Қырғызстанға тауар экспорты арта түсті
Еліміз Қырғыз еліне өңделген өнім экспортын 100 млн долларға дейін арттырмақ. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің QazTrade-пен бірлесіп, Бішкек қаласында өткізген отандық компаниялардың сауда миссиясында мәлім болды. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, бізден Қырғызстанға саудаланатын өңделген өнімдер, негізінен тамақ, химия, машина жасау, фармацевтика, металлургия салаларының тауарлары екен.
Қазақстан Қырғыз еліне негізгі сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. Елдер арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 1,1 млрд долларды құрады. Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы елшісі Рәпіл Жошыбаевтың айтуынша, бизнес үшін келесі міндет – сауда көлемін 2 млрд долларға дейін жеткізу. Сонымен қатар ол белсенді жұмыс жүргізіліп жатқан негізгі бірлескен жобалар жөнінде баяндады. Атап айтқанда, Рәпіл Жошыбаев екі ел Ыстықкөл облысында орналасқан төрт пансионат бойынша келісімге қол қоюдың соңғы сатысында тұрғанын хабарлады.
«Қазір инфрақұрылымды кеңейту және жаңа нысандар салу жобаларына қатысу үшін инвесторлар шақырылып жатыр», деді Рәпіл Жошыбаев Қазақстан-Қырғыз бизнес-форумында.
Өз кезегінде Қырғыз Республикасы Экономика және коммерция министрінің орынбасары Қанат Әбдірахманов даму үшін басым бағыттарды атап өтті. Олар – энергетика, туризм, АӨК саласы, жер қойнауын пайдалану және жеңіл өнеркәсіп. Экономиканың дәстүрлі секторларынан басқа, Қырғызстан үкіметі өкілінің пікірінше, бизнес үшін перспективалы салаға айналатын креативті индустрия саласы елеулі серпін алады.
«Креативті индустрия – экономиканың жаңа секторы және біз оны алдағы жылдардағы өсу бенефициарларының бірі деп санаймыз. Осы жаңа бағытты дамыту үшін Қырғызстанда 2022-2026 жылдарға арналған креативті экономика тұжырымдамасы бекітілді», деп бөлісті іскерлік форум алаңында Қанат Әбдірахманов.
Сауда миссиясы аясында отандық өндірушілер әлеуетті серіктестермен В2В форматында өткен келіссөздерді жүргізді. Кездесулер нәтижесінде біздің кәсіпкерлер Қырғыз еліне отандық тауарларды жеткізуге 35,2 млн долларға экспорттық келісімшарттар жасасты. Кәсіпорындар металл конструкцияларын, дизельді генераторларды, тамақ өнімдерін (кондитерлік өнімдер, тауық жұмыртқасы мен жұмыртқа ұнтағы, кеспе, джем, алма шырыны, бал) жеткізу, сондай-ақ консалтингтік қызметтер көрсету туралы келісті.
Бизнес-форумға екі елдің 100-ден астам кәсіпорны, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан Қырғыз еліне экспорт көлемі 10,5%-ға өсіп, 745,3 млн долларды құраған. Еліміз Қырғыз Республикасына негізінен автомобильдер мен тракторларға арналған бөлшектер мен керек-жарақтарды, электр энергиясын, темекі бұйымдарын, тас көмірді, минералды және газдалған суларды, жеңіл автомобильдерді, плакеттелген легирленбеген болаттан жасалған жалпақ прокатты экспорттайды. Қырғыз импортының негізін бағалы металдардың кендері мен концентраттары, ыстықтай илектелген өзге де легирленбеген болаттан жасалған шыбықтар құрайды.
Қазақстан өңделген өнімдерді тек Қырғыз еліне емес, әлемнің 106 еліне экспорттауға ынталы. Cауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың сөзінше, былтыр біз өңделген өнім экспортын рекордтық көрсеткішке – 26,5 млрд долларға жеткіздік. Бұл үрдіс биыл да жалғасып жатыр.
2023 жылдың бірінші тоқсанында өңделген өнімнің сыртқы саудасының жалпы көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңінің алдыңғы көрсеткішімен салыстырғанда 32%-ға ұлғайып, 18,8 млрд доллар болған. Осы кезеңде шикізаттық емес тауарлардың экспорты 5,9 млрд долларға жетіп, 7,6% өсім көрсетіпті.
Мәселен, өткен жылы шетелге ұн сату – 70,8%-ға, мұнай өнімдері – 52,2%-ға, жеңіл автомобильдер – 46%-ға, күнбағыс майы – 19,9%-ға өсті, ал тыңайтқыштар экспорты 2,8 есе артты.
2023 жылдың үш айында Қазақстан дайын экспорттық өнімді әлемнің 106 еліне жөнелтті, бұл ретте өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда импорттаушы елдердің тізбесі кеңейді. Қазақстан экспортының жаңа нарықтары – Сирия Араб Республикасы, Сенегал, Солтүстік Македония, Сомали, Гвинея, Кипр. Қазақстаннан өңделген өнімнің негізгі сатып алушылары – дәстүрлі түрде Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Нидерланд, Ұлыбритания, Жапония, Қырғыз Республикасы, Грузия және Ауғанстан.
Қайрат Төребаевтың айтуынша, Қазақстанда экспортты қолдаумен екі оператор айналысады: KazakhExport қаржылық шаралар көрсетеді, QazTrade экспортқа бағдарланған кәсіпорындар үшін қаржылық емес құралдарды ұсынады.
2022 жылдың қорытындысы бойынша елде кем дегенде үш жыл бойы экспорттайтын 650 белсенді шикізаттық емес экспорттаушы бар. Оның ішінде 463 кәсіпорын мемлекеттік қолдаудың қаржылық емес шараларын пайдаланды. Бұл – бағдарламалар экспорттық жеделдету, маркетплейстерге шығару, сауда миссияларына қатысу және экспорт шығындарының бір бөлігін өтеу.
«Әрбір шара салынған бюджет ақшасын қайтару түріндегі нәтижені көрсетеді. Акселерация бағдарламасы бойынша бір бюджеттік теңгеге қайтару 158 теңгені, маркетплейстерге шығару бойынша 213 теңгені, сервистік қолдау шаралары бойынша 652 теңгені құрады», деді Сауда және интеграция вице-министрі.
Былтыр акселератор шеңберінде қолдаудың арқасында шамамен 260 млн доллар сомасына 38 экспорттық келісімшарт жасалған. Бүгінде Өзбекстанға 19 млн долларға өнім жеткізуге 2 келісімшартқа қол қойылды. Ресейге жалпы сомасы 1,3 млн долларға (600 млн/жыл) тұрмыстық химияны жеткізуге арналған 1 ұзақмерзімді келісімшарт және Қытай нарығына 5 млн долларға мыс өнімдерін жеткізуге арналған тағы 2 келісімшарт. Сондай-ақ Оңтүстік Кореямен азық-түлік өнімдерін жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
2023 жылдың басынан бастап QazTrade желісі бойынша Вьетнам (Ханой қ.), Әзербайжан (Баку қ.), Иран (Тегеран қ.), Қытай (Сиань қ.), Өзбекстан (Ташкент қ.) сияқты елдерде 5 сауда-экономикалық миссия өткізілді. Сауда-экономикалық миссиялардың қорытындысы бойынша 300 млн доллардан астам сомаға экспорттық келісімшарттарға қол қойылды. Жыл соңына дейін тағы 5 сауда-экономикалық миссия ұйымдастырылмақ. Бұдан басқа, Шанхай қаласындағы (Қытай) жыл сайынғы Шанхай импорттық көрмесінде, Қытай-Еуразия СУАР ЭКСПО-ның 8-ші көрмесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық стендтерін ұсыну жоспарда бар.
Тауарларды шетелдік нарықтарға жылжытудың тағы бір өзекті құралы – электронды сауда алаңдары. 2020-2022 жылдары Alibaba.com сауда платформасында 220 компания орналастырылды, олардың жиынтық сату көлемі шамамен 225 млн долларды құрады. Биыл 70 компания маркетплейстің алтын шоттарына қолжеткізбек.
Мемлекет басшысының Сиань қаласына жақында жасаған сапары аясында «JD.com» электрондық платформада Ұлттық павильон ашылды. Сонымен қатар наурыз айында Астанада Ozon компаниясының фульфилмент-орталығының құрылысы аяқталды, оның алаңында 15 мың отандық сатушы тіркелген, олардың сату көлемі 2022 жылы 10 млрд теңгеден асты.
Мемлекеттік қолдаудың ең талап етілетін шараларының бірі – шығыстардың бір бөлігін экспорттаушыларға өтеп беру. 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекет 8,8 млрд теңге сомасына шығындарды қайтарды. Қаражаттың негізгі алушылары – шағын бизнес кәсіпорындары. Олардың үлесі шамамен 48%-ды құрады. Бұл – азық-түлік өндірісі және көтерме сауда салаларында жұмыс істейтін компаниялар.
Сауда және интеграция министрлігінің ақпараты бойынша осы қолдау шарасын көрсету нәтижесінде экспорт географиясы үш елге кеңейіп, Кипр, Франция және Жапония қосылды. Шығындарды өтеу жүзеге асырылатын тауарлардың номенклатурасы 53 позицияға өсті.
2023 жылы шығындарды өтеуге өтінімдерді қабылдау 21 сәуірден бастап жүргізіледі және 21 шілдеде аяқталады. Жыл соңына дейін QazTrade шамамен 10 млрд теңге сомаға өтінімдерді мақұлдауды жоспарлап отыр, бұл осы қолдау шарасын пайдаланған кәсіпорындар санын үш жүзге дейін арттыруға мүмкіндік береді.