеттің дамуына өзге мемлекеттер қызығып та, қызғанышпен де қарайлап отқаны белгілі. Себебі, Тәуелсіздік алған тұста әлеуметтік-экономикалық жағдай айтарлықтай мәз емес еді. Талайдың көмейінде бұлар қалай ел болады деген сенімнен гөрі, сенімсіздіктері басым болатын. Алайда, қиындықтардан мұқалмай, титықтатқан қиындықтан шығудың жолын тапқан мемлекет басшысы қандай да құрмет пен мадаққа лайық. Иә, бұрындары ауылдық жерлерде ескірген үйлер, қираған мемлекеттік нысандардың сәні кетіп, ауыл бейнесінің сәнін бұзып тұратын. Ауылды айтамыз-ау, аудан, облыс деңгейіндегі мемлекеттік нысандардың көбісі ескірген, жолдары ойық-ойық дәурендерде өтті. Енді қарасаңыз ауылдың сәні кіріп, ауызсу, көгілдір отын, жаңа балабақша, жаңа мектеп, жаңа спорткомплекс тағысын тағы бой көтеріп, ауылдың сәнін келтірген ғимараттармен толықты. Ауыл жастары сырт жерде емес, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында тұрғылықты жұмыспен қатар тұрғын үймен қамтамасыз етілуде. Зейнеткерлердің жәрдемақысы жыл сайын көтеріліп келеді. Жаңа жұмыс орындарымен қатар өндіріс ошақтары ашылып, тұрғындар жұмыспен қамтылып келеді. Иә, еліміздің әлеуметтік-экономикалық салалары едәуір дамып келе жатқанын осындай сан саланың серпінді нәтижелерінің арқасында білуге болады.

Еліміздің елордасы құлашын кеңге жайып дамып келе жатқаны біздің елдің дамуы өркендеу жолына түскенінің бір дәлелі. Елордамыздың қақ ортасындағы зәулім нысандар осындан 20 жыл бұрын бірі де жоқ болатын. Бүгінде шетелден қызығушылық танытып келетін туристтердің де қарасы көбейіп келеді. Бұл дегеніміз Қазақ елі әлем назарында деген сөз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

Дархан Байтілес

ПІКІР ҚАЛДЫРУ