Құны үйдің бағасымен бірдей: қызғалдақ туралы қызық дерек

0
1081

Салқын самал желмен дірілдей құлпырған көктем аруы – қызғалдақтың атауы түрлі аңызға арқау болған. Сіздерге сол аңыздың бірін және қызғалдақ туралы қызықты деректі ұсынамыз.

Аңыздардың бірінде бағзы заманда дәулеті тасыған сараң бай өмір сүріпті. Оның жан дегенде жалғыз қызы болған. Байлықтан басы айналған әлгі адамға жалғыз қызым тұрмысқа шығып, бар жиғаным күйеу баланың қолына өтеді деген арам ой маза бермеген. Ақырында қыр төсінде кетіп бара жатқан қызына біреулер қанжар сұғып өлтіреді. Бейкүнә қыздың қаны тамған жерге жалғыз түп гүл өсіп шығады. «Қыздан қалған дақ қой» дескендер гүлдің атын «қызғалдақ» деп атаса керек.

Қызғалдақ – лалагүлдер тұқым­да­­­сы­на жататын көп жылдық шөптесін пияз­­­шық­ты өсімдік. Олар көбінесе наурыз-мамыр ай­ла­­рында гүл ашады. Барлық түрі 20-25­ күн аралығында гүл жарып тұрады. Қыз­­ғал­дақтың түсі ақтан қараға дейінгі ара­­лықта алуан түрлі болып келеді.

Қызғалдақ гүлі – жаңа өмірдің, тіршіліктің жаршысы. Елімізде лалагүлдер тұқым­да­­­сы­на жататын бұл гүлдер осыдан 10 миллионнан астам жыл бұрын пайда болған. Статистикаға сүйенсек, қызғалдақтың 3 мыңға жуық түрі бар болса, елімізде 35 түрі өседі. Бірақ оның ішінде 18 түрлі қызғалдақ «Қызыл кітапқа» енген.

Қызына да, қызғалдаққа да ерекше қамқорлықпен қараған бірден-бір халық –қазақтар. Сондықтан болар, «Қызыл кітапқа» енген ерекше қорғаудағы қызғалдақтарды жұлғандар біздің елде заңмен жазаланады. Бұл мәселе Қылмыстық кодекстің 339-бабымен (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) реттеледі. Яғни, 3000 АЕК дейін айыппұл салынады.

Қызғалдақ туралы қызықты деректер:

– Бұл гүлдің жаңа түрін өсіру үшін шамамен 20 жыл қажет;

– Көбіне бір сабақтан бір гүл шығады;

– Қызғалдақтардың жақын туыстары – әдемі лалагүлдер. Ал алыс туысы – пияз және сарымсақ;

– Шамамен 1634 жылдан 1637 жылға дейін қызғалдақ әлемдегі ең қымбат гүл деп есептелді. Кей деректерге сүйенсек, оның бағасы Голландиядағы кейбір үйлердің бағасымен пара-пар болған;

– Қызғалдақтың жапырақтары жеуге жарамды. Оларды салаттарға, десерттерге немесе безендіру үшін пайдалануға болады;

– Бұл гүлдің тек көк және қара түстері жоқ. Қалған барлық түстегі қызғалдақты табуға болады. Ал ел арасында «қара қызғалдақ» атанып кеткен гүлдің түсі шын мәнінде қою күлгін.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ