Үйді тышқан мен егеуқұйрық қаптаған: «Жағалау-4» тұрғындарының жанайқайы (ВИДЕО)

0
157

Астана қаласындағы «Жағалау-4» тұрғындары құрылысы 10 жылға созылған үйдің құжаттарын ала алмай жүргенін айтып, Halyq Uni редакциясына шағымданды. 2014 жылы құрылыс компаниясымен келісімшартқа отырған тұрғындарға үйдің кілті 2022 жылы Астана күніне орай салтанатты түрде табыс етілген. Алайда үйдің құжаттары әлі дайын емес, соған қарамастан түрлі коммуналдық қызмет үшін ақша төлеп отыр.

Тұрғындардың айтуынша, былтыр ғана пайдалануға берілген үйдің жағдайы да мәз емес: лифт бірде істеп, бірде істемейді, подъездің іші қирап жатыр, ал терезелер мен есіктер сапасыз салынған. Тіпті үлескерлердің көбі үйдің ішіне өздері жөндеу жұмысын жүргізіп, несие алып шығындалғанын айтады.

«Үйдің кілтін бізге 2022 жылдың 6 шілдесінде жарияға жар салып табыс етті. Бірақ әлі күнге дейін қолымызға үйдің құжаттары берілген жоқ. Соған қарамастан бізге мүлік салығын төлеу туралы хабарламалар келіп жатыр. Біз әлі бұл пәтерлердің заңды иесі болмасақ та, түрлі коммуналдық қызмет үшін төлем жасап жатырмыз. Тұрғын үй толық өткізілмей жатып, бізді «Астанаэнергосбыт» компаниясымен келісімшартқа отыруға мәжбүрледі. Енді қазір үйге кіріп алған адамдар амалсыздан барып, келісімшартқа отырды. Заңға қарама-қайшы түрде бізді осылай мәжбүрлеп отыр. Ал құрылыс компаниясы бұл мәселені мойнына ала алмайтынын айтты. Бұндай сұмдықты мен бірінші рет көріп тұрмын», – деді «Жағалау-4» үйінің салымшысы Жания Есімханқызы.

Тұрғындардың айтуынша, жаңбыр жауған кезде, үйдің ішіне су ағады. Ал құрылыс компаниясы бұл мәселені шешуді кейінге қалдырумен келеді екен.

Мамыр айында жаңбыр жауып, үйдің ішіне су ақты. Содан үйдің қабырғалары бүлінді. Бірақ компания оның ақшасын төлеп бергісі келмейді. Олар мәселені шешуден қашып отыр.

Үйдің сыртын әдемілеп ақтап қойды, бірақ іші оған сай емес. «Сырты бүтін, іші түтін» болып жатыр. Біз ақшаның қайда кетіп жатқанын білмейміз. Тіпті үкіметтен де осы үйге көп қаржы бөлінген, бірақ бізге ешкім есеп бермейді, – деді «Жағалау-4» тұрғыны Камал Әбжанова.

«Жағалау-4» тұрғындары жанайқайын жеткізу үшін бірнеше рет әкімдікке барған. Бірақ ол жақтан тиісті жауап ала алмапты.

«Тұрғын үй-құрылыс кооперативтері мүлде жұмыс істемейді. Олар тек ақша жинауды ғана біледі. Біздің ақшамыз қайда кетіп жатқанын білмейміз. Біз жинаған ақшамыздың есебін сұрағанда сұрақтарымызға жауап бермейді. Бізді бұғаттап, чаттардан шығарып жібереді. Тіпті, осы мәселені шешу үшін тұрғындармен жиналыс жасаған кезде, «митинг ұйымдастырып жатыр» деп полиция шақырған. Біз – үлескерлер, өз мәселемізді шешкіміз келеді», – деді Ғалия Амантаева есімді тұрғын.

Құжат пен сапасыз құрылыс былай тұрсын, тұрғындар үйдің ішінде егеуқұйрық пен тышқан қаптағанын айтады. Алайда құрылыс компаниясы оған да назар аудармай отыр.

Подъездерде егеурқұйрық пен тышқан қаптап жүр. Олардың видеосы да бар. Үйдің ішінде тышқан өріп жүр. Құрылыс компаниясы мұны жоямыз деп уәде берген. Бірақ мәселе әлі шешілген жоқ, – деді Жания Есімханқызы.

«Жағалау-4» тұрғындары әкімдіктен тиісті жауап ала алмаған, ал құрылысқа жауапты «Елорда құрылыс» компаниясы «құр уәдемен» күн өткізіп отыр екен.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ