Сәукеледе не сыр бар?

0
744

Қазақ қоғамында қыз мәртебесі, ел абыройы биік бағаланғаны мәлім. Қызының қасиетін қызғыштай қорыған халықтың өзіне тән эстетикалық талғамы бізді сәукеле турасында ізденіп көруге жетеледі. Қазақы ұғым ұмыт болмауы үшін оқырманымызға сәукеледе жатқан сырды ашып айтуды жөн көрдік. Сонымен, әуелі атаудың өзіне анығырақ тоқталсақ.

Сәукеле- ең алдымен ұзатылар қыздың дәрежесін көрсеткен. Ұясынан ұшып, ақ босағадан аттағанға дейін қалыңдықтың көркіне көрік қосатын сәукеленің негізгі пішіні жас отауға ұқсатып жасалады. Мұның мәні түсінікті. Дегенмен, заман ағымы өзгерген сайын әлдеқайда күрделенген атаулар көп.  Олардың қатарында басжақсы, жыға, қарқара, зере, шытақ, бергек бар. Мұның барлығы жоғарыда аталған қыз баскиімінің бөліктері.

Сәукелені қашан киеді? Жазылмаған дала заңында қыз ұзатылып, күйеу еліне жеткенге дейін делінсе, кей деректерде 1 жылға жуық киілетіні көрсетілген. Кейіннен келіннің жолы мен жасына қарай сәукелені желек, жаулық, кимешек ауыстырды.

Бағзы заманнан қазақтың сәні мен салтанатын танытқан сәукеле ХІХ ғасырда іріктеп алынған 100 жылқымен бағаланған деседі. Осы сынды тағы бір мәліметті Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қалдырған: «ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Кіші жүздің Байсақал атты бай қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Саржан төре 500 байталға бағалады». Толықтыра кетсек, Байсақал бай мен Орта жүздің Сапақ байы құда болыпты. Сонда қыз беріп отырған Байсақал бай қызының сәукелесін құдаларына беріп жіберіп: «Басқа ештеңе сұрамаймын. Тек осы сәукеленің бағасын өздері есептеп берсе болды» депті. Сонда Саржан Қасымұлы: «Сәукеленің бағасы бес жүз байтал екен, сондықтан қызының қалың малы да бес жүз жылқы болсын» деп байлайды.  Аталғандардан бөлек, Петербургте өткен шығыстанушылардың конгресінде солтүстік аймақтан түрлі шеберлікпен жасалған сәукелелер жұрт назарына ұсынылған екен. Сондағы бір сәукеле 600 рубльге бағаланып, ең құндылары Нижнегородск көрмесіне ұсынылыпты. Зерттеуші Халел Арғынбаев: «Бөкей Ордасында кездескен бір түрінің құны 1000 сомға бағаланса, Семей төңірегінде 2000 сом күміс ақшаға дейін жеткен», дейді. Қалай болғанда да, мәні де, сәні де асқақтап тұрған сәукеленің қалың малдың құнын он орап алатындай салтанаты болғанын аңғара аламыз.

Қалың малдан бөлек, сәукеленің өз сыбағасы, бөлек құны болған деседі. Талғаммен тігіліп қана қоймай, зер, оқа сынды асыл тастармен безендірілуіне қарай, «басжақсы» деген атау қалыптасқан. Басжақсы-  асыл тастардың жалпы атауы. Осыған сай, сәукелеге арнайы берілетін төлем «басжақсы» аталған.

Әңгіме ауаны ұғымдар мен атауларға ауған соң, осы тұста оқырмандарға тағы бір мәлімет бере кетейін. Сәукеленің ішінен киілетін қуыс, ұзыншақ тігілген қосалқы бұйым «зере» деп аталуына орай, қыз балаларға осындай есім қою салтқа енген. Мұның түп-төркіні «қыз сәукеледей әдемі, абыройы биік болып өссін» деген ниетте жатыр.

Сәукеле атауы қайдан шыққан? Құнына күллі қалыңды қоса байлаған сәукеленің атауы сыр-сипатқа толы күйде ғасырларды артқа тастап келеді. Оң босағадан мол ерулі-жарағымен жолға шыққан қалыңдық көшіне ел-жұрттың назары түгел ауатыны хақ. Мұндай жағдайды бас пайдасына жаратпақшы болған қарақшы-ұрылар қалыңдықтың дүние-мүлкіне де қол салған жағдай аз емес екен. Келіннің тобын қозыкөш жерден күтіп алысқан ауыл балалары үлкендерге «Сау келеді! Сау келеді!» деп сүйіншілеген. Сәукеле атауының қалыптасуында аңыз әңгіме де, лексикалық түсіндірме де бітісіп, астасып жатыр.

Баяғының сән-салтанаты сақталды ма? Көркем шығармалар мен салт-дәстүр желісінен сәукеле кигізудің арнайы жөні бар екенін, ол үшін бөлек жиын болатынын біліп жүрміз. Жоғарыда айтылған деректерден дәстүрмен қатар ұлттық құндылыққа деген құрметтің асқақтығын байқаймыз. Асылын теріп, барын беріп, сәукеле дайындатқан  ата-ананың ақ тілеуін айтсаңызшы!

Бойына осынша салтанатты жиған сәукеледе сол мән, сол тәрбие әлі де сақтаулы ма? Қыз дәрежесінің көрсеткішіндей болған бас бұйымына қазір құрмет көрсетіле ме? Түбі ұлттық сипатымызға, қазақы болмысымызға тартып тұратын құндылықтарымыздың қадірін жеткізе алсақ, бек қуаныштымыз.

 

Мадина Оқас

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ