S&p: Мұнай экспорты әртараптанса, рейтинг көтеріледі
Әрине, S&P халықаралық рейтинг агенттігі дәл мұндай мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ Қазақстанға қатысты бағалау мәтінінің астарына үңілсек, осындай емеурінді аңғару қиын емес. Жақында ғана олар Қазақстанның дербес несие рейтингін «негативтен» «тұрақтыға» ауыстырды. Былтыр Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысындағы бірнеше рет қайталанған іркілістен кейін агенттік Қазақстан экономикасының өсімі баяулауы мүмкін деп қауіптеніп, рейтингті «негатив» деңгейіне төмендетіп тастаған еді. Агенттіктің хабарлауынша, ел экономикасының тұрақты фискалдық және сыртқы теңгерімдері – Қазақстанның рейтингін қолдайтын маңызды фактор. Бұл ретте өтімді сыртқы активтердің болуы Қазақстанның фискалдық тұрақтылығына оң әсерін тигізеді.
S&P өз есебінде елдің фискалдық және сыртқы теңгерімдері тұрақты болып қала беретінін және Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жұмысындағы уақытша іркілістерге байланысты мұнай экспортының төмендеуінен туындайтын ықтимал әсерді жеңілдету үшін жеткілікті болатынын атап көрсеткен. Сондай-ақ сарапшылар Қазақстан Үкіметі жүргізіп жатқан тиімді макроэкономикалық саясатты атап өтті. Нақтылай айтқанда, Үкіметтің макроэкономикалық саясаты инвестициялық бағдарламалар арқылы экономиканы әртараптандыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, мемлекеттің қатысуын қысқартуға, бәсекелестікті дамытуға, салық саясатын жетілдіруге, мемлекеттік сатып алу саласын реформалауға, сондай-ақ бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған.
S&P Қазақстан экономикасының 2023 жылы 4,1% және 2023-2026 жылдары орта есеппен 4%-ға өсуін болжайды.
«Алтын-валюта қоры және Ұлттық қор қаражатының соңғы бір жарым жылда максимум деңгейге дейін өскенін айтқан болатынбыз. Тек алтын-валюта қорының өзі 2022 жылы 10,2 пайызға өсті. Ұлттық қор қаражаты 7 пайызға артты. S&P сарапшыларының болжауынша, экономика өсімі алдағы 3 жыл көлемінде 4 пайызды құрауы мүмкін. Бұған қоса, агенттіктің фискалдық саясатты жақсарту арқылы елдің егемендік рейтингін жоғарылату мүмкіндігін атап өткені көңіл қуантады», деп пікір білдіреді Tengenomika сарапшылары.
Сарапшы Айбар Олжайдың айтуынша, «тұрақтыдан» «позитивке» өтетін күн де алыс емес. Мемлекетіміздің экономикадағы үлесін тез арада қысқарта бастауы Standard&Poor’s сарапшыларына майдай жағып отыр.
«Агенттік біз мемкапитализмен алыстай бастасақ, толыққанды нарық күшейіп, теңгерім тұрақты болады деп санайды. Жаңа Қазақстан олигополияны жеңе білді. Ол елде жаңа бизнестердің пайда болуына әкелуге тиіс. Сонымен бірге, елден заңсыз шығарылған капитал қайтып, әлеуметтік мақсатқа бағыттала (жаңа мектеп, емхана) бастағандықтан, бюджеттің шамадан тыс әлеуметтік жүктемесін азайтуға мүмкіндік пайда болады. Жаңа Қазақстан эффектісін біз 2025 жылдан бастап сезінетін боламыз. Біздің макроэкономикалық парадокс – негізгі көрсеткіштер жақсарса да, қарапайым халыққа еш әсер етпейді. Дәл осы сұрақ қазір Үкімет үшін ең қиын мәселе болып тұр», дейді сарапшы.
Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің пайымынша, ұзақ уақыт мерзімде Қазақстан мұнайының экспорты баяулап қалар болса, онда сыртқы экономикалық позиция әлсірейді, бюджет тапшылығы артады, сәйкесінше аналитиктер рейтингті қайтадан төмендетуге мәжбүр болады.
«Егер КҚК ұзақ уақыт жұмыс істемей қалса, сондай жағдай болуы ықтимал. Қарыз алу шығындарының өсуі Үкіметтің қарызға қызмет көрсету ауыртпалығын арттыруды жалғастыра берсе де, рейтингті төмендетіп тастайды. Қарыздың жинақталу қарқынын төмендетіп және қарызға қызмет көрсету бойынша талаптарды азайта алсақ, онда ортамерзімді фискалды траектория агенттік күткендегіден де жақсарып, рейтингіміз жоғарылауы мүмкін. Ал ақша-несие саясатының артуы – неғұрлым қалыпты инфляция, сондай-ақ валюта бағамының икемділігіне деген тұрақты міндеттеме және аз долларланған экономиканың қалыптасуына байланысты», дейді сарапшы.
S&P рейтингі өте маңызды, себебі осындағы бағалауға шетелдік инвесторлар ерекше мән береді. Қазақстан үшін инвестиция өте қажет.
КҚК қаупі қайталана ма дегенге әлі толыққанды жауап жоқ. Ең бастысы, Қазақстан өзінің экспорттық маршрутын әртараптандыруға шындап кірісті. «ҚазТрансОйл» наурыздан бастап Ақтау порты арқылы Баку портына қарай Қашағаннан өндірілген 7 мың тонна мұнай жөнелтетіндерін хабарлады. Қашаған мұнайын тасымалдауды «INPEX North Caspian Sea, Ltd.» компаниясы өз міндетіне алмақ.
Бұған дейін Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мұнай экспорты бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады деген еді.
«Оның ішіне Ресей арқылы өтетін бағыт та кіреді. Каспий құбыр консорциумы, «Атырау – Самара» құбыр желісі, «Махачкала – Ақтау» бағыты. Осы жылдан бастап Ақтау – Баку бағыты бойынша тасымал басталады. Яғни мұнай Әзербайжан арқылы экспортталады», деді министрлік өкілі.
Ол сондай-ақ қазақ мұнайының тек қана Шығыс – Батыс бағыты бойынша емес, Солтүстік – Оңтүстік бағыты бойынша тасымалданатынын да атап өтті. Оңтүстік бағыт Түрікменстан мен Иран арқылы өтеді. Сонымен бірге мұнайды Түркия арқылы Иранға тасымалдау мәселесі де қарастырылған.
«Сыртқы саяси зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Амангелді Тәженовтің айтуынша, Еуроодақ елдеріне энергия тасымалдаушысы болу тұрғысынан Қазақстанға қазір тамаша мүмкіндік ашылып тұр.
«Еуропа осыған дейін Ресей газы мен мұнайының басты тұтынушысы болып келді. РФ-ға қарсы салынған санкциялардан кейін жеткізілімдердің бәрі бұзылды. Энергия тасымалдауды жеткізу бойынша енді Қазақстанның рөлі күшейеді. Бұл ретте 2022 жылдың қарашасында БҰҰ 27-ші конференциясы аясында Қазақстан мен ЕО арасындағы энергия және шикізат жеткізу саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы екіжақты келісім негізінде бұл мәселені алға жылжытуға болады. Өз кезегінде ЕО-ның энергия өндіруші елдерге деген қызығушылығының артуы да еліміздің транзит-логистика саласы үшін жақсы мүмкіндік туғызады. Мұның ел экономикасына алдыңғы қатарлы еуропалық технологиялар мен инновацияларды тарту бойынша да пайдасы орасан», дейді Амангелді Тәженов.
Оның сөзінше, Қара теңіз арқылы Еуропаға мұнай тасымалдау мәселесін Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты бойынша жеткізілімдерді ұлғайту, сондай-ақ Қазақстан – Каспий теңізі – Оңтүстік Кавказ буынын Қытайдан Германияға жаңа жүк теміржол бағытын тарту арқылы шешуге болады.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, қазақ мұнайын Каспий теңізі арқылы (Әзербайжанға дейін мұнай құбырларымен, Иранмен своп-операциялар арқылы) сату үшін 10 мың тоннаға дейінгі дедвейтке ие ауқымды танкер флоты керек.
«Транскаспий халықаралық транспорт маршруты арқылы жүк тасымалын дамыту үшін «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында контейнерлік хаб құрылады. Инвестор ретінде PSA Group, Maersk, MSC сияқты әлемдік ірі контейнерлік операторлар тартылады. Сондай-ақ паром флоты да (10 бірлік) салынады. Бұл шара әзербайжандық тасымалдаушыға деген тәуелділікті азайтады. Бір паромның құны шамамен 37-40 млн доллар аралығында», дейді сарапшы.
Бұған дейін «Kusto Group» директорлар кеңесінің төрағасы, бизнесмен Еркін Тәтішев Транскаспий дәлізінде шын мәнінде Қазақстанның меншігінде ештеңе жоқ деп сынаған еді.
«Біз үшін керемет саналатын Транскаспий маршрутында, бізде Каспий теңізінде ештеңе де жоқ. Әзербайжанда 14 паром бар, тоғызы бізге жұмыс істейді. Бірақ қазақтарда түк жоқ. Қазақстан суперлидер болуға тиіс, өйткені Транскаспий бізге керек. Қазақстан – транзит тұрғысынан да, жол қажеттілігі тұрғысынан да үлкен бенефициар», деген болатын ол CFO Summit-те.
Жақында Хьюстонда өткен CERAWeek конференциясына қатысқан Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстан Каспий арқылы жаңа құбыр салуға ниетті деп, ол құрылыстың шамамен 5 жылға созылуы мүмкін екенін, ол үшін мұнай танкерлерінің жаңа флоты қажет екенін атап өткен еді.