Әкімдерге жүктелген міндет зор

0
194

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде өткен кеңейтілген кеңес жаңа форматтағы жиын болды. Тұңғыш рет мұндай деңгейдегі іс-шараға мәслихаттардың басшылары қатысып, аудан әкімдері жиналды.

Өңірдің негізгі экономикалық дамуына әкім жауап беретін еді. Қазір мәслихаттардың да рөлі артып келеді. Олардың мығымдығына, дұ­рыс, ашық бәсекелесе жұмыс істеуіне нақты та­­лап­тар қойылды. Мұндай жағдайда мәслихат­тың да салмағы артып, жауапкершілігі еселене түседі.

Шынын айту керек, елімізде төрт аймақ қана республиканың доноры. Қалғаны бюджет есебінен күн көріп отыр. Мемлекет басшысы бүгін өте өзекті мәселені көтерді. Күні-түні ойланатын кез келді. Қандай жағдайда экономиканы жақсартамыз, қайтсек дамимыз? Осыны жан-жақты талқылау керек. Азаматтар да бұл салмақты сұрақтың жүгін бірге арқалауы қажет.

Екінші мәселе – реформаның негізгі қара жұмысын атқаратын аудан әкімдері. Үлкен салмақ соларға түседі. Президент бүгінгі сөзінде аудан әкімдерінің жауапкершілігін арттыру қажет екенін баса айтты. Қазіргі таңда геосаяси, әлеуметтік, экономикалық тұрғыда күрделі кезеңге аяқ бастық. Қоғамның талабы өзгерді. Экономикалық ахуал ушығып тұр. Мұның бәрі мемлекеттік аппараттан жаңа сапаны қажет етеді. Бүгінде халыққа ұнайтын әңгімеден гөрі, ұнамайтын әңгімені – шындықты шырқыратып айту керек. Соған сай, қоғамға атқарылған жұмысты түсіндіре білу қажет.

Мемлекеттік қызметке еліміз үшін не істей аламын, пайдамды қалай тигіземін дейтін көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар керек. Сондықтан мемлекеттік аппарат, әсіресе аудан әкімдері көп еңбек еткені абзал. Өйткені халықтың көпшілігі аймақтарда. Солардың талабына сай болғаны жөн. Қысқасы, олар мемлекет жүргізіп жатқан реформаның ел ішіндегі елшісі атануға тиіс. Осыларды ескере келе, Мемлекет басшысы бүкіл аймақтың басшыларын жинап, кеңес өткізді.

Жиын барысында көптеген қордаланған мәселе айтылды. Бұған сай нақты тапсырмалар да берілді. Оны байыппен, дұрыстап атқару – мемлекеттік аппарат, Парламент, мәслихаттардың тікелей міндеті. Бұларды кейінге қалдыруға уақыт жоқ. Саяси рефор­малардың негізгі кезеңі өтті, енді соны саяси мәдениетке айналдырып, бәсекелестік дәстүріне әкелу – жаңа кезең талабы.

Айдос САРЫМ,

Мәжіліс депутаты

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз