Енді бизнеске заңсыз араласқан судьялар 6 жылға сотталуы мүмкін

0
200

ҚР Қылмыстық кодексінің 364-бабына өзгеріс енгізілмек. Яғни кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқандарға қатысты жаза күшейеді. Мұндай бастаманы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұсынып отыр деп хабарлады ҚазАқпарат сайты.

«Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген не оған теңестірілген адамның не лауазымды адамның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын ұйым құруы не мұндай ұйымды басқаруға заңда белгіленген тыйым салуға қарамастан, жеке өзі немесе сенім білдірген адам арқылы қатысуы, егер бұл іс-әрекеттер мұндай ұйымға жеңілдіктер мен артықшылықтар беруге немесе өзге де нысандағы жақтаушылыққа байланысты болса – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 000 АЕК-ке (10 350 000 теңгеге) дейін айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», – делінген Ашық НҚА порталында жарияланған кодекстің жаңа редакциясында.

Айта кетейік, қолданыстағы заң талабына сай, мұндай қылмыс жасағандарға 1 000 АЕК көлемінде айыппұл салу, 400 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 1 жылға соттау болмаса осы мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қолданылады.

Сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқан құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қатысты жаза да қатаңдатылады. Атап айтқанда, олардың мүлкі тәркіленіп, өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айрылады. Бұған қоса, 4 000 АЕК-ке (13 800 000 теңгеге) дейін айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 1 000 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылады. Ауыр жаза ретінде 4 жылға дейін бас бостандығын шектеу және осы сол мерзімге соттау шаралары қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар мұндай қылмыс жасаған мемлекеттік лауазымды тұлғалар да жауапкершіліктен құтылмайды. Кінәлі деп танылғандарға 5 000 АЕК-ке (17 250 000 теңгеге) дейін айыппұл салынады, 5 жылға сотталады немесе осы мерзімге бас бостандығы шектеледі.

Ал кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқан судьяларға мүлкін тәркілеу, 6000 АЕК-ке (20 700 000 теңгеге) дейін айыппұл салу, 6 жылға соттау не болмаса осындай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалады.

«Көбінесе лауазымды тұлғалардың коммерциялық компанияларды құруы және олардың қызметіне қатысуы осы ұйымдардың бюджет қаражатын жымқыру үшін пайдалануына байланысты. Лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысуы тек мемлекеттік басқару тәртібіне ғана емес, сонымен қатар адал кәсіпкерлердің құқықтарына, оның ішінде еркін бәсекелестік құқығына да қарсы бағытталғанын атап өткен жөн. Осылайша, адал кәсіпкерлер мемлекеттік келісімшартты алу үшін бәсекелестік күреске қатысу мүмкіндігінен айырылады. Көрсетілген мән-жайлар қылмыстық қызметтің осы түріне қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған батыл шараларды, оның ішінде заңнамалық сипаттағы шараларды қабылдауды талап етеді», – деп түсіндірме берілген өзгеріске.

Құжат 17 шілдеге дейін көпшілік талқылауда болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ