Құрылыс материалдары өндірісінің деңгейі

0
490

Құрылыс материалдарын шығаратын отандық өндірушілер былтыр алдыңғы жылдың жетістігін қайталай алмаған. 2022 жылы желтоқсанда саладағы өндіріс көлемінің физикалық индексі 101,3 пайыз болған. Ал 2021 жылдың 12 айын­да көрсеткіш 109,8 пайызды құраған. Соңғы рет құрылыс саласы мұндай оң нәтижеге 2013 жылы қол жеткізген екен.

Energyprom мәліметінше, еліміздегі құрылыс материалдары өндірісінің кө­ле­мі алғаш рет номиналды мәнде трил­лион­дық межеден асып түсті. Нақтырақ ай­­тар болсақ, шығарылған жалпы өнім­нің бағасы – 1,13 трлн теңге болды. 2021 жылмен салыстырғанда 230,7 млрд теңгеге (немесе 25,6 пайызға) артық.

Өткен жылы керами­ка­­лық отқа тө­зім­ді емес кірпіш өн­дірісі – 64,3 па­йызға, силикат және шлак кірпіштері – 18 пайызға, це­мент, бетон немесе тас плит­калар 16,9 пайызға қыс­­қарған. Ал құ­рылыс ері­тін­дісі – 25,1 па­йызға, әрлеу тасы – 7,8 пайызға, гипс – 26,6 пайызға және әртүрлі отқа төзімді құ­ры­лыс бұ­йым­дарының өн­дірісі 38 пайызға арт­қан.

2022 жылдың қаңтар-қара­шасында ішкі нарық­та­ғы отандық өндіріс үлесі 66 пайыз болған деп баға­лай­ды QazIndustry индустрия және экспорт орталығының са­рап­шылары. Бұл 2021 жыл­дың ұқсас кезеңімен са­лыс­тырғанда 8 пайыздық тар­маққа (58 пайыз) жо­ға­ры. Ұйым мамандары екінші жыл қатарынан ішкі на­рық­та­ғы отандық өн­ді­ру­ші­лер сал­­ма­ғы­ның артып келе жат­­қанын айтады.

2022 жылы шетелдік жет­кізушілер Қазақстанға құ­ры­лыс материалдарын жет­кізу көлемін айтар­лық­тай, натуралды мәнде 8 па­йыз­ға дейін қысқартқан. Ақ­ша бойынша импорт ке­зең­ді оң нәти­жемен (3,6 пайыз) аяқтады. Бірақ бұл сек­тордағы қымбатшылық сал­дарынан болды.

«Импортты алмастыру үрдісін сала­да­ғы ресурс тепе-теңдігі бойынша да ба­қылауға болады. 2022 жылы қаңтар-қарашада жеке өнді­ріс үлесі артқан, ал импорт құрылыс материал­да­рының бірнеше түрі бойынша азайған. Мәселен, былтыр ішкі нарықта сатылған құ­растырмалы құрылыс металл конструкцияларының 95,7 пайызы – отандық өнді­рістің өнімі. Бір жыл ішін­де қазақстандық компания үлесі 14,8 пайыз­дық тармаққа артқан. Отқа төзімді цементті, ері­тін­ді­лер­ді және ұқсас қоспа­лар­ды өндіру бойынша рес­пуб­лика зауыттарының үлесі 86,6 па­йызды (өткен кезең­мен салыстырғанда 12,3 па­йыздық тармаққа көбей­ген) құрайды. Дегенмен керамикалық тақта өндірісі аз көлемде: 2022 жылы жер­гі­­лік­ті өндіріс үлесі небәрі 13,5 пайыз болды. Бірақ соның өзі 2021 жылмен са­лыс­­тырғанда (6,1 пайыз) бәрібір жо­ға­ры», деп хабар­лай­ды Energyprom мамандары.

Сарапшылардың ай­туын­­ша, нарық­ты шикі­зат қос­­пасымен, қо­сыл­ған құны төмен өнім­­дер­мен қам­та­ма­сыз етуде қа­зақс­тан­дық өндіру­ші­лер­дің бәсі жоғары. Ал шетелдік жеткізушілер негі­зінен нарыққа сантехника, түрлі кран­дар мен вентильдер, жылыту радиатор­ла­рын жеткізу бойынша ал­дың­ғы қа­тарда.

Құрылыс материал­да­ры­ның қым­бат­тауы 2021 жылы маусымда бас­­тал­ды. 2022 жылы аздап ар­зандау бай­қал­ды, бірақ сон­ша­лықты қатты емес. Құ­рылыс материалдарының қым­бат болуы тұрғын үй бағасына да әсерін тигізді. Бас­пананың бір шаршы мет­рі­не жұм­са­ла­тын орташа шығын мөлшері былтыр 129,1 мыңнан 148,7 мың тең­ге­ге артты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ