Қоғам бірлігі – қастерлі ұғым

0
284

Қоғамда өзіндік мүдделері мен мақсаттары бар түрлі әлеуметтік топтар мен саяси күштер болады. Осы әлеуметтік топтар мен саяси күштердің өзара сенімі, келісімі, өзара әрекеттестігі мен ынтымақтастығы әлеуметтік өмірдің ерекше сапалы жағдайы болып табылатын қоғам бірлігін құрайды.

Қоғам бірлігі – қоғамның ілгері­леуін жеделдетудің, мемле­кеттің тұтастығы мен тұрақ­ты­лы­ғын нығай­тудың қуатты факторы. Егер бір елде қоғам бірлігі болмаса, ол елдің кез келген қи­ындықтардан шығу жо­лында елеу­лі кедергілер кездесе бермек. «Қоғам бірлікте өмір сүруі үшін не істеу керек?» деген сауал – әлеуметтік ғылымдардағы ең маңызды мәселелердің бірі. Қоғам­ның бірлігін түсіну ең алдымен, қоғамдық келісім теориясымен байланысты. Кейін қоғамдық келісім тео­риясы қоғам бірлігіне жету құралы ретінде консенсус идеясымен ауысты. Жалпы, қоғам бірлігі деп нақты нені түсінеміз? Біздің ойымызша, қоғам бірлігі ынтымақтастықпен байланысты. Француз әлеумет­тану­шысы Э.Дюркгейм өз еңбек­­терінің бірінде әлеуметтік ынты­мақтастықты өлшеуге болмайтынын айтты. Демек, біз бір қоғам­ның «ынтымақтастығы» жоғары, екіншісі төмен деп айта алмаймыз.

Қоғамның бірлігін тек адам­дардың консенсусы емес, қоғамда қалыптасқан қағидалардың бірлігі ретінде де қарауға болады. Қоғам бірлігін құру үдерісінде осы қа­ғи­далар арасында иерархиялық тепе-теңдік орнайды. Бұл тепе-теңдік әрбір жағдайда «қоғамдық келісімді» көрсетеді. Қоғамдық келісімге қол жеткізу туындайтын қақтығыстарды еңсеру тетігі болып табылады. Тек мемлекет қана емес, бүкіл азаматтар осы қоғам бірлігі тетіктерін дамытуға бірлесе атсалысуы қажет.

Ғылымда адамдар қауым­дас­тығының маңызды белгілерінің бірі – олардың бір ұғым туралы идея­ла­ры­ның бірлігі туралы көп айтылады. Ұжым­дық шы­на­йы­лыққа көзқарасты біл­­діретін түсінік ұжымдық көз­қа­растардың қауымдастық негіз­деген қағида бойынша әрекет етеді. Ұжымдық көзқарастар қоғам бір­лігінің маз­мұнын қалыптастыруда ма­ңызды рөл атқарады. Өйткені ұжым­дық көзқарастар көмегімен кез келген адам өзін қай топқа жа­татындығын таниды. Қоғамның дамуымен ортақ моральдық сезімдерге негіз­делген ынтымақтастық, оның ішінде ме­ханикалық ынтымақтастық өз ре­­тімен еңбек бөлінісіне негіз­дел­ген органикалық ынты­мақ­тас­тықпен ауысады. Нормалар мен ере­желер азаяды және орга­никалық ын­ты­мақтастық қоғамындағы адам­­дар түрлі қызметтерді орындай­ды.

Қоғам бірлігін зерттеуде аме­рика­лық әлеуметтанушы Т.Пар­сонс теориясының тәсілдері маңызды рөл атқарады. Т.Парсонс қоғам немесе әлеуметтік топ бір­лігінің негізін «әлеуметтік жүйе­нің қажетті типі туралы идеялар» ретінде анықтайтын және «үлгіні сақтау және жаңғырту қыз­меттерін» орындайтын құн­дылықтар деп атайды. Құнды­лықтар қолдаушылардың ор­тақ идея­ларға сәйкес әрекет етуін және бірге әрекет ететін жеке тұл­ғалар бірлестіктерін – «құн­дылыққа не­­гізделген бір­лестіктерді» құ­руға міндеттейді. Т.Парсонс пен Э.Дюрк­гейм тұжырым­дамала­рында құндылықтар мен ұжымдық қағидалар сәйкесінше қоғамның интеграциясына, оның тепе-теңдік жағдайына жетуіне ықпал етеді.

Француз әлеуметтанушылары Л.Болтански және Л.Тевено бірлік ұғымын қалыптастыруда алты әлемге мән беру қажеттілігін не­гіздейді. Біріншісі – адам шабыты әлемі. Шығармашылық, ағар­тушылық негізгі ресурсы болып табылатын шабыттанған туын­дыгер – оның субъектісі. Екінші, дәстүр, сенім, бедел, жеке қарым-қатынасқа назар аударумен сипатталатын үй әлемі. Үшін­ші, ынтымақ, теңдік, ұжым­дық мүддені жүзеге асыруға ұмтылатын азаматтық әлем. Төр­тінші, тиімділік пен өнімділікке бағытталған индустриалдық әлем. Бесінші, танымалдылық пен қадір-қасиет ең маңызды категориялар болып саналатын пікірлер әлемі. Алтыншы, баға, айырбас, ақ­ша және сатып алу қабілетімен өл­шенетін нарық әлемі.

Қоғамның бірлігі мен ынты­мақтастықтығының негізі индивид пен ұжым арасында үнемі тепе-теңдік орнату арқылы өзара әрекеттестікке ұмтылумен байланысты. Бірлік пен ынтымақтастық қалыптасқан қоғамда жеке адамдар мен ұжымдардың бас­тамалары қолдау тауып, мемлекет қоғамдағы әділдік пен сабақтастықтың, ұжым­дық талқылаудың кепілі ретінде әрекет етеді. Талқылаулар арқы­лы туындайтын ұжымдық жауап­кер­шілік болмаса, бірлік пен ын­тымақтастық жекешілдікке толы қо­ғамдағы олқылықтарды жоюы ық­тимал. Демек, қазіргі жаһан­дану заманында бірлік пен ынты­мақтастықта болуымыз керек.

Біздің ата-бабаларымыз бағ­зы замандардан бері бірлік пен ынтымақтастықты жоғары баға­лады. Мұны «Бірлік болмай – тірлік бол­мас», «Ырыс алды – ынты­мақ» се­кілді көптеген мақал-мәте­лі­міз­ден білуге болады. Сондықтан бір­лік мем­­лекетіміздің дамуы үшін қа­жет.

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдар кандидаты

ПІКІР ҚАЛДЫРУ