Тоқаев парламенттің бірінші сессиясын шақыру туралы жарлыққа қол қойды
Сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы парламентінің бірінші сессиясы 29 наурызда өтеді.
“Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабының 2-тармағына сәйкес қаулы етемін: Сегізінші сайланған парламенттің бірінші сессиясы 2023 жылғы 29 наурызда сағат 10-да Астана қаласында шақырылсын”, – делінген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығында.
Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Бүгін, 27 наурызда Орталық сайлау комиссиясы 19 наурызда өткен мәжіліс сайлауының түпкілікті қорытындысын жариялады. Оған сәйкес мәжіліске алты партия – Amanat, Ауыл, Respublika, Қазақстан халық партиясы, “Ақ жол”, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өтті.
Депутаттық мандаттар саяси партиялар арасында былай бөлінді:
Amanat партиясы – 40;
“Ауыл” партиясы – 8;
Respublika партиясы – 6;
Қазақстан халық партиясы – 5;
“Ақ жол” партиясы – 6;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 4.
Қалған 29 депутат мәжіліске бір мандатты округтер бойынша сайланды.