Күйгенкөл ауылындағы қуғын-сүргін

0
227

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылында және оған қарасты шағын елді мекендерде 1928-1932 жылдардағы ұжымдастыру саясатына қарсы халық наразылығы болған. Өңірдегі байдың ұрпақтары мен ауқатты адамдар ауылдағы ұжымдастыру науқанына қарсылық танытқаны анық.

Бұл тұжырымға Батыс Қазақстан об­лысы Полиция департаментінің арна­йы­ мемлекеттік архивінен табылған Ақ­басов, Қазыев, Жандәулетов, Ис­қа­зыев және басқаларын 58-10-11- бап­тар бойынша «айыптау ісімен» то­лық танысып шыққаннан кейін ке­ліп отырмыз. Оларға құзырлы ор­ган «Ақбасовшылдар» деген айдар­ та­ғыпты. Сондай-ақ Күйгенкөл ма­ңындағы кеңес билігіне қарсы на­ра­зылықтарды «Жаппастар мен тө­леңгіттер бас көтеруі» деп те қа­рас­ты­руға болады. Колхоздастыруға қар­сылық білдірген Күйгенкөл ауылы аза­маттарына Қылмыстық кодекстің 58-10-11 баптары бойынша «байлар­ болып топтасып ұйым құрды, кеңес­тік­ билікке ашық қарсы шығып, тұр­ғындар арасында үгіт-насихат жүр­гіз­ді» деген айып тағылған. Айып ар­қалағандар Жаппас және Төлеңгіт руы­нан шыққан Шынтемір Төпенов, Құр­манғазы (Құрманғали) Исқазыев, Ақбай Жанбауов, Мөден Ақбасов, Ғатау Байғазыев, Құшыр Қазыев, Әле Жандәулетов, Мәмбет Тінәлиев, Сапуан Шамғонов болатын.

1930 жылы көктемде Күйгенкөл ауы­лында «Гигант» ұжымшары ұйым­дас­тырылады. Осы кезде ауыл тұр­ғын­дары арасында жік пайда болып, ұжымдастыруға қарсы наразылық кү­ше­йеді. Ауылдың ауқатты адамдары әуе­лі ұжымшар басшылығына өз кісісін өткі­зуге тырысқан. Ауылдың жалпы жи­налысында ұжымшар басқармасына Құшыр Қазыев, Мөден Ақбасов, Құрманғазы Исқазыев ұсынылған. Алайда «Гиганттың» басқармасына бай­лар ұсынған үміткерлер өтпей қал­ған.­ Сол кезде дегені болмай қалған бай­лар жиылған жұртты қуып, билік өкіл­дерін қамшымен ұрған. ОГПУ уәкіл­дері куәгерлерден жа­уап ала келіп, «1930 жылдан бастап Күйгенкөл ауы­лында Құшыр Қазыев пен Мөден Ақбасов бастаған байлар ұйымы пайда­ болған» деген тұжырымға келеді. Ауыл­да таптық шиеленіс күшейіп, жағ­дай ушыққан кезеңде бұл топтың мүше­лері ұжымшар басшылары мен жер­гілікті билік өкілдеріне қарсылық таныту мақсатында қамшымен, шоқпармен, айыр­мен қаруланып жүретінді шығар­ған­ және оларды жабы­лып ұрып-соғу оқи­ғасы көбейген. Билікке наразылық біл­дірген топ жиындарда «Кеңес өкі­меті жойылсын, колхозға қар­сымыз» деп үнемі ұрандатып айта­тын­ болған.

Патша дәуірінен бері Күйгенкөл ауылында Жаппас руының беделі, билі­гі күшті еді. Сонымен бірге төлең­гіт­тердің де ықпалы айтарлықтай бол­ған. Ауыл байлары дүние-мүлкін кәм­пескелеуден сақтап қалу үшін өзара тығыз қарым-қатынас жасап, бір-біріне қонаққа барған болып жасыр­ын жиын өткізіп отырған. 1930 жылы шілдеде байлардың басын­ қос­қан алғашқы үлкен жиналыс Қазыев Құшырдың қонысында өткен. Бұл­ мәжі­лісте билікті байлардың қолы­на қайтарып, ұжымшарды тарату­ мәселесі талқыланады. Мұндай қарсылықтың басын­да Қ.Қазыев, М.Тінәлиев, М.Ақбасов, Ш.Төпенов, А.Жанбауов, Ғ.Байғазыев, Қ.Исқазыев, Ә.Жан­дәу­летов, С.Шамғонов тұрды. Бұлардан бас­қа кәмпескеленген, кейін ауданнан же­р­ аударылған байлар да жиналысқа қаты­насқан. Олар бірауыздан колхоз бас­шыларын қуып жіберіп, орнына өз­ адамдары Ақбай Жанбауов пен Сәр­сенғали Ақбасовты қою керек деген­ шешімге келген. Бұдан кейін жи­налған наразы топ ауылға келіп, кол­хоз басшыларын қамшымен ұрып-соғып, «коммунистерді ұрыңдар, кеңес өкіметі жойылсын, олардың ауыл­дағы құйыршықтары жойылсын» деп­ айқайлаған, ақырында колхозды таратып тынған.

1931 жылы сәуірде Күйгенкөл ауы­лында тағы бір ірі бас көтеру бол­ған. Сол уақытта ауылдың жалпы жи­налысы өтіп, байлар колхозшы кедей­лерді өз жағына қарай үгіттеп, жергілікті билік өкілдеріне қарсы қойған. Жиналыс басталған бойда ауылдың байлары билік өкілдеріне «жерді жыртпаймыз, тұқымдыққа бидай бермейміз, малды да бермейміз, облигацияларыңның қажеті жоқ», деп ашық жариялаған. Осылайша, жиналыс үстінде бүлік шығып, бұл жерден ауыл халқы үлкен дау-жанжалмен тарқасқан. 1931 жылы нау­рыз айында Төлеңгіт ауылында өткен жалпы жиналыста тұқымдық қор жасақтау мәселесі қарастырылған кезде ауыл байлары «ешқандай дән жоқ, біз ештеңе екпейміз» деп мәлімдеген. Осы уақытта батырақтардың бірі Сапи Абдулин тұрып, «Егер бақылау сандарын байларға бөлетін болсақ, тұқымдық қорын жасақтауды жүз пайыз орындауға болады», деп айтқан. Мұнан кейін М.Ақбасов орнынан ұшып түрегеліп, «Бізді алым-салықпен тонауды қойыңдар, онсыз да барлығын алып болдыңдар», деп дауыс көтере сөйлеген. Оны қасындағы жолдастары Қ.Қазыев, Ғ.Байғазыев, М.Тінәлиев құптаған және олар: «Мұндай баяндамашы кетсін, қуыңдар, бізде ештеңе де жоқ, ештеңе де бермейміз», деп айқайлаған. Сөйтіп, аталған жиналысты аяқ астынан тоқтатуға мәжбүр болған, артынан тұқымдық қоры да жиналмай қалған.

Сол жылы наурызда ауыл тұрғын­дарының малын келісім-шарт бойынша қабылдау науқаны жүргізіліп, байлар оған кедергі келтіруге тырысқан. Олар ауылдарға бөлініп, тұрғындар арасында қолдарыңдағы азын-аулақ малдарыңды ортақ меншікке бер­меңіздер деп үгіттей бастаған. Ғ.Бай­ғазыев, Қ.Қазыев, М.Ақбасов ауылға келіп, «малдарыңды бермең­дер, өйткені коммунистер біздің ша­руашылығымызды жойып, өздерінің қалтасын толтырғысы келеді», деп айтқан. Тергеуде куәгерлердің бірі Ғ.Байғазыевтың өзі коммунист бола тұра, ел ішінде үкіметке қар­сы үгіт-насихат жүргізді деп көрсеткен. Сонымен бірге бұл бай­лар­дың бұрын артельде болған кезінде рулық араздықты тудырып, ар­тельге өзге рудың адамдарын, әсіре­се кедейлерді қабылдамағанын жария еткен. Осындай текетірес жи­налыстың бірі 1931 жылы мамыр айын­да Күйгенкөл ауылдық кеңесінің маңында өтіп, онда шабындық және астық жинау науқанына қатысты мәселе қарастырылған. Оралдан кел­ген­ уәкіл баяндамасын аяқтаған бо­й­­да бұрынғы бай Қ.Қазыев қасындағы жақтастарымен бірге орнынан тұрып, «Шөп шабудың қажеті жоқ, өйткені біз малды айдап әкетеміз және егін оруға ат-көлік бермейміз. Бұл жерден көпшілік халық көшіп кетеді деп ойлаймыз, өйткені өкімет бізді өзінің әртүрлі дайындау ауыртпалығымен шаршатты, қазір біз дымсыз қалдық», деп ашына сөйлеген.

Тағы бір жасырын жиын мау­сымда, жазғы жайлауда Қ.Қазыевтың үйінде өткен. Мұнда ауыл байлары мен атқамінерлері Күйгенкөл ауылдық кеңесінен көшіп кету мәселесін көтерген. Ә.Жандәулетов: «Бұл жерде қала берсек, аштан өлеміз. Қазіргі жағдайдың бәрі уақытша, кеңес өкіметі жақын арада құлайды. Қ.Исқазыев молда-бақсы, сауатты адам, газетті көп оқиды, оның айтуы бойынша газеттерде коммунистердің өздері кеңес одағынан шетелге қашып жатқаны жазылған», дейді.

Мұндай үгіт-насихат жұмысының нәтижесінде ауыл тұрғындарының бірқатары басқа жаққа қарай көше бастаған. Күштеп ұжымдастырудың салдарынан ауыл халқының тыныш өмір іздеп басқа жерлерге үдере көшкені немесе күнкөріс қамымен бас сауғалап кеткені байқалады. 1931-1932 жылдары елді аштық жай­­лағанын ескерсек, халық тамақ таппай босып кеткен болуы да мүмкін. Құжатта куәгерлердің бірі сол кезеңде өз ауылында тұрғындардың 20 пайызы ғана қалды десе, екіншісі ауылдағы екі жүзден астам шаңырақтың небәрі 30-ы қалды деп көрсеткен. 1931 жылы маусым айының аяғында ауылдың ауқатты адамдары М.Ақбасовтың үйінде діни жоралғы жасаймыз деген сылтаумен жиналады. Кездесуде молда Қ.Исқазыев дұға жасап болған соң, жиналған қауымға үгіт-насихат айтқан. Молда Исқазыевтың өзі «Құранда айтылған, кеңес билігі кезінде қазақтар жаппай өліп, орыс­тар біздің жерімізге келіп орнығады екен. Онсыз да көріп отырсыңдар, коммунистер ұжымшарлар мен кеңшарларды құрып жатыр, бізге бұл ұжымшардан қашу керек, сөйтіп өз руымызды сақтап қалуымыз керек», деп мәлімдеген.

1931 жылы 17 тамызда ОГПУ-дың Жәнібек аудандық бөлімі Күйгенкөл ауы­лының 9 адамына қатысты істі қолға алып, тергеу жұмысына кірі­седі. Тергеу барысында оқиға куә­гер­лерінен жаппай жауап алынған. 1931 жылы 25 тамызда Ш.Төпеновті, Қ.Ис­қа­зыевты, А.Жанбауовты, М.Ақ­ба­совты, Ғ.Байғазыевты, Қ.Қазыевты, Ә.Жандәулетовті, М.Тінәлиевті, С.Шам­ғоновты қамауға алу туралы қау­­­лы қабылданған. 1931 жылы 10 қыр­­­­кү­йекте оларға алғашқы айып та­ғыл­­ған­.­ Олар әуелі Жәнібек аудандық абақ­­тысында отырса, 11 қыркүйекте Орал­дың түрмесіне жөнелтілген.

Жалпы, Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің архивінде сақталған құжатта кеңестік билікке қарсы шыққандары үшін айыпталған азаматтардың жеке басына қатысты нақты деректер бар. Әрине, бұл аталған тұлғалар 1990 жылдары ақталды. Алайда олардың ісі жарыққа шықпады. Тек бүгінгі тәуелсіздіктің арқасында ғана саяси-қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жұмысы аясында жазықсыз жазаланған азаматтардың есімдерін халыққа таныстырып отырмыз.

 

Есқайрат ХАЙДАРОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі

комиссия мүшесі 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ