ПАТРИОТТЫҚТЫ ТӘРБИЕ – ЕЛЖАНДЫЛЫҚ БЕЛГІСІ

0
428

Бүгінгі таңда патриотизм тақырыбы, оның ішінде қазақстандық патриотизм мәселесі барлық қоғамдық, мемлекеттік, саяси, мәдени-рухани тақырыптардың өзегіне айналуда. Қала берді бұл мәселе тәуелсіз даму жолына енді ғана түскен мемлекеттердің алдына қойылуда.

Патриоттық сезімнің, азаматтық борыштың өтелер өлшемі – Отан. Тарқатып айтсақ, бұл – туған жер, оның табиғат байлықтары, ұлттың тілі, дәстүрі, мәдени ескерткіштері, тарихы жасалған өлкедегі киелі орындары. Олардың адам санасына жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерді ұялатып, ізгі де ерлік істердің бастауына айналуы – патриотизмге тәрбиелеудің бірден-бір арқауы.

«Отан – отбасынан басталады» дейтін дана халқымыздың сөзіне еш кір келтірместен, елін сүйген баланы тәрбиелеп шығару үшін, Отанның қадірін туғаннан бастап бала санасына сіңіруіміздің қажеттілігін айқындау – уақыт талабы болып отыр. Сол себепті отансүйгіштікті қалыптастыру әр баланың отбасынан да, уақытының жарты бөлігін өткізетін білім ордасынан да басталады. Ендеше,  жас ұрпақты Қазақстандық патриотизм мен толеранттылыққа тәрбиелеу – басты міндетіміз.

Отанның гүлденуіне және оны қорғауға деген патриоттық сезім адам жүрегінде қашанда өмір сүрген, сүре де бермек. Бірақ патриоттық сезім адам бойында өзінен-өзі, не болмаса туа пайда болмайды. Ол ерте жастан адамға әсер ететін, ұзақ мақсатты түрде бағытталған тәрбиенің қорытындысы.Патриотизм ортаның, отбасындағы тәрбиенің, мектептің, мектепке дейінгі мекеменің және түрлі қоғамдық ой-пікірлердің ықпалымен қалыптасады.

Қандай мемлекеттің де ертеңі еңселі, келешегі кемелді болуы – болашақ жастарға етене байланысты. Сондықтан мектептер мен өзге де оқу орындарының басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды игеруге қабілетті, ғылым мен тәжірбие жүзінде терең білім ала отырып, жеке тұлға болып қалыптасуға дайын ұрпақ тәрбиелеу. Жастардың бойына елжандылық, азаматтық, жоғары ізгілік пен адамгершілік сезімдерді жан-жақты жетілгенде ғана Қазақстандық патриотизм сезімі асқақтай бермек. Ендеше, өскелең жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім мен адамгершілік тәрбиені қалыптастыруға жұмыла атсалысу керек-ақ.

Патриоттық тәрбие – Отан, туған жер, атамекен, туған ел деген адам санасында мәңгі өшпейтін ұғым.Өскелең ұрпақты, жастарды, болашақ мамандарды кез келген жағдайда ерлік, отаншылдық істерге баулу үшін, оған алдымен рухани жағынан демеу керек. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ұрпағын өз халқының патриоты етіп  тәрбиелеу – қай халықтың болмысын тәрбиелеу жүйесінің негізгі талаптарының бірі.

Халық батыры Бауыржан Момышұлы: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтықпен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Батырлық деген, ерлік деген ұрпақтан ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы-тұл, келешегі тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы – батыр халық» деген екен. Олай болса, Отанымыз аумағының біртұтастығын, бүтіндігін сақтау, халықтың тыныштығын алатын лаңкестермен қарсы ұйымшылдықпен күрес, мемлекеттерге қауіп төндіретін кез келген сыртқы және ішкі күштерге қарсы тұрудың өзі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу міндетін жүктейді. Патриоттық тәрбие мәселесі адамзат тарихының өн бойындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат болғандықтан, оқушылардың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілігі мен патриоттық санасын дарытуда халқымыздың біртуар ұлы, даңқты қолбасшы, Қазақстанның Халық Қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының кейінгі ұрпаққа үлгі етіп қалдырған өсиеттері мен ерлікке толы шығармаларының орны ерекше.

Қоса кеткен жөн, қазақ еліндегі ұлттық патриотизмнің бірден-бір көрінісі – қазақтың ана тілінде сөйлеуі, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруі, ұлттық мінез бен болмыс қалыптастыру, ізеттілік, құрметтеу, қайырымдылық, мейірімділік сынды сезімдерін дамытуы. Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге құрмет, патриотизм – тұлғаның дамуындағы ең жоғарғы деңгейді сипаттайтын аса маңызды рухани игіліктердің бірі.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ