Отаншылдық рух науқандық жұмыс емес

0
268

Екі сөзіміздің бірінде патриоттық сезім немесе ұлттық құндылық туралы сөз етсек, өскелең ұрпақтың бойындағы отаншылдықты арттыру күрделене түскендей. Әрине, оның өзіндік себебі де жоқ емес. Келешек өскіннің өн бойына берілетін ата-баба аманаты мен патриоттық тәрбие алдымен отбасы ошақ қасында құлаққа құйылып, санаға сіңірілуі тиіс.

Соңғы жылдары Ұлттық рәміздерді қорлау қалыпты жағдайға айналды. Бір қызығы елдің мәдениетіне жауаптылардың өзі ел-жұрттың алдында туымызды қорлатып қойғаны үшін кешірім сұрап, қызметінен қуылғанын көрмедік. Ал ессіздігі үшін кешірім сұраумен құтылып кететіндер өз әрекетінен сабақ алғандары көрінбейді. Сол үшін енді Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға жаза қатаңдатылып, айыппұл мөлшері өсті. Бірақ жауапкершілікті күшейту ұлттық рухты оятып, отаншылдық сезімді сезінуге септігін тигізе алары тағы күмәнді. Себебі бізде көзбояушылық көп. Осылай деген сенатор Айгүл Қапбарова ұлттық рәміздерді бұқара алдында ашықтан-ашық қорлап, мазақ етіп жыртса, әдепсіз сөздер жазып, аяққа тастаса жоғары айыппұл салудың сөкеттік жоқ екенін ай­тады. Ал уақыт өте сарғайып неһмесе табиғи апаттарға байланысты орнынан түсіп қалған, жыртылып қалған рәміздер үшін жауапкершілік қарастырылмас бұрын ұлттық стандарттың сақталуы дұрыс саралаудан өткізілгені дұрыс екенін жеткізді. Негізі мемлекеттік рәміздерді орындатуға байланысты заңымыз да, арнайы мерекелік датамыз да бар. Солай бола тұра, кейде білместікпен, кейде жауапкершіліктен хабарсыздықтан осындай әрекетке барып жатады. Сондықтан бізге керегі адамдарды отаншылдық, елжандылыққа тәрбиелеу өте маңызды. Ұлттық рухты күшейту үшін кешенді түрде идеологиялық жұмыстар жүргізілу керек. «Осы бағытта бюджеттен көптеген қаражат бөлініп жатқанын естиміз. Өкінішке қарай, Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында түрлі байқаулар мен жарыстар ұйымдастырылып жатады. Соның барлығы жаттанды көзбояушылық секілді дүние болып көрінеді. Туды ұстап алаулатып-жалаулату жаттанды, белгілі бір идеологиялық мән-маңызы жоқ науқан секілді. Өйткені отаншылдық рухты ояту мереке күні ғана қозғалатын бір күндік науқанға ұласпауы керек. Отаншылдық сезім отбасынан басталып, мемлекет алдындағы маңызды жұмыс болуы тиіс», – дейді Айгүл Қапбарова.

Сөзінің жаны бар. Мысалы, «ИК» тобы мен SHIZA лақап атымен танылған әнші жігіттердің сахна төріндегі әдепсіз қылықтары қоғамның ашу-ызасын туғызғанын білеміз. Сол кезде жұрттың дені жүгенсіз кеткен жастарды жауапкершілікке тартып қана қоймай, сахнадан аластату керектігін айтқан. Осы оқиғадан кейін депутаттар Үкімет басшысына Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға салынатын айыппұл мөлшерін 3000 АЕК-ке дейін ұлғайту мәселесін көтерді. «Жастарға арналған әншінің концертінде өте өрескел әрекет болды. Қазақстан Республикасының туы келемеж етілді. Әншілер тарапынан әдепсіз, анайы сөздер айтылды. Іле-шала ке­шірім сұрағаны және айыппұл төлегені мәлім болды. Біздің бәріміз «Жаңа Қазақстан құрамыз» деген ниеттеміз. Жаңа Қазақ­стан­ның ең басты талабы – заң үстемдігі. Заң бәрімізге ортақ. Құр кешіріммен құтылу – жауапкершіліктен жалтару деген сөз. Президент кеше бұған өз пікірін білдірді, көк Туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – әр аза­маттың перзенттік парызы, байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек» деген еді Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп. Себебі  мұндай концертті қалтасында қомақты қаржысы барлар өткізеді. Сондықтан оларға мұндай мөлшердегі айыппұлды төлей салу түкке тұр­майды. Ал жауапкершілікке жүрдім-бардым қараудың соңы қайтадан құқық­бұзушылық жасамауына кепілдік бермейді. Негізінде қолданыстағы «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» кодекстің 434-бабында көзделгендей, әртістердің көпшілік алдында былапыт сөздер айтуы ұсақ бұзақылыққа жатады. Заңға сүйенсек, осы үшін де оларды 10 тәулікке қамауға алуға болады. Сондай-ақ аталған кодекстің 440-бабында көпшілік алдына ішімдік ішіп шыққаны, есірткі пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылады. Әйткенмен, сол уақытта былапыт сөздер айтып, әдепсіз қылық көрсеткен әншілер айыппұлын өтеп, кешірім айтумен құтылып кеткен еді.

Депутаттардың үндеуі ескерусіз қалған жоқ. Үкімет айыппұл мөлшерін көбейтіп, жауапкершілікті қатайту мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтің өзі де айтқан болатын. Оның сөзінше, ұлттық рәміздерді қорлағандарға 10 млн теңге айыппұл салынатыны туралы айтты. Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті заңды қатайту арқылы мәжбүрлі түрде орындату керек те шығар. Бірақ жастарға патриоттық тәрбие алдыңғы кезекте атқарылар шаруа. Мысалы, жасөспірімдердің әскери-патриоттық «Жас сарбаз» қозғалысы секілді бірлестіктер көп болғаны құба-құп. Әскери рухты оятып қана қоймай, білімді әрі патриоттық тәрбие беруді мақсат еткен мұндай қауымдастық елдің тірегі әркімнің өзінен басталатынын дәлелдеп береді. Әйтпегенде нарықтың заманында осы бір құндылықтарды ұрпақ жадына сіңіртуге мүмкіндік жоқ. Ұу тіршіліктің қамымен жүрген ата-аналардың балаға тәрбие беретін уақыты азайды. Оның үстіне ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын ересектердің өзі уақытының көбін сымсыз байланысқа ұрлатып қойды. Мұндай жағдайда патриоттық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастырудың оңайға тсүпейтіні анық. Олай болса отбасындағы тәрбиені қоғам болып қолға алып, патриоттық сананы жаңғыртудың жолын қарастыру кезек күттірмеуі тиіс. Ал ұрпақ бойындағы отаншылдықты сезімді арттыру үшін балабақша табалдырығынан бастап балаларға қастерлі тіліміз бен ұлттық рәміздерді құрметтеуден бастау керек-ақ.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ