Иммунитеттің басты «жауы» – күйзеліс

0
212

ДДҰ мәліметі бойынша адамдардың тек 10%-да ғана өзін ауру-сырқаудан қорғай алатын иммунитет бар. Тағы 10%-ы туабітті иммунитет тапшылығына ұшырағандықтан, бұлар өте жиі ауырып қалады. Халықтың қалған 80%-ында иммундық жүйесінің күші өмір салты мен әлеуметтік жағдайларына байланысты.

Сонымен 2002 жылдан бері жыл са­йын 1 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен Дүние­жүзілік иммунитет күні атап өтіледі. Неліктен 1 наурыз? Өйткені көктемнің басында ағзадағы иммундық жүйе әлсірей бастайды.

Алайда иммундық жүйе ана құрса­ғында қалыптасып, туғаннан бастап ана сүтімен нығаяды. Адам өсіп жатқан кезеңде ұйқысының дұрыс болмауы, теңшелмеген тамақтану, дұрыс таңдал­маған физикалық белсенділік, экология мен саламатты өмір салтынан бас тарту иммундық жүйенің қызметін әлсіретеді.

Осы мәселеге орай, Кардиология жә­не ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты Республикалық аллерголо­гиялық орталығының басшысы, аллерголог-иммунолог дәрігер Арай Батырбаева бір деректі алға тартты. Ол Клиникалық иммунологтер қауымдастығының зерт­теулері барлық елдің 7-15% тұрғыны иммунитет әлсіреуінен зардап шегетінін анықтағанын айтты.

Кімдер тәуекел тобына жатады десек, жаңа туған нәрестелерде иммунитет жетілмегендіктен, 6 айдан 12 айға дейінгі баланы қорғауда ана сүті мен дисбактериоздың алдын алу үлкен рөл атқарады. Көбінесе иммунитет күйзеліс пен ауыр тапсырмалардан төмендейді. Сондықтан тәуекел тобынан алдымен ғарышкерлер, ұшқыштар, іскерлер, кәсіби спортшылар табылады. Сонымен қатар тәуекел тобына мамандығына байланысты ұйқысы үнемі қанбайтын, тамақтану режімін сақтай алмайтын адамдар жатады. Қарт адамдар да осы топқа кіреді.

Иммунитет саулығы қандай болатыны біз таңдаған өмір салтына шамамен 50% байланысты. Иммунитетті жиі торығу, күйзелу, дұрыс тамақтанбау, үнемі ұйқының бұзылуы, тым көп физикалық белсенділік пен керісінше жатыпішерлік те төмендетеді. Әрине, оның ішінде зиянды әдеттер – темекі шегу, алкоголь, есірткі де бар.

– Бірінші иммуномодулятор – иммун­дық жүйені ынталандыратын зат ана сүті. Ана сүтінде жасушалардың пайда болуы­на қажетті заттар – қорғаушылар бар. Олар баланың денесін оның иммундық жүйесі қалыптасқанша қорғайды. Им­мунитет иммундық жүйенің «жасуша­ларының» 80%-ы орналасқан ішектің жұмысына да байланысты. Бұл біз жейтін нәрсенің бәрі көзге көрінбейтін қорғаушыларымызды әлсіретеді, яки күшейтеді. Көкөністер мен жемістер, өсімдік тағамдары ас мәзірінің 50%-ын құрауы керек. Құрамында бифидо, лактобактерия бар ашытылған сүт өнімдері патогендік микробтарға қарсы қорғаныс тосқауылын жасайды. Тазартылған қант­тың артық болуы иммундық жүйе­ні төмендетеді, инфекциялармен күре­сетін антиденелердің белсенділігін төмен­детеді, – дейді А.Батырбаева.

Антибиотиктерді бақылаусыз қа­был­дау иммундық жүйеге де пайда әкел­мейді. Ең бастысы, өзін-өзі емдеуге болмайды. Дәрі-дәрмекті тек дәрігер тағайындай алады.

Иммунитеттің басты «жауларының» бірі – күйзеліс. Ең қауіптісі – адам өз эмоциясына қарсы тұра алмайтын сәт. Психикалық күйзелістерден құтылу­дың басты құпиясы, егер сіз басқа түс­кен сынақты өзгерте алмасаңыз, оны әдет­тегідей қабылдаңыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ