Жастар ғылымды алға оздырмақ
Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья жас ғалымдармен кездесті. Отандық ғылымның мәселелерін анықтауға және оларды шешу жолдарын ұсынуға арналған жиынға елімізде, сондай-ақ шетелдерде білім алып, жұмыс істеп жатқан 200-ден астам жас ғалым қатысты.
Академия басшысы жастарды ашық әрі конструктивті әңгімеге шақырып, олардың отандық ғылым алдында тұрған келелі мәселелерге орай нақты ұсыныстарын тыңдады.
– Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беру туралы шешім ғалымдар алдында үлкен міндеттер жүктейді. Ғылым әрқашан қоғамның қажеттілігін өтей отырып, экономиканың локомитивіне айналуы қажет. Сол себепті ғылымды дамытудың басым бағыттары бойынша ұзақмерзімді жоспарлар жасалып, форсайттық зерттеулермен қатар халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми кадрлардың біліктілігін арттыруға байланысты нақты шаралар іске асып жатыр. Бүгінде Ұлттық ғылым академиясы қызметкерлерінің басым бөлігін жас ғалымдар мен ғылым докторлары құрайды. Олардың алдағы уақытта отандық ғылымға үлкен жаңалықтар мен өзгерістер енгізетініне сенім зор, – деді Күнсұлу Закарья.
Еліміздегі ғылымның дамуы мен болашағын айқындап, туындаған мәселелерге орай жастардың ойын біліп, ұсыныстарын тыңдау мақсатында өткен жиында Ұлттық ғылым академиясы Ғылым департаментінің директоры Руслан Нұрлыбаев жас ғалымдармен кездесудің маңызы зор екенін айтты. «Әлемдік ғылымның дәуірлеп тұрған кезінде өзге елдерден қалмай, жастарды білімді, білікті етіп тәрбиелеу – мемлекет алдында тұрған басым бағыт. Ғылым өркениеттің алтын қақпасы екенін Жапония, Сингапур, Қытай, Германия сияқты елдердің тәжірибесінен көріп отырмыз. Демек Қазақ елін өркениеттің жаңа деңгейіне шығаратын – ғалымдар», деді ол.
Аға буын мен жас ғалымдар арасындағы байланысты нығайтуды мақсат еткен жиында Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев атап өткендей, жастық шақтың бір кемшілігі – өтеді де шығады. Сондықтан уақытты текке өткізбей, жұмыс істеу керек.
– Ендігі кезекте қазақ тілі ғылым тілі болуы керек. Ғылымды насихаттауға күш салумен қатар университет оқулықтарын қайта жазу қажет. Біз кезінде «Қазақстан пионері» газеті, «Балдырған», «Білім және еңбек» журналдарын оқып есейдік. Бүгінде әдебиетті, рухани бағытты насихаттағанмен, ғылымды дәріптейтін ғылыми-көпшілік журналдар жоқ. Әлемнің көптеген елінде жарық көріп жатқан «Oyla» мазмұнды журналын қайта шығару міндеті тұр. Бұл ретте «TikTok» сияқты әлеуметтік желілерді ғылымды насихаттау мақсатында тиімді пайдалану қажет, – деді А.Жұмаділдаев.
Жас ғалымдардың отандық ғылымды дамыту тетіктері, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға қатысты пікірлерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Мағзұм ТӨЛЕШ,
«EasyTap» онлайн сервисінің директоры әрі негізін қалаушы:
– Ғылымды трендке айналдыру – заман талабы. Жас ғалымдардың идеялары өнертабыс ретінде жылдам танылып, жедел түрде экономикаға әсер беруі үшін де әлеуметтік желінің мүмкіндігін тиімді пайдалануға болады. Егер отандық ғылым жетістіктері қарқынды іске асатын болса, онда көрші елдерден көш ілгері болатынымыз анық. Сонымен қатар гранттық жобалар тек ғылыми дәрежесі бар ғалымдарға ғана емес, 1, 2-курс студенттері үшін де қолжетімді болғаны абзал. Бұл студент жастардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына да ықпал етеді. Әттеген-айы студенттер өз жобалары қолдау таппағаннан кейін амалсыз ірі компанияларға жұмыс істеп, тіптен шетелдерге кетіп қалып жатқаны белгілі жайт. Біздің компания бір жарым жыл ішінде 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашумен қатар, «Zara», «Waikiki», «Reebok», «Magnum» сияқты 30-дан астам отандық және шетелдік бренд желілерімен жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде компанияға 700 мың доллар венчурлық инвестиция тартылды. Ғылымды Стенфорд, Гарвард сияқты университеттер, Силикон алқабы, сонымен қатар үздік отандық білім кеңістігімен ықпалдастықта дамытып, оған қаржы бөлуге, ал бизнестің әліппесін тереңдетіп оқыту жағына мән берген жөн.
Диас ТАСТАНБЕКОВ,
Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі, «Agro Innovation» компаниясының техникалық директоры:
– Жастардың ғылымға келуіне мотивация, ал ғылымда жетістікке жеткендерге көмек болатын ипотека сияқты құралдар қолдану қажет. Жастардың ғылымға көптеп келуі үшін насихат жұмыстарымен қатар ғылымда жетістікке жеткен ғалымдарды таныту ісіне көңіл бөлген абзал. Бүгінде еліміз логистика, агро және IT салада жоғары әлеуетке ие. IT салада білікті кадрлар толқыны қалыптасып келеді. Ендігі кезекте Үндістан, Америкадағы білімділермен бәсекеге түсу үшін білім сапасын арттырып, жылдамдықты күшейту маңызды. Технология бір орында тұрмайды. Цифрландыру, аналитика, болжамдар жасауда жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Осы орайда саладағы күрделі мәселелерді шешу үшін жоспарда тұрған зауыт-фабрика, өндіріс орындарына алдын ала мамандар даярлау ісін қолға алу керек. Кез келген шешім қабылдау барысында нақты деректерге, фактілерге сүйенуге мүмкіндік беретін шешімдер қабылдануы қажет.
Еламан АЙБҰЛДИНОВ,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрағасы:
– Елімізде ғылым мен өндірістің арасында байланыс жоқ екенін мойындауымыз қажет. 2015 жылдан бері әлем елдерінің дамуына, технологияларына сараптама жасадым. Кезінде үздік технологиялар арасынан іріктеп, жүз патент сатып алған жапон елінің бүгінгі бет алысы, даму тәжірибесі назар аудартады. Сол сияқты біз де өз әлеуетімізді пайдалана отырып, озық технологиялар трансфертіне мән беруге тиіспіз. Бүгінде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы жасыл экономиканы дамытуға болады. Кезінде қайраткер ғалымдар негізін қалап кеткен минералды шикізат өндірісін өңдеу индустриясына айналдыра отырып, әлемдік кеңістікке шығарып, технологияларды бейімдеу – бүгінгі ғылым алдында тұрған келелі міндет. Еліміздегі кадр даярлау саясаты да реформаны қажет етеді. Мысалы, докторантураға қанша грант бөлініп, оның игерілгені қанша екені туралы ақпарат алаңдатпай қоймайды. Сондықтан грант санын азайту арқылы стипендия мөлшерін көбейтуге назар аударған жөн.
Кәмшат ТҮСІПОВА,
«Delivery unit» сарапшысы, Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі:
– Ғылымды аға буын, жастар деп жіктеу негізсіз. Оның дәлелін пандемия кезіндегі ғылыми зерттеулер, сонымен қатар бүгінде отандық ғалымдар жеткен жетістіктерден көре аламыз. Ғылыми бағдарламаларды жүзеге асыру ғалымдардың ортақ нәтижелеріне байланысты. Ғылым, ең алдымен, мемлекеттік бағдарламаларды, ғылыми негізді әдістемені, алдағы мүмкіндіктерді, үрдістерді, проблемалар мен сын-қатерлерді сараптау үшін қажет. Құбылмалы әлемде Қазақстанға болашақтың портфолиосы керек. Нанотехнологиялар, заманауи жетістіктерді игерген ғалымдар үшін осы салада оны қолдануға мүмкіндіктер жасалуға тиіс. Президент әкімшілігі мен ғалымдардың бірлесуі нәтижесінде ғылыми құзыреттілікті тиімді пайдаланғанда ғана отандық ғылымды дамыта аламыз. Егер әрқайсымыз өз жұмысымызды дұрыс істей білсек, жақсы нәтижелерге жетуге болады.
Қуатбек ДҮЙСЕН,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының маманы:
– Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру – уақыт талабы. Көптеген сала мамандарының ұсыныстарын ескере отырып, Ғылым және технологиялар туралы заң жобасында ғылымдағы мемлекеттік тілдің орны, қолдану аясын кеңейту мәселесі ескерілуге тиіс. Қазіргі кезде тілдің аясын кеңейтуге бағытталған шаралар жүзеге асып жатқанымен, әлі де назар аударатын мәселелер бар. Демографиялық, әлеуметтік саладағы көптеген өзгерістерді, құбылмалы әлемдегі жағдайларды назарға алатын болсақ, ғылымның да іргетасын кеңейтуге тура келеді. Өйткені қазіргі ғылым кеңістігі дамуды, алға басуды талап етеді. Осы мақсатта инфрақұрылымдарды жаңарту, жасанды интеллект, суперкомпьютерлермен қамтамасыз ету ғылымды жаңа белеске көтеріп, нәтижеге жетуге мүмкіндік береді.
Әмірхан ТЕМІРБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластерінің бас директоры:
– Ғалымдар өнертабыстарының өндіріске, нарыққа тиімділігі тұрғысынан көптеген зерттеу жүргізеді. Гранттық қаржыландыру іргелі және қолданбалы болып екіге бөлінетінін қаперге алатын болсақ, екеуінің де талаптары бірдей. Осы талаптарға сәйкес жоба аяқталған мерзімде ғалымдар мақала жариялап, жобаны тәмамдайды. Енді екінші кезеңде «Ғылым қоры» тарапынан ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға қаржы бөлінуге тиіс. Міне, осы ғылыми нәтижені өндіріске енгізетін кезеңде «өндірістік-тәжірибелік сынақ» талап етіледі. Ал жобалар университеттерде зертханалық жағдайда іске асады. Сондықтан қолданбалы зерттеулерді нарыққа шығару үшін «өндірістік-тәжірибелік сынақ» жасайтын кезеңге қатысты келесі саты енгізілуі керек. Бүгінде ғалымдардың жарқын бастамалары жеткілікті. Ал жастарды ғылымға көптеп тарту үшін Ұлттық ғылым академиясы тарапынан «Ұлт үміті» жобасы жүзеге асса, отандық ғылымдағы бірқатар мәселенің шешілуіне ықпалы тиген болар еді.
Мыңжылқы БЕРДІҚОЖАЕВ,
Президент Іс басқармасы медицина орталығы ауруханасы директорының орынбасары:
– Отандық ғылымды дамытуда кадр саясаты, ақпараттың қолжетімділігіне назар аудару маңызды. Бүгінде әлемдік кеңістікте цифрландыру, жасанды интеллект мәселесіне көп көңіл бөлініп отыр. Ел ғылымының қазіргі жағдайына зер салсақ, жетістіктердің бар екеніне куәміз. Десек те геномдық зерттеулер, иммундау саласындағы зерттеулер кенже қалып отыр. Ғылымның жетістіктерін экономикаға енгізу үлкен қолдауды, қомақты қаржыны қажет ететіні сөзсіз. Осыған дәлел ретінде инсультты ерте кезеңде анықтауға байланысты Досжан Жүсіпов әзірлеген «Cerebra MedTech» стартапына «Freedom Holding Corp»-тың 1 млн доллар инвестиция салғанын айтсақ та жеткілікті болар. Сондықтан отандық ғылымды дамыту үшін ірі бизнеспен қатар жекелеген азаматтар тарапынан да қолдау қажет. Ғылымды дамытуға бағытталған қайырымдылық қорлар жүйесі бірқатар шетелде жақсы жолға қойылған. Тіптен кейбір елдерде отбасылық, туысқандық демеушілік те нәтижесін беріп келеді. Ал ғалымдар әлемдік нарықта бәсекеге төтеп беру үшін заманауи технологиялар мен ағылшын тілін игергені абзал.
Азат СЕЙІТХАН,
Қ.Сәтбаев университеті Инженерлік бейінді зертхана жетекшісі:
– Бүгінде Президент ұлттық қорғаныс саласына басымдық беріп отырғаны белгілі. Тәуелсіздік алғалы бері қорғаныс саласы, әсіресе әскери ғылым тоқырауға ұшырағаны қынжылтады. Қазіргі кезде әскери ғылымды дамыту мәселесіне көңіл бөле отырып, қорғаныс саласына қатысты мамандармен бірлескен жобалар жолға қойылып келеді. Осы орайда азаматтық секторға ғалымдардың өнертабыстық технологияларын көптеп тарту қажеттілігі туындап отыр. Бұл жағдайда гранттық конкурстардың уақытын тұрақтандыру, жобаларды уақытылы қаржыландыру маңызды. Мемлекеттік сыйлықтар мен стипендия конкурстарын ашық, әділ өткізу және балдық жүйемен санау да – мән беретін мәселе. Жас ғалымдарға қызметтік баспаналар ұсынумен қатар жыл сайын ғалымдардың рейтингін түзіп, жетекші және жас ғалымдардың жұмысына баға беріп отыру салаға серпіліс әкеледі. Салааралық сарапшылық комиссиялар құру, жаратылыстану саласындағы халықаралық үздік оқулықтарды қазақ тіліне аудару, бірлескен зертханалар құру, ұлттық зертханалардың бірыңғай базасын жасау тиімді. Қазіргі кезде кейбір жоғары оқу орындарының ғалымдары мен ұстаздар жалақысының докторант стипендиясынан төмендігін ескеретін болсақ, докторантура бітірген жастардың ғылымға келуі екіталай.
Индира БЕЙІШОВА,
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті Сынақ орталығының директоры:
– Қазіргі таңда аймақтық универсиеттердің зертханалық базасы сын көтермейді. Гранттық және бағдарламалық-нысаналы жобалардың конкурстық құжаттамасына өзгерістер енгізу, іріктеу бойынша ұпайы жетпей қалған жобаларды келесі жолы қайта қабылдауға қатысты шешімдер де қайта қарауды қажет етеді. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында ірі қара мал тұқымдарын зерттеуге, оның ішінде асыл тұқымды жылқыларды зерттеу ісіне мән беру маңызды. Жылқыны қазақ даласына тән байырғы тұқым ретінде тіркеу, ерекшелігі мен қалыптасуына қатысты геномдық зерттеулер жүргізу қажет. Осы орайда зертханалық мүмкіндіктердің төмендігінен көптеген сынақ материалын шетелдерге жіберуге тура келеді. Ал мұның өзіндік салдары бар екенін де естен шығармайық. Сонымен бірге аймақтық университеттер жанында ғылыми орталықтар ашумен қатар лизинг алу, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау жағына да көңіл бөлген жөн.
Руслан ӨТЕБАЕВ,
«PolyTech Elektronics» ЖШС электрмобильдерді зарядтау стансаларын сериялық өндіру жобасының ғылыми жетекшісі:
– Кез келген ғалымға еңбегінің жемісін бергені маңызды. Біз алғаш 2015 жылы зарядты станса ойлап тауып, оның болашаққа пайдасы туралы айтқанда, сенімсіздік білдіріп, электрмобиль дамымайды деген пікірлердің де айтылғаны белгілі. Алайда күні бүгінге дейін 200-ден астам өнімімізді сатып, тиімділігін дәлелдедік. Бірақ айта кететін мәселе, ғалым ғылыми зерттеулермен айналысатын болса, өнертабысты өндіріске енгізу бизнес саласының еншісінде болуы керек. Өйткені ғалым ретінде жобаның өміршеңдігін әр кез дәлелдей отырып, нарыққа шығарумен айналысу қосымша уақыт, күш талап етеді. Сондықтан бұл бизнесменнің жұмысы болуы қажет. Осы арада студенттерге де ғылым туралы, оның өндірістік жетістіктеріне, болашағына қатысты қажетті ақпараттардың жетіспей жатқандығын көруге болады.
Жанғазы МОЛДАМҰРАТОВ,
Халықаралық білім беру корпорациясы жалпы құрылыс факультетінің деканы:
– Кейінгі жылдарда адамзат өміріне қауіп төндіретін көптеген апат орын алды. COVID-19, континенттердегі өрттер, жақында Түркияда болған алапат жер сілкінісі Қазақстан ғалымдарын толғандыруға тиіс. Десек те осындай жағдайлардан сабақ ала алмай отырғанымыз жасырын емес. Президент еліміздегі құрылыс нысандарын зерттеу, сейсмикалық паспортын жасауға тапсырма берді. Бірақ жеткілікті көңіл бөлмегендіктен, бұл мәселе әлі кешеуілдеп келеді. Бүгінде жер сілкінісі оңтүстік қана емес, батыс өңірлерде де тіркеліп жатыр. Қазіргі кезде кеңес кезеңінен қалған қондырғыларды пайдаланып, шегіне жетіп қалдық. Гидротехникалық жарақтар көнерген. Ғаламдық су мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Суармалы жерлерді арттыру мәселесі өзекті болып отыр. Осы орайда Ұлттық ғылым академиясы ғылымдағы басымдықтарды анықтауға көңіл бөлсе дейміз.
Жексенбек ТОҚТАРБАЙ,
Назарбаев университетінің аға оқытушысы, «Engineered Science Q1» журналының атқарушы директоры, gylym.kz сайтының негізін қалаушы:
– Гранттық жобамыз қаңтар айында қаржыландырылуы қажет еді. Міне, жаз келді, әлі күнге қаржы бөлінген жоқ. Мұны айтып отырған себебім гранттық қаржыландыру кезеңі үш жылды құрайды. Осы жылдың бес айы артта қалды дейтін болсақ, алдағы жеті айда қаржыны игеру қиынға соғады. Ал керісінше, одан кейінгі екі жылға бөлінетін қаражат жетпей қалады. Сондықтан қаржыландыруды жыл-жылға бөлмей, бірден жалпы мерзімге қарастырған жөн. Ал ғылымды насихаттауда жастар арасында ақпараттандыру жұмыстарының іске асқаны абзал. Мен қазіргі кезде «Engineered Science Q1» журналын, gylym.kz сайтын оқытушылық қызметіммен қатар алып жүрмін. Өйткені бұл платформаларға сұраныс бар, жастардың қызығушылығы жоғары.
Бекарыс НҰРИМАН,
Ankara Haci Bayram Veli University оқытушысы:
– Индекстелетін журналдар редакциясының мүшесі ретінде филология саласы мамандары үшін халықаралық журналдардың рейтингіне сараптама жасап, ұсынып отырамын. Алайда кейбір ғалымдар бүгін бар, ертең жоқ журналдарды ажыратуды, сондай-ақ «Science» және «Scopus» базасындағы журналдарының талабына сай мақала жазуды дұрыс игере алмай келеді. Осы бағытта Қазақстан нарығында көптеген шетелдік орталық жұмыс істейді. Ғалымдардың біліктілігі, ғылымға қажетті ақпараттарды меңгеруі ерте кезеңнен қолға алынып, оқу орындарында соған мән берілуі қажет. Бүгінде ғылыми жетістіктердің гуманитарлық салада да жемісін беретіндігіне көз жеткізіп отырмыз. Оған дәлел ретінде Қарахан дәуірінде жазылған «Құтадғу білік» еңбегін зерттеуді 2015 жылы қолға алған едім. Осыған орай ұстаздар еңбекті түпнұсқадан оқып, графикасын меңгермейінше оны түсіну мүмкін еместігін айтқан болатын. Осы кеңеске жүгіне отырып, 1069 жылы жазылған еңбекті түпнұсқадан оқып, танысуға тура келді. Осыған қатысты айтарым, Түркияда әдебиеттану бағытында универсиеттердің қай-қайсын алсақ та, ежелгі дәуір әдебиетінен бастап сақ дәуірі, көне түркі, Қарахан дәуірі, Алтын орда, Қазақ хандығына дейінгі кезеңдерді тереңдетіп, жіліктеп, талдап оқытады. Бұл кезең кемінде он бес ғасыр. Ал Қазақстанда аталған кезеңдерді шолу түрінде өтетіні қынжылтады. Осыдан шығатын қорытынды, елімізде кеңес кезеңінде езілген, жаншылған психологиямызды көбірек сіңіргендіктен, қазақ халқының азат, ешкімге тәуелсіз, дәуірлеген кезеңдерін өз деңгейінде көрсете алмай келеміз. Салдарынан ұлттық кино ісінде, әдеби шығармаларда бұл кезеңдердің сипаты толық ашылмайды. Сондықтан Ежелгі дәуір әдебиетін оқытқанда кемінде үш дәуірді қамти отырып, бес-алты шығармадан оқытуды жолға қою керек.
Дайындаған
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ