Балалардың қауіпсіздігі басты назарда

0
301

Қазалы ауданында кәмелетке толмағандар арасында орын алған топтық төбелестің қоғамда резонанс туғызғаны белгілі. Жеткілікті деңгейде бақылау болмағандықтан, бейқамдықтың соңы жантүршігерлік топтық төбелеске әкеп соқты.

Соққыға жығылған баланың ата-анасы полицияға арызданбаған. Дегенмен, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес құзырлы органдар тарапынан жан-жақты жұмыстар қолға алынды. Жасөспірімдер арасында орын алған бұл жағдай аймақ басшысының тікелей назарында.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шұғыл жиын өткізіп, осы жағдайға жол берген жауапты тұлғалардың жауапкершілігіне, қызметке сәйкестігіне лайықты баға беру туралы тапсырмасынан соң сең қозғалды. Шұғыл жиналыста аймақ басшысы аудан әкімдерінен, полиция департаменті басшылығынан, білім басқармасынан есеп сұрап, жағдайға нақты әрі шынайы баға беруді талап етті. Төбелестің шығу себебін анықтап, жағдай ушыққанша бақылау жасамаған барлық жауапты басшыларға қатаң әрі шұғыл шара көруді тапсырды.

«Қызылорда қаласы мен Қазалы, Жалағаш ауданы бойынша полиция бөлімдері басшыларының жауапкершілігі қаралсын.

Сонымен қатар, аталған мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына да осы жағдайға жол бергендері үшін тиісті шара қолданылсын», – деді облыс әкімі.

Аудан көлемінде криминогендік ахуалды тұрақтандырмаған, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу жұмысын өз дәрежесінде ұйымдастырмаған, қоғам сынына ұшыраған резонансты бұзақылық қылмыстың орын алуына жол берген Қазалы аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары және Қазалы аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығына қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертілді.

Қазалы аудандық полиция бөлімі бастығын өз қызметтік міндеттерін тиісінше атқармағаны, бөлім жұмысын ұйымдастыруда қарамағындағы қызметкерлерге ведомстволық бақылауды, сұраныс пен талапты әлсіреткені, кәмелетке толмағандар арасында жасалған резонансты бұзақылық қылмысқа жол беріп, қылмыс бойынша хабарламаны тексеріп қадағаламағаны үшін атқарып отырған лауазымынан босату жөнінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне ұсыным жолданды.

Жалағаш аудандық полиция бөлімі бастығына да кәмелетке толмағандар арасында бұзақылық қылмыс жасалуына жол бергені үшін тәртіптік шара көріліп, қатаң сөгіс берілді. Оған қоса, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығына, Жалағаш ауданында ювеналды,патрульдік полиция тобының және учаскелік полиция инспекторларына, криминалды полиция бөлімшесінің жедел уәкіліне сөгіс, қатаң сөгіс берілді.

Сонымен қатар қалалық полиция басқармасы бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасарына ішкі істер органының абырой мен беделіне нұқсан келтіргені үшін қатаң сөгіс тәртіптік шарасы қолданылды. Еске салайық, аталған лауазымды тұлғаның құқық қорғау органы қызметкеріне лайық емес іс-әрекеті, яғни «Тарлан» спорт кешені алдында кәмелет жасына толмаған балаға қол жұмсағаны қоғамның қатаң сынына ұшыраған болатын. Мұнан бөлек, қалалық полиция басқармасының 10 жауапты қызметкеріне түрлі тәртіптік жаза қолданылды.

Сондай-ақ Қазалы ауданының әкіміне қатаң ескерту, аудандық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс берілді. Жалағаш ауданындағы екі мектеп оқушылары арасындағы жанжалдың алдын алмағаны үшін осы ауданның білім бөлімінің басшысына, Қызылорда қаласындағы №217 мектеп оқушыларының суық қару қолдану оқиғасына жол бергені үшін қалалық білім бөлімі басшысына қатаң сөгіс шарасы қолданылды. Қазалы ауданындағы №70 және №266 мектептердің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары жұмыстан босатылды. Аталған екі білім ошағының директорларына денсаулығына байланысты еңбек демалысынан жұмысқа түскен соң қатаң шара көріледі.

Дәрігерлердің айтуынша, қазір баланың жағдайы тұрақты ауыр. Барлық тексеріс жүргізілген, ем жасалуда.

Шұғыл жиналыста берілген тапсырмалардың орындалуы, жалпы ахуал облыс әкімінің күнделікті қадағалауында.

Аймақ басшысы жауапты басшыларға қала мен барлық ауданда рейд ұйымдастыру, ата-аналар мен жасөспірімдер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді де тапсырған болатын. Қазір облыс көлемінде тапсырмаға сәйкес іс-шаралар жүргізілуде.

Айта кету керек, Қазалы ауданында орын алған жағдай бойынша облыстық полиция департаменті мен облыстық денсаулық және білім басқармалары басшылығының қатысуымен брифинг ұйымдастырылды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ