Білім алға басса, ел озады

0
184

Ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе мұғалімдер еңбекақысының төмендігі еді, қазір ол түбегейлі реттелді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың бірінші қаңтарынан ол тағы да 25 пайызға артты. Ал 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бері жыл сайын беріліп келе жатқан 25 пайыздық өсім қазір ұстаздардың еңбекақысын 300-400 мыңға дейін жеткізді.

Санатына, ағылшын тілінде сабақ бере алатынына, дәптер тексергенге, сын­ып жетекшілігіне төленетін қосым­ша­ларды есептегенде көптеген мұға­лімнің ең­бек­ақысы бұдан да жоғары. Соның нәти­жесінде педагог қызметі қайтадан беделді қызметке айналып, жастар арасында бәсекелестік те күшейіп келеді.

– Мәселен, Солтүстік Қазақстан об­лы­сы бюджетінің білім саласына бөліне­тін қаражаты соңғы үш жылда 1,5 есе артып, 134,8 млрд теңгеге жетті. Осы­ның нәтижесінде біз балабақшадан бастап барлық деңгейдегі білім беру мен тәрбиелеу жұмысының сапасын арттыр­дық. Мектепке дейінгі білім беру бойынша 3 жастан 6 жасқа дейінгі барлық бөбекті қамтыдық. Ал биыл қазіргі меке­ме­лерді кеңейту арқылы қосымша 210 бө­бек­ті мектепке дейінгі біліммен қамти­тын боламыз, – дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Назар Жә­шібеков.

Биыл тіл сабақтары бойынша өзгеріс­тер енгізілгені белгілі. Қазір қазақ мекте­бінің бірінші сыныбына барған оқушы тек ана тілінде ғана оқиды, ал орыс тілін екінші сыныптан бастап қана үйренеді, ағылшын тілі үшінші сыныптан бастап оқытылады. Сөйтіп, қалың көпшіліктің ашу-ызасын тудырған бірінші сыныптан басталған «үш тілділік» тоқтатылған еді.

Оқушылардың білім сапасын оқу жетістіктерінің сыртқы бағасы мен Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі анық­­тайды. Сыртқы баға мониторинг арқылы жасалады. Соған қатысқан сол­түстікқазақстандық 4 және 9 сынып оқу­шылары былтыр жақсы нәтижелер көрсетті. Атап айтқанда 4-ші сынып оқу­шылары республикалық рейтингте 5-ші орын алса, 9-шы сынып оқушылары 48,7 ұпаймен 4-ші орынға тұрақтады.

Былтыр ҰБТ-ға мектеп бітіргендердің 73 пайызы қатысып, орта есеппен 74,96 ұпай алған. 2021 жылы бұл көрсеткіш – 74,8 ұпайды, 2020 жылы 69,7 ұпайды құраған еді. Нәтижесінде, түлектердің 63,6 пайызы жоғары оқу орындарына грантқа түсті, бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 4,3 пайызға жоғары.

Айта кетерлігі, облыстың мектеп бітірушілері шекті деңгейде өте алма­ған­дардың аздығы бойынша респуб­ликада алғашқы үштіктің қатары­на енді. Өңір оқушылары былтыр республи­калық пән олимпиадаларына да белсене қатысқан. Соның ішінде 24 бала жеңім­паздар қатарынан табылып, 1,3 млн теңгенің сыйлығын ұтып алды.

Мектептердің оқу жылына дайындығы, жөндеу, сырлау жұмыстарының уақы­­­тында жүргізілгені оқушылардың көңіл-күйіне, білімге деген ынтасына тікелей әсер ететіні аян. Былтыр жаз бойы облыс бойынша 2,5 млрд теңгеге 31 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткізілген. Соның 21-і «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде іске асқан. Ал биыл 3,8 млрд теңгеге 39 нысанға жөндеу жұмыстарын жасау белгіленіп отыр. Білім беру басқармасы облыс орталығындағы мектептердегі орын жетіспеушілігін жою үшін 2026 жылға қарай 3 мыңнан артық оқушыға шақталған қосымша 4 мектеп салуды жоспарлап отыр.

Мектептердің материал­дық-техника­сын нығайту мәселе­сі де күн тәртібінен түскен емес. Былтыр физика және биология пәндері бойынша 150 млн теңгеге 28 кабинет сатып алынған. Биылғы меже де сол деңгейде. 2020 жылдан бас­тап қаладағы толық жинақты 48 мек­теп­ті нақты қаржыландыру тетігі енгізіл­ген. Нәтижесінде, жұмысты ұтым­ды ұйымдастыра білетін директорлар қаржыны үнемдеу, аса қажетті бағытқа жұм­сау шараларын өздері атқаруда. Үнем­дел­ген қаражаттың есебінен кейбір директорлар жөндеу жұмыстарын да жасаған.

Техникалық және кәсіби білім беру саласында да оң өзгерістер бар. 2022-2023 оқу жылдарында мемлекеттік тапсырыс 300 адамға дейін артқан. Айыртау ауданында былтыр туризм саласына мамандар дайындайтын «Зейнеп» атты жекеменшік колледж ашылды. Онда қазір 100 студент оқиды. Құйылған инвестиция көлемі – 250 млн теңге.

Былтыр «Қазақстан халқына» қо­ры­ның көмегімен осы заманғы оқу жә­не дамыту жабдықтарымен 4 арнау­лы (коррекциялық) мектеп-интернат қамта­масыз етілді. Құйылған инвестиция көле­мі 78 млн теңгенің төңірегінде.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ