Сайлау: Өңірлер дайындығы жоғары
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Парламент Мәжілісі және жергілікті мәслихаттарға сайлауды әзірлеу мен өткізу шеңберінде инспекциялық сапарын Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында жалғастырды.
Іссапарға Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман және ОСК аппаратының жауапты қызметкерлері де қатысты.
Қызылорда облысында ОСК басшысы аумақтық сайлау комиссиясы мүшелері мен мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен семинар-кеңес өткізді. Іс-шараға құқық қорғау органдарының басшылары, салалық басқарма және департамент басшылары, аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабының өкілдері, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі ұзақмерзімді миссиясының өкілдері Вероника Куралт (Словения) және Роман Дэвид Магри (Швейцария), сондай-ақ БАҚ өкілдері шақырылды.
Нұрлан Әбдіров биылғы сайлау науқанының маңыздылығын атап өтіп, сайлау заңнамасының жаңалықтарына және бір мандатты аумақтық сайлау округтері мен саяси партиялардан кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңдерінің негізгі қорытындыларына жан-жақты тоқталды. Ал облыстық әкімдіктің басшылығы, прокуратура, полиция, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері және аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы сайлау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
«Комиссия мүшелері дауыс беру күні сайлау учаскелеріндегі мінез-құлық ережелерін міндетті түрде білу керек. Сайлау үдерісінің барлық қатысушысы, соның ішінде байқаушылар, кандидаттардың сенім білдірілген адамдары және БАҚ дауыс беруге арналған үй-жайға келген сәттен бастап осы ережелердің мазмұнымен міндетті түрде танысуға тиіс», деді Н.Әбдіров.
Кеңес барысында облыс әкімінің аппарат басшысы Шахмардан Байманов өңірде 486 002 азамат сайлаушылар тізіміне енгізілгенін атап өтті.
«Облыста мүгедектігі бар 20 324 сайлаушы бар. Олар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мәселен, 373 сайлау учаскесінің 368-і республикалық интерактивті қолжетімді картасына енгізілген. Өңірде кандидаттардың үгіт материалдарын орналастырған билбордтар үшін 466 орын, баспа материалдары үшін 268 үй-жай және сайлаушылармен кездесу үшін 169 орын бөлінді. Консультативтік көмек көрсету және сайлаушыларды ақпараттандыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде», деді Ш.Байманов.
Аймақта Egov порталында азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерді тексеру бойынша онлайн-сервисті орнату үшін дауыс беру күні 169 сайлау учаскесі анықталды. Бұдан басқа азаматтардың сайлау құқығын тіркеусіз іске асыру мақсатында Қызылорда қаласында 5 сайлау учаскесінде азаматтар учаскенің мекенжайы бойынша уақытша тіркеуді ресімдеу арқылы дауыс бере алады. Бұл учаскелерде ХҚКО қызметкерлері жұмыс істейді, сондай-ақ интерактивті тақта қолжетімді болады, оның көмегімен сайлаушылар қызметтерді өз бетінше ала алады.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаевтың мәлімдеуінше, сайлау күні мүгедектігі бар адамдарға 34 инватакси және 42 сурдоаудармашы қызмет көрсетеді.
Кеңесте облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев және облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Әмітов сайлау науқаны барысында заңдылықтың сақталуын қадағалау, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша сөз сөйледі.
Отырыс соңында ОСК төрағасы өңірдегі сайлау үдерісінің барлық қатысушысын алдағы сайлауды заң талаптарына қатаң сәйкестікте өткізуге шақырды.
Семинар-кеңестің екінші бөлімінде «Дауыс беру күні» іскерлік ойыны ұйымдастырылып, сайлау күні сайлау комиссияларының жұмыс алгоритмі модельденді. Іскерлік ойынға Қорқыт ата атындағы университеттің студенттері қатысты. Сайлау комиссияларының мүшелері сайлау үдерісінің ерекшеліктерін және дауыс беру тәртібін көрсетті.
Бұдан әрі ОСК төрағасы аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерімен кездесіп, Қызылорда қаласында орналасқан №207 сайлау учаскесінің жұмысымен танысты. Мұнда «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» сервисі таныстырылып, saylau.orda.gov.kz платформасының мүмкіндіктері көрсетілді.
Түркістан облысына сапары барысында Нұрлан Әбдіров сайлау комиссияларының жұмысымен танысып, сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығын тексерді. Кеңеске аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының, БАҚ өкілдері, сондай-ақ ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі ұзақмерзімді миссиясының өкілдері Юстина Рудминайте (Литва), Валерий Амисулашвили (Грузия) және «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы» РҚБ қатысты.
Облыста 1 млн 176 мың 658 сайлаушы бар. Облыс әкімінің орынбасары Бейсембай Тәжібаевтың мәлімдеуінше, саяси дода күні 941 сайлау учаскесі, «109» бірыңғай call-орталығы және қалалар мен аудандар әкімдіктерінде 17 call-орталық жұмыс істейді.
«Халықтың сайлау белсенділігін арттыру мақсатында өңірде 1575 баннер орналастырылды. Сондай-ақ халық көп шоғырланған жерлерде ақпараттық бейнероликтер үнемі көрсетіліп тұрады. Кандидаттардың үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін 646 орын және кандидаттардың сайлаушылармен кездесуі үшін 330 үй-жай анықталды. Сондай-ақ облыста 97 600 мүгедектігі бар азамат тұрады. Осыған орай бүгінгі таңда облыстың барлық сайлау учаскесі мүгедектігі бар адамдарды қабылдауға бейімделген. Сайлау күні облыста 43 инватакси және 50 әлеуметтік такси жұмыс істейді. Бұдан бөлек, ым тілінің 114 маманының қызметтерін ұйымдастыру жоспарланып, барлық сайлау учаскесі бір тұрақты және 2 жылжымалы сайлау жәшіктерімен қамтамасыз етілді», деді облыс әкімінің орынбасары.
«Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету өте маңызды мәселе. Олар үшін сайлау учаскелері қосымша жарықтандыру, арнайы жабдықтар және техникалық мүмкіндіктермен жарақтандырылған арнайы бұрыштар, сондай-ақ арнайы кабиналар, тактильді көрсеткіштер мен пандустар орнатылуға тиіс», деді Нұрлан Әбдіров.
Кеңес барысында облыс прокурорының міндетін атқарушы Саян Келдібеков пен полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев сайлау науқаны кезінде заңдылықты сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Семинардың екінші бөлімінде аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері үшін «Дауыс беру күні» іскерлік ойыны түріндегі тренинг ұйымдастырылды. Кейіннен ОСК төрағасы кейбір сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығын тексерді. №25 аудандық сайлау комиссиясының жұмысымен танысып, Түркістан қаласының №900 сайлау учаскесіне арнайы ат басын бұрған Ортсайлауком басшысы дауыс беруге арналған үй-жайларда комиссия мүшелерінің үстелдері мен қоғамдық бірлестіктердің байқаушылары үшін орындардың орналасуының ыңғайлылығына ерекше назар аударды. Кей учаскеде бірқатар ескерту жасап, комиссия мүшелеріне ұлттық және халықаралық байқаушылардың, БАҚ өкілдеріне дауыс беру кезінде және дауыстарды санау рәсімінде қажетті шолуды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар берді.
Шымкент қаласында Нұрлан Әбдіров әкімдік қызметкерлері, қалалық, аудандық, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, қаланың округтік және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі ұзақмерзімді миссия, саяси партиялар, қалалық прокуратура, полиция департаменті, ішкі саясат басқармасы және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, сондай-ақ БАҚ өкілдерімен кеңес өткізді.
Қала әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұловтың мәлімдеуінше, мегаполисте сайлаушылар саны – 639 663. Олар үшін 330 сайлау учаскесі ашылған.
«Азаматтар өздерін сайлаушылар тізімінен іздеуі үшін i-shymkent.kz арнайы сервисі жұмыс істейді және Telegram-Bot іске қосылды. Сондай-ақ GIS 2-қосымшасында «Сайлау учаскесін іздеу» қызметі қарастырылған, онда сайлаушы өзінің сайлау учаскесін және оған ең қысқа жолды таба алады. Сондай-ақ сайлау күні Шымкентте қоғамдық көлікте тегін жол жүру ұйымдастырылады», деді Ғ.Мәуленқұлов.
Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова хабарлады. Ол қалада дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін 6254 мүгедектігі бар сайлаушы бар екенін хабарлады. Оның ішінде кресло-арбаларды пайдаланатын 1 263 азамат, көру қабілетінен айырылған – 3 572, есту және сөйлеу қабілетінен айырылған 1419 азамат бар.
Нұрлан Әбдіров 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар азаматтарға ерекше назар аударуды тапсырды. Ол осындай сайлаушымен кездесуге немесе қоңырау шалуға және сайлауға шақыруға, қажет болған жағдайда шақыруларды атаулы түрде тапсыруға кеңес берді. ОСК басшысы сайлау күні «Инватакси» қызметі мен сурдоаудармашылардың сапалы жұмысын қамтамасыз ету қажеттігін де атап өтті.
Кеңес барысында қала прокуроры Ғабит Мұқанов заңдылықтың сақталуын қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс туралы сөз сөйледі.
«Қаланың қадағалау органы басшысының назарын азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге аударғым келеді. Сайлауға дейін санаулы күндер қалды. Сондықтан сайлау науқанына қатысты халықтың шағымдарына жедел ден қою және олар бойынша қажетті шараларды жедел қабылдау маңызды», деді ОСК төрағасы.
Өз кезегінде қалалық полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков жиналысқа қатысушыларды сайлау күні құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы хабардар етті.
ОСК төрағасы дауыс беру күні учаскелерде полиция қызметкерлерінің болуына жол берілмейтінін атап өтті, сондай-ақ сайлау бюллетеньдерінің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жиналыстан кейін Нұрлан Әбдіров және ОСК аппаратының қызметкерлері №106 сайлау учаскесінде сайлау комиссияларының мүшелері үшін іскерлік ойын форматында оқыту тренингін өткізді. Тренинг барысында барлық өңірлердегідей сайлау комиссияларының мүшелері дауыс беру күні сайлау учаскелерінде жұмысты ұйымдастыру бойынша тәжірибелік білім алды.
Содан кейін Ортсайлауком басшысы бірнеше сайлау учаскесіне барып, комиссия мүшелерімен кездесіп, алдағы сайлауға дайындық барысын тексеріп, олардың сұрақтарына жауап берді.
Нұрлан Мәжитұлы барлық деңгейдегі комиссия мүшелерінің назарын құжаттарды (отырыстардың хаттамалары, шешімдер, дауыс беру қорытындылары туралы хаттамалар, актілер, тізілімдер және т.б.) сауатты құрастыруға аударды.
Ол сондай-ақ сайлаушыларға бюллетеньдер беру кезінде ерекше назар аудару, соның ішінде сайлаушылар тізімі журналында және олардың жеке куәліктерінде қойылған азаматтардың қолтаңбаларының сәйкестігін тексеру маңызды екенін атап өтті. Кездесу соңында ОСК төрағасы сайлау комиссияларының мүшелеріне сайлау комиссияларының тиімді жұмысын ұйымдастыруға, сондай-ақ сайлау үдерісінің барлық қатысушысына қажетті жағдайлар жасауға көбірек көңіл бөлуді ұсынды.
«Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының алдағы сайлауы заңнама талаптарына сәйкес қатаң және ашық өтуге тиіс», деп атап өтті Ортсайлауком басшысы.