Банктердің нарықтағы үлесі қандай?

0
134

Барлық дамыған мемлекетте банк қызметі – нарықтық экономика жүйесінің негізгі тармағы саналады. Оларға жетекші шаруашылық агенттердің рөлі жүктеліп, қызметі макроэкономикалық үдерістерге әсер ететін маңызды арналардың бірі ретінде қарастырылған. Өйткені екінші деңгейлі банктердің табысты жұмыс істеуі елдің әлеуметтік тұрақтылығына бірден-бір әсер етуші күші әрі экономикалық дамуының негізгі көзі. Десек те, қаржы реттеушілер банктердің лицензиясын қайтарып алып, оларды таратуға мәжбүр ететін жағдайлар да кезігеді.

ЕДБ активтеріндегі 10 ірі банктің үлесі 92,4%, меншікті капитал таңдаулы 10 банктің үлесі 93,2% құрап, активтер жөнінде алғашқы ондыққа Halyk Bank, Kaspi Bank, ЦентрКредит банкі, Отбасы банкі, ForteBank, Jusan Bank, Еуразиялық Банк, Bank RBK, Bereke Bank және Фридом Финанс Қазақстан банкі енген

Мұндай кезеңде банк салымшылары мен жалпы экономика қолайсыздыққа ұшырап жатады. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 136 банк таратылып, тағы 9 екінші деңгейдегі банк (ЕДБ) таратылу үдерісіне жеткен. Нақты мәліметтерге қарасақ, бұл банктердің 90%-дан астамы 2001 жылға дейін, ал ЕДБ-нің 64%-ы соттан тыс тәртіппен, 17%-ы сот тәртібімен, 14%-ы мәжбүрлі түрде және 5%-ы ерікті түрде таратылған. Соңғы рет 2021 жылы Asia Credit Bank және Capital Bank Kazakhstan екі банктен лицензия қайтарылып алынды, оның алдында 2020 жылы Tengri Bank лицензиясынан айырылған еді. Аталған банктердің лицензиясынан айырылудағы негізгі жайттардың бірі пруденциалдық нормаларды және басқа да міндетті нормалар мен шектерді жүйелі түрде бұзғандығы, қадағалау шараларын сақтамауы, сонымен қатар банктің ірі қатысушысының уәкілетті органы қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптардың сақтамауына орай банкті дәрменсіз санатқа жатқызған.

 

Қандай банктер банкроттыққа ұшырайды?

Таратылу үдерісінде тұрған 9 ЕДБ-ны қарастырсақ, 2016-2021 жылдары аталған 9 қаржы институтының 8-і ли­цен­зиясынан айырылған. Бұл – банк­тер­дің барлығына ортақ нәрсе. Банк сек­то­рындағы үлесінің аздығы. Яғни таратылатын банктердің барлығы, әдетте шағын банктер, сондықтан экономикаға айтарлықтай қауіп төнбейді. Мәселен, тарату кезінде Capital Bank Kazakhstan мен Asia Credit Bank үлесі – банк секторының 0,1%-ы, Tengri Bank үлесі – 0,3%, Астана банкінің үлесі – 0,6%, Эксимбанк Қазақстан үлесі – 0,2%, Qazaq Banki үлесі – 0,9%, Delta Bank үлесі – 0,8% және Қазинвестбанк үлесі – 0,7% болды. Бұл банктердің ешқайсысының нарықтағы үлесі 1%-дан аспады, ал бес банктің үлесі, тіпті 0,5%-дан да аз.

Бүгінгі таңда елімізде 21 екінші дең­гей­лі банк жұмыс істейді. Оның ішін­де шетелдіктердің қатысуымен 12 банк­тің 9-ы еншілес банктерге тиесілі. Ха­лық­аралық рейтингтік агенттіктердің мәліметтеріне үңілсек, қазіргі уақытта Қазақстанның банк секторы тұрақты деуге болады. Олардың талдаулары елдегі ЕДБ-ның дағдарысқа төтеп беру қа­бі­летінің жақсарғанын растап отыр. ЕДБ активтеріндегі 10 ірі банктің үлесі 92,4%, меншікті капитал таңдаулы 10 банктің үлесі 93,2% құрап, активтер жөнінде алғашқы ондыққа Halyk Bank, Kaspi Bank, ЦентрКредит банкі, Отбасы банкі, ForteBank, Jusan Bank, Еуразиялық Банк, Bank RBK, Bereke Bank және Фридом Финанс Қазақстан банкі енген. Ал реттеуші меншікті капитал бойынша алғашқы ондыққа Halyk Bank, Jusan Bank, Kaspi Bank, Отбасы банкі, Bank RBK, Еуразиялық Банк, ЦКБ, ForteBank, Ситибанк Қазақстан және Home Credit Bank кіреді.

Аталған банктер ЕДБ секторындағы ең ірі ойыншылар, олардың барлығында жеткілікті меншікті капиталы бар. Бұған қоса, осы банктердің тұрақтылығын жоғарыда атап өткеніміздей Moody’s, Fitch Ratings және S&P Global Ratings сияқты халықаралық рейтингтік агенттіктердің бағалаулары да растайды.

 

Меншіктегі капитал 6 триллионнан асты

Банктердің сенімділігі мен тұрақтылы­ғының ерекше көрсеткіштерінің бірі мен­шікті капиталдың көлемі мен жеткі­лік­тілігінде. Биылғы жылдың бастапқы айының мәліметке қарағанда, ЕДБ реттеуші меншіктегі капиталы бір айда 2,8%-ға өсіп, 6,1 трлн теңгеге жеткен. 2 трлн теңгеге жуық меншікті капиталға ие Halyk Bank ең жоғары реттеуші ретінде қалып тұр. Көрсеткіш бір айда 3,1% өскен. Меншікті капиталы бір айда 2%-ға өсіп, 766,5 млрд теңгені құраған Jusan Bank екінші орында. Сонымен қатар Jusan Bank ірі ЕДБ арасында өз капиталының жеткіліктігін көрсетеді. Үшінші орында Kaspi Bank, 600,9 млрд теңге. Меншікті капиталдың мөлшері банктің қаржылық тұрақ­тылығын анықтаудың кілті. Капи­тал­дың жеткіліктілігі өз кезегінде тұрақ­ты­лық пен сенімділікті, қаржы инсти­тутының жағымсыз факторларға төтеп беру қабілетін көрсетеді. Өз кезегінде, 2022 жылдың соңында Jusan Bank Moody’s агенттігінің B1 деңгейдегі рейтингтік рас­тауына, сондай-ақ болжамды «тұрақ­ты­дан» «оңға» жақсаруына ие болды. Moody’s қаржы институтының бизнес үлгісі жетілдірілетініне сенеді, бұл кіріс­тілік, активтер сапасы мен төлем қабі­леттілігінің одан әрі жақсаруына әкеледі. Бұрынғы бірігулерден кейінгі корпоративтік құрылымның эволюциясына байланысты банктің жоғары операциялық тиімділігі де өнімділікті арттыруға көмектесіп отыр. Сондай-ақ өтімді активтердің жоғары резерві (банктің жалпы активтерінің 63%-дан астамы) ескерілген. Өткен жылғы банк активтерінің сапасын бағалау рәсімі (AQR) барысында 15,2 трлн теңгеге 19 млн несие, оның ішінде 14 мыңнан аса ірі қарыз алушыға талдау жасаған. Бағалау нәтижесінде жүйедегі капиталдың жеткіліктілік деңгейі заңмен белгіленген ең төменгі деңгейден айтарлықтай асып түсетінін анықтаған. Бұл AQR қатысу­шы банктердің салымшылары үшін тәуе­кел­дер­дің жоқтығын көрсетеді. Айта кетейік, AQR – активтердің нақты сапасын, жұмыс істемейтін несиелер деңгейін, күтілетін несиелік шығындарды және банк­тер капиталының жеткіліктілігін егжей-тег­жейлі бағалауға мүмкіндік бе­ре­тін тәуе­келге негізделген қадағалау құрал­да­­ры­ның бірі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі былтырғы жылдың қо­рытындысы бойынша геосаяси тұ­рақ­сыздық пен макроэкономикалық өзге­рістер аясындағы күйзелістерге қара­мас­тан, банк секторы барлық негізгі көрсеткішке байланысты тұрақтылық танытып, пайыздық өсімге қол жеткізгенін атап өтеді. 2022 жылы банк активтерінің өсімі 18,4%-ды құрап, 44,6 трлн теңгеге жеткен. Экономиканы несиелендіру бір жылда 23,3%-ға өсіп, 22,8 трлн теңге болған. Банк активтерінің ІЖӨ-дегі үлесі 2023 жылдың алғашқы айында 46,2%-ды құрады. Сонымен қатар 2022 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі активтері банк жүйесі активтерінің 71%-ын құрайтын ірі он банкке бірінші кезекті AQR жүргізді. Банктерге жүргізілген тексеріс барысында 15,2 трлн теңгені құрайтын 19 млн несиеге талдау жасалып, онда 14 мыңнан аса ірі қарыз алушы қамтылған. Қосымша резерв құру 2,3 пайыздық тармаққа бағаланып отыр. Бұл экономиканы жоғары сапалы несиелеуді ұлғайту үшін банктердің жеткілікті қауіпсіздік қоры бар екенін айқындап отырған жақсы көрсеткіш. Жалпы, бағалау нәтижелері жүйедегі капиталдың жеткіліктілік деңгейі заңмен белгіленген ең төменгі деңгейден айтарлықтай асып түсетінін бағамдауға болады. AQR қа­тысушы банктердің салымшылары үшін тәуекелдердің жоқты­­ғын білдіреді. Осылайша, елдің ірі банк­тері орта мер­зімді перспективада тұрақтылығын сақ­тап, өз функцияларын толық көлемде атқа­ратын болады деп сеніммен айта аламыз. Мұндай банктер үшін банкроттық қауіп жоқ.

 

Қолжетімді ипотекаға ЕДБ-ның әсері

Сонымен екінші деңгейлі банктердің жағдайынан біраз мағлұмат алғандаймыз. Ендігі мәселе қолжетімді баспанаға байланысты болып тұр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде жан басына шаққандағы тұрғын үймен қамтылу 23,4 шаршы метрді құраған. БҰҰ-ның әлеуметтік стандартқа сай, бұл көрсеткіш 30 шаршы метрден асуға тиіс көрінеді. Бүгінгі күні елімізде өз үйін сатып алудың ең тиімді жолы ипотека болып тұр. Дегенмен республикада коммерциялық ипотека бағасының айтарлықтай шарықтаған уақытында қалыпты ипотеканы банктердің серіктес бағдарламалары мен жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламаларына кірмейтін және тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне жатпайтын ипотекалық несие берумен елімізде 11 ЕДБ айналысады. Бұл сегменттегі ең төменгі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі ЦентрКредит банкі 14,9% және Қазақстандағы Қытай банкі 26,5% аралығындағы жоғары пайыздық мөлшерлемемен баспана алатын тұрғындар аз әрине. Кейбір ЕДБ өз өнімдерін жетілдіріп, серіктес бағ­дар­ла­маларын әзірлеуде. Қазір елдегі 4 ЕДБ құрылыс компанияларымен серіктес ипотека ұсынып, бұл сегменттегі ең төменгі мөлшерлемені Altyn Bank екі минутта мақұлдайтын цифрлық ипотеканың бөлігі ретінде BI Group-пен бірлескен Оңай бағдарламасын ұсынып отыр. Онда несие мерзіміне байланысты 0,1%-дан басталады. Сонымен қатар банк наурыз айында акция өткізіп, мөлшерлемені 4,5%-ға төмендеткен. Фридом Финанс банкі BI Group-пен бірлескен ипотекалық бағдарлама бойынша мөлшерлеме 0,2%-дан, ЦентрКредит банкінде құры­лыс ком­панияларымен серіктес бағдар­ла­ма­лар шеңберіндегі мөлшерлемені 5%-дан бастаған. Halyk Bank-те BI Group-пен бірлескен бағдарлама бойынша мөлшерлеме – 4,6%-дан жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 6,7%, Bazis-A-да 18%-дан жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 20,4%. Төрт банктің үшеуі Altyn Bank, ЦентрКредит банкі және Halyk Bank тұрғын үй құнының 20%-ын, Фридом Финанс банкі 30 пайыздан бастап бастапқы жарнаны құрайды. Altyn Bank және Halyk Bank-те ипотеканың ең жоғары мерзімі 240 айға дейін, ЦентрКредит банкі мен Фридом Финанс банкінде 180 айға дейін. Ипотеканың ең үлкен максималды сомасын Фридом Финанс банкі 200 млн теңгеге дейін, одан кейін ЦентрКредит банкі 100 мл теңгеге дейін және Altyn Bank 80 млн теңгеге дейін соманы ұсынады. Ал Halyk Bank шекті соманы көрсетпеген. Биыл жыл басында халыққа тұрғын үй салуға және сатып алуға берілген несие­лер (ипотекалық несиелер) 4,86 трлн теңгені құраған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 39,3%, ал он жыл бұрынғыдан бірден 5,3 есе артық. Аталған жайт негізінде қазірдің өзінде ел экономикасына берілген барлық несие 21,3%-ын құрап, бір жыл бұрын көрсеткіш 18,9% және он жыл бұрын 9,2% ғана болған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз