Әз-Наурыз мерекесі жақсылықтың жаршысы, жаңарудың нышаны

0
423

ҚЫЗЫЛОРДАДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІН ТОЙЛАУ АЯСЫНДА 100-ГЕ ЖУЫҚ ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП, 85 БАЛАНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛМЕК

Қазақ халқы ежелден бері Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесін жақсылықтың жаршысы, жаңарудың нышаны деп тойлаған. Алаштың анасы – Сыр елінде бұл мерекені жыл сайын кең көлемде атап өту игі дәстүрге айналды. Биыл да қызылордалықтар Наурыз мерекесі бірнеше күн бойы тойлап, облыс халқы үшін түрлі бағыттағы мәдени-көпшлік іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Тарихи тағылымы мен мағынасы терең бұл мерекені жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында 14 наурыздан бастап 22 наурызға дейінгі 6 күнге жеке-жеке атау беріліп, оқиғалар қатары жасақталды. Атап өту қажет, барлық іс-шаралар ұлттық нақышта жасалып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталатын болады.

Атап айтқанда, 14 наурыз – Амал мерекесі (қауышу күні) аясында облыс орталығында зиялы қауым өкілдерін, еңбек ардагерлерін тарта отырып жалпы халыққа және жастарға Наурыз мерекесінің тәрбиелік мәнін, ұлттық салт-санамыздың, еліміздегі ынтымақ пен бірліктің, мызғымас татулықтың Тәуелсіздігімізді баянды етуге тигізер әсері мен пайдасын түсіндіру үшін түрлі бағыттағы шаралар өтеді.

Сонымен қатар, облыс әкімінің қатысуымен өтетін «Наурыз шапағаты» қайырымдылық күнінде халықтың аз қамтылған топтарын қолдауға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетуге бағытталған қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру жоспарлануда.

15 наурыз «Тарихтан тағылым күні» тақырыбында өтетін болады. Бұл күн толықтай ұлт мақтанышы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына арналып, еске алу, ұлықтау шаралары және Қызылорда облысының 85 жылдығына арналған түрлі сипаттағы шаралар, білім сайыстары өтеді.

Сондай-ақ, елді мекендерде ауыл халқының бірлігін арттыру мақсатында (мал шалу, ас беру, құран бағыштау) «Тасаттық» рәсімі жасалады.

16 наурыз «Наурыз нақышы – тазалық»: көркейту-көгалдандыру, тазалық күні. Бұл күні зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ағаш көшеттері отырғызылып, қаланы абаттандыруға бағытталған тазалық шаралары жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, барлық мекеме ұжымдарының бір мезеттегі «Ағаш отырғызу» акциясы және аулалар мен саябақтарды көгалдандыру бойынша «Жасыл үй» челленджі іске қосылады.

17 наурыз «Ұлттық спорт – ұлт салауаты»: Ұлттық ойындар күні. Бұл күні, қазақша күрес, асық ату және тағы да басқа ұлттық ойындардан сайыстар, велошерулер, марафон секілді спорт түрлерін қамтуды көздеп отырмыз.

Сонымен бірге, жалпы білім беру ұйымдарында оқушылар арасында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында сайыстар мен түрлі бағыттағы спорттық спартакиадалар өткізіледі.

20 наурыз – «Жастар күні»: Бұл күні жастар жиналып қазақтың дәстүрлі ұлттық ойындарын ойнап, думанды кеш өткізеді. Ел болашағы саналатын жастардың жадында ұлттық құндылықтар жаңғыратын бұл күннің рухани, мәдени маңызы да жоғары болмақ.

21 наурыз «Бірліктің бастауы, елдіктің дастаны – Наурыз» атты мәдени-көпшілік шара: бұл күні орталық алаңда Ұлыстың Ұлы күні, жыл басы Наурыз мейрамын тойлауға арналған мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылады.

22 наурыз – Жалпыхалықтық серуен. Ұлыстың ұлы күніне арналған мәдени шараның негізгі мақсаты – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы бедерінде Наурызнама мерекесі аясында құндылықтарымызды көрермендерге паш етіп, жаңа күнді, жыл басын жоғарғы шығармашылық кәсіби деңгейде жыл көлемінде тойланатын атаулы мерейтойларға ұштастыру болып табылады.

Айта кетейік, негізгі мерекелік іс-шара 21 наурыз күні Орталық алаңда өткізілмек. «Өнер Арбатынан», яғни Қорқыт ата көшесінен Ыбырай Жахаев көшесіне кіреберіске арнайы арка орнатылып, іс-шара басы тақырыптық прологпен басталады.

Театрландырылған қойылымнан соң, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі және Қызылорда облысының 85 жылдық торқалы тойы қарсаңында облыс әкімі және белгілі тұлғалардың қатысуымен аз қамтылған, толық емес отбасылардан шыққан 85 баланың тұсауын кесу рәсімі жасалады. Өнер арбатын бойлай орналасқан жарты киіз үй пішінді нысандардың айналасы тақырыпқа сәйкес безендіріледі. Мұнда облыстың 85 жылдығына арналған тарихи-танымдық көрме,  мереке ажарын ашатын мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырылып, бұқара халық арасында ұлттық спорт түрлерінен (қазақ күресі, қол күресі, тоғызқұмалақ, гір көтеру, асық ату, бес асық, арқан тарту, ләңгі тебу және қой көтеру) жарыстар, «Көлтауысарлар сайысы» яғни қымыз ішуден жарыс өтіп, «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылынан шыққан жас жұптың беташар рәсімі жасалады. Сонымен қатар, қолөнершілердің арнайы киіз үйі тігіліп, ұлттық бұйымдар көрмесі ұсынылады.

Сондай-ақ, орталық алаңының  тігілген
4 шатырда наурыз көже жасалынып, қала тұрғындары мен қонақтарына тегін таратылады.

Мұнан бөлек, аймақтағы барлық білім беру ұйымдарында, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында «Наурыз мейрамы» ұғымының пайда болуы, тарихы бойынша танымдық сабақтар өткізіледі.

Облыстық жастар ресурстық орталығында сол жағалау тұрғындарына, оның ішінде жас отбасылар мен жеткіншектерге арнап «Төрлет жаңа жылым – Наурызым!» атты мерекелік кеш ұйымдастырылады. Сондай ақ, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Жақсылыққа жаршы болған Наурызым» атты мерекелік шара, «Наурыз – береке, Наурыз – мереке» атты кітап көрмесі, бірнеше елді мекенде «Наурыз – думан» тақырыбында ұлттық ойын түрлерінен (қазақша күрес, асық, велошерулер, марафон және т.б.) сайыстар өткізіледі.

Н. Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Д.Исабековтың «Құстар фестивалі», Ғ. Мүсіреповтің «Ақбаян» спектакльдері мен Қ. Бегмановтың «Ер Төстік» балалар спектаклі көрерменге ұсынылады. Сондай-ақ, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Сыр өңірінің зергерлік өнері» этнографиялық көрмесі, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған «Aray City Mall» сауда орталығында «Наурыз айы туғанда», облыс музейлерінде «Наурызым – дәстүрлі ізгілігім», «Ұлыстың Ұлы күні», «Нұр Наурыз – халық тойы», «Наурыз келді еліме!» атты мерекелік шаралар мен ашық есік күндері өтеді.

 

Мария Умарова

ПІКІР ҚАЛДЫРУ