Хоккейші 40 млн, өрт сөндіруші 200 мың алады: экономист пікір білдірді

0
195

Кешеден бері желіде «мемлекет есебінен хоккейшілерге 30-40 миллион теңге, ал өрт сөндірушілер мен орман қызметкерлеріне 150-200 мың теңге айлық төленеді» деген ақпарат тарады. Осы мәселеге қатысты экономист Мақсат Халықтың пікірін білдік.

«Қазір елімізде хоккейшілер ғана емес футболшылар да миллиондап табыс табады. Ал адам өмірі үшін маңызды қауіпсіздік қызметкерлері, өрт сөндірушілердің жалақысы неге 150-200 мың теңге болуы керек? Әрине, бұл – әділетсіздік. Менің ойымша, мемлекеттік қызметкерлер, құтқарушы қызметіндегілер, дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы өте жоғары болуы керек. Сонда ғана біздің қоғамда белгілі бір дәрежеде қауіпсіздік орнайды, адами капитал тұрғысынан даму да болады», – дейді ол.

Экономистің айтуынша, адам еңбегінің өлшемі әділ бағалануы маңызды.

«Жеке өзім тұтастай халықтың табысының 150-200 мың теңге ғана болғанына наразымын. Өйткені бізде заң бойынша ең төменгі жалақыны 70 мың теңге деп белгілеген. Халыққа төленетін жалақы төмен, алайда елдегі орташа жалақы қазіргі уақытта 340 мың теңгеден асты. Оған хоккейшілер мен футболшылардың миллиондап айлық алып жатқаны негіз бола алады. Ал реалды түрде қарасақ, азаматтардың көбі 100-200 мың теңге арасында ғана табыс табады.

Адам еңбегінің өлшемі әділ бағалануы керек. Соған байланысты қызметкерлерге дұрыс еңбекақы төленуі маңызды», – дейді ол.

Осы орайда Мақсат Халық экономист ретінде ұсыныс айтып, елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарауға шақырды.

«Менің көзқарасым бойынша, ең төменгі жалақыны кем дегенде 112 мың теңге қылу керек. Жылдың соңына қарай елдегі инфляция деңгейін есептеп, қайта қарастырып, 150 мың теңгеге дейін өсіруге болады. Ал өзге де саладағы қызметкерлердің жалақысы орташа есеппен 300-400 мың теңгеге дейін көбейсе екен», – дейді экономист.

Ақмарал БЕРЕКЕТ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ