«Үлкен жетілік» бейбітшілікті бекемдеу жолында

0
262

Жапонияның Хирошима қала­сын­да «Үлкен жетілік» елде­рі­­нің кезекті саммиті өтті. Жиын барысында Украи­на­да­­ғы соғыс мәселесі ерекше тал­­қы­ланды. Сонымен қатар G7 ел­дері Қытайға қатысты көз­қа­растарын да білдірді.

Саммитке қатысушылар 1945 жылы тамызда тасталған атом бом­ба­сынан қаза тапқандарды еске алу мақсатында Хирошима мемо­риал­­дық саябағына барды. Жалпы, аталған шаһардың таңдалуы кездей­соқ емес. Өйткені жиын тақы­рыбы бітімгершілік пен бейбіт­ші­­­лік­­ке арналған. Сонымен қатар Хирошима – Жапония премьер-ми­нис­трі Фумио Кишиданың туған қала­сы.

Әдетте «Үлкен жетілік» самми­тіне әлемдегі ең қуатты жеті демо­кра­тиялық мемлекет – Жапония, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Канада, Италия кіре­ді. Еуропалық одақ ұйымға ресми мүше болмаса да, өкілдерін жібе­реді. Таяуда саммитті өткізетін мем­лекет қосымша елдерді шақыру құ­қығын иеленді. Мұның өз себебі бар. G7 құрылған сонау 90 жылдары оған енген мемлекеттер жаһан­дық ішкі жалпы өнімнің жартысын құрайтын. Қазіргі таңда оның көлемі 30 пайыздан әрең асады. Сол себепті одақтың аясын кеңейтуге бәрі мүдделі. Осылайша, биылғы жиынға Аустралия, Үндістан, Бра­зи­лия, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Ин­до­незия, Комор мен Кук аралдарының өкілдері ат басын тіреді.

Сонымен саммит барысында әлемнің ең бай әрі демократиялық елдері Украинаға басып кірген Ре­сей­ге санкцияларды күшейтуге келі­сіп, Кремльге қысымды арттыру туралы декларация қабылдады. Сан­к­цияның мақсаты – Ресейдің Еуро­падағы қарулы агрессиясын жал­ғастыру мүмкіндігін шектеу. Дегенмен әр ел қалай әрекет ететінін өзі шешеді. Сондықтан декларацияда нақты санкциялар емес, тек жалпы бағыт көрсетілген.

«Біз Ресейдің агрессиясын жал­ғас­тыруға қажетті бүкіл дүниені, соның ішінде әскери қуатын қал­пы­на келтіретін жабдықтар мен тех­­но­логияларды жеткізуді шектеу үшін қосымша шаралар қабыл­дай­­мыз», делінген G7 елдерінің мә­лімдемесінде.

Батыс елдері Ресейге қаржылық және сауда санкцияларын әлдеқашан салған-ды. Ендігі жерде «Үлкен же­ті­лік» жаңа шектеу тізімін жасақ­тағаннан гөрі, олардың қалай орын­далатынына назар аудармақ. Мәсе­лен, АҚШ, Жапония және Ұлы­бри­тания тарапы ресми Ресеймен бүкіл сауда-саттықты шорт кесті. Бірақ аталған елдердің сауда-эко­но­микалық байланысы төмен бол­ған­дықтан, айтарлықтай әсер берген жоқ.

Ең басты мәселе – Еуропалық одаққа қатысты. Өйткені қарт құр­лық үшін Ресейдің, ал Кремль билігі үшін Еуропалық одақтың рөлі ерекше, тауар айналымы жоғары. Сол себепті ұйымға мүше 27 мемлекет санк­цияны біртіндеп енгізіп жатыр. Мәселен, мұнай экспортына эмбарго соғыс басталғаннан ке­йін бір жылдан кейін ғана салынды. Ал газ немесе гауһар тас­тар­ды импорттауға әлі де тыйым са­лынған жоқ. «Үлкен жетілік» сам­миті басталғанға дейін алмаз бен газ сатып алуға шектеу қою туралы әңгіме айтылған. Алайда қорытынды құжатқа екеуі де енбеді. Сонымен қа­т­ар Ресейге түбегейлі эмбарго қою туралы мәселе де басы ашық кү­йін­де қалып отыр. Әйтсе де, декларацияда санкциялық қысымды кү­шейту, сондай-ақ оны айналып өтуге тал­пынғандардың жолын кесу туралы да сөз болған. Бұдан бөлек, энергетикалық санкцияны күшейтіп, түсті металдарды сатып алуды шектеу ар­қылы Ресейдің табысын азайту көзделген.

Саммит қарсаңында сөйлеген сөзінде Еуропалық кеңес президенті Чарльз Мишель Мәскеуді экономи­ка­лық тұрғыдан одан әрі оқшаулап, оның соғыс жүргізу қабілетін әлсі­ре­ту керектігіне назар аударған еді.

«Қазір кемшіліктерді түзеуге, Ре­сейді маңызды жеткізілімдерден ажы­ратуға назар аударамыз. Ресей­ден келетін гауһар тастарының саудасын шектейміз. Мұндай санкция­лар­дың не үшін қажетін, оның себебін ашық түсіндіреміз», деді Ч.Мишель.

Бірақ саммитке дейін талай мә­се­ле көтерілгенімен, бел шешіп іске кіріскен мемлекеттер саусақ­пен санарлық. Мәселен, Ұлы­­бри­та­ния ғана нақты шаралар қабыл­да­ды. Атап айтқанда, Ре­сейден алмаз, мыс, алюминий және никель әкелуге тыйым салды. Дегенмен қазірдің өзінде Тұ­ман­ды Альбион аталған тауарларды көп мөлшерде сатып алып отырған жоқ. Былтыр Ресеймен тауар айналымы 55 миллион фунтты құраған-ды. Салыстырмалы түрде қарасақ, ресейлік олигархтардың Лондондағы жылжымайтын мүлкі бұл сомадан асып түседі.

Жалпы, өткен жылы Ұлы­бри­та­ния 1,6 миллиард доллар­дың гауһар тастарын импорттады, оның тек 4 миллион­ доллары Ресейден кел­ген. Негізгі өнім жеткізуші елдер – Бельгия, Израиль, Үндістан, Америка Құрама Штаттары. Ұлы­бри­тания Ресейден былтыр да, алдыңғы жылы да мыс сатып алған жоқ. Алюминий импорты 2022 жылы небәрі 35 миллион ­­долларды, никель импорты 28 миллион­ ­долларды құраған. Ресей шикізатын сатып алатын Батыстағы басты ұйым – Еуропалық одақ. Алмаздарды негі­зінен Бельгия импорттайды. Брюс­сельдегі шенеуніктер оған тыйым салуға үзілді-кесілді қарсы. Сон­­дық­тан бағалы тастар Еуро­­па­лық одақтың кезекті санкциялар тізіміне енуі екіталай. Жалпы, қазіргі таңда құжат талқыланып жатыр. Оған ұйымға мүше 27 мемлекет бірауыздан қолдап дауыс беруге тиіс. Аустрия және Мажарстан се­кіл­ді кей мемлекеттің санкцияны жеңілдету арқылы келіссөздерге ұм­ты­лу керек деп есептейтінін ескер­­сек, кезекті санкциялар паке­тін қа­­былдау ұзаққа созылуы мүмкін. Бұ­ған қоса Ұлыбритания үкіметі Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешені, сондай-ақ қаржы, энергетика, металлургия, көлік және кеме қаты­на­сы секілді салаларымен байланыс­ты қосымша 86 жеке тұлға мен ком­панияға жаңа жеке санкция ен­гізді.

«Тинкофф Банк» пен «Росбанк», «АФК Система», «Северс­таль», «Маг­­нитогорск темір-метал­лур­гия­­лық комбинаты» және Ресей темір жолдары, «Сов­ком­флот» және «Транс­нефть» директорлар кеңесінің мүше­леріне шектеу жарияланды. Сондай-ақ тізімге «Росатоммен», «DOM.RF» банкімен және Ресейдің мыс компаниясының негізін қалау­шы Игорь Алтушкинмен байланыс­ты тоғыз ұйым кірді.

Таяуда бірқатар бұқаралық ақ­парат құралында Орта­лық Азия­­­ның кей компаниясы Ре­сей­ге са­лынған санкцияны айналып өтіп, тыйым салынған тауарларды Кремльге жеткізіп жатқаны туралы мәлімет тараған. Олардың қатарында Қа­зақстанда тіркелген бірнеше компания да бар. Әзірге санкция талабын бұзғандарға қандай шара қол­да­нылатыны белгісіз. Бірақ осыдан бірнеше апта бұрын «Politico» сайты Еуропалық одақ тарапы Орталық Азияға қатаң шешім шы­ғаруы мүмкін екенін хабарлаған. Атап айтқанда, санкцияны айналып өтуге тырысқан жеке тұлғалар мен ұйымдарға түбегейлі тыйым салынуы ықтимал. Сайттың хабарлауын­ша, кезекті санкция пакетінде Орта­лық Азияның 72 жеке тұлғасы мен 31 компаниясының аты енген. «Politico» олардың нақты кімдер еке­ні әзірге белгісіз екенін алға тартады. OCCRP ұйымы, «Der Spiegel» га­­зеті секілді бірқатар медиа жүргіз­ген зерттеуде қазақстандық компаниялар Ресейге тыйым салынған тауарларды жеткізгені айтылады. Мәселен, «Аспан арба» атты компания 2022 жылы көршілес мемлекетке 500-ден астам дрон сатқан. Сондай-ақ «Da Group 22» компания­сы еліміз арқылы микросхема тасымалдаған көрінеді. Бұдан бөлек, зерттеуде бірқатар компанияның аты айтылады. Осы орайда айта кеткен жөн. Ресейге тыйым салынған тауарларды жеткізумен айналысқан компаниялардың құрылтайшылары көрші елдің азаматтары екен.

Әзірге зерттеуде аты аталған компаниялар Еуропалық одақтың санкция тізіміне ене ме, жоқ па, белгісіз. Бірақ Еуропалық комис­сияның пре­зи­денті Урсула фон дер Лейеннің айтуынша, санкция­ны айналып өту­ге тырысқан ком­паниялардың бәрі құ­жатта қам­тыл­ған көрінеді.

«Біз санкцияларды айналып өту­ді тоқтатуға шындап кірісеміз. Сон­­дықтан кезекті тізімге әлем бо­йын­ша 90-нан астам компанияны қостық. Олардың санкция тала­­бын бұзғаны, яғни санкция салын­ған тауарларды Еуропалық одақ елдерінен импорттап, үшінші мем­ле­кет арқылы тікелей Ресейге жеткізетіні туралы нақты дәлелдер бар», деді Урсула ханым.

Сонымен қатар «Үлкен жетілік» сам­митіне Украина президенті Во­ло­димир Зеленский де қатысты. Саммит аясында Зеленский екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Ұлыбритания және Италия премьер-министрлері Риши Сунак және Джордж Мелонимен кездесті. Сон­дай-ақ Үндістан үкіметінің басшы­сы Нарендра Модимен келіссөз жүргізді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ