Астық, логистика: Ауғанстан нарығы Қазақстанға несімен тиімді?

0
345
фото: Halyq Uni

Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы экономикалық байланыс, сауда-саттық әлеуеті туралы айтты.

Оның сөзінше, Қазақстанннан экспортталатын ұнды Ауғанстанға жеткізудің барлығы дерлік Өзбекстан аумағы арқылы өтеді. Биыл 4 айда Ауғанстанға Өзбекстан арқылы 150,8 млн АҚШ доллары сомасына 450 мың тоннадан астам ұн жөнелтілген.

«Қазақстан астығын Өзбекстан арқылы Ауғанстан мен Тәжікстан бағытында тасымалдау тарифі жоғары болуына байланысты біз экспорт көлемін ұлғайту және ауған нарығын қажет тауарлармен қамтамасыз ету үшін Ауғанстанға транзиттік тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейтуді бастадық. Бүгінде Түркіменстан өз аумағы бойынша тасымалдарға жәрдемдесуге мүдделі және жеңілдетілген транзиттік тариф ұсынуға дайын, – деді ол.

Осы мақсатта шикізаттық емес тауарлар экспортын ілгерілетудің бірыңғай операторы – QazTrade отандық тауарларды «Болашақ» станциясына дейін жеткізуді арзандатуды қамтамасыз етеді.

Ауғанстанға ұн мен астықты жеткізу үшін Өзбекстан арқылы транзиттік теміржол тасымалына жеңілдік жасау жөніндегі уағдаластықты нығайттық, – деп қосты Жұманғарин.

Бұдан бөлек Қазақстан үкіметі бірқатар экономикалық жобаны іске асыруды көздеп отыр. Оның қатарында өңірлік және телекоммуникация саласындағы байланысты дамытуға ықпал ететін экономикалық және интеграциялық жобалар бар.

Сонымен қатар, Серік Жұманғарин көлік-логистика мүмкіндіктерін дамытудың маңыздылығына тоқталды.

«Ауғанстан – Қазақстан үшін Пәкістан мен Үндістанға апаратын Орталық Азияның көлік дәлізі. Біз Пәкістанның ірі NLC (National Logistics Cell) логистикалық компаниясымен келіссөздер жүргіздік, ол ауған компанияларымен тығыз жұмыс істейді. Қазірдің өзінде компания Ауғанстан арқылы автомобиль көлігімен Пәкістаннан/Пәкістанға жүктерді тасымалдау бойынша қысқа мерзімде бәсекелестік тарифтерді ұсынумен және қауіпсіздікті қамтамасыз етумен сервис ұсынады. Бұдан басқа, Қазақстан Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар теміржол транс-ауған көлік дәлізін салу бастамасын жоғары бағалайды, бұл Орталық Азия елдерінің Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс елдерімен үздіксіз өңіраралық ынтымақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді вице-премьер.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин биыл Қазақстанның Ауғанстаннан келген студенттерге 30 грант бөлуге дайын екенін мәлімдеді.

Қазір Қазақстанда 450-ден астам ауған студенті оқиды. Қазақстан ауған халқына материалдық және гуманитарлық қолдау көрсете отырып, Ауғанстан үшін гуманитарлық көмекті қамтамасыз етуге үлесін қосуды жалғастырады, – деді Жұманғарин.

Айта кетейік, бүгін Астана қаласында Қазақстан – Ауғанстан іскерлік форумы басталды. Форум алаңында 106 млн АҚШ доллар сомасына коммерциялық құжаттарға қол қою жоспарланып отыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ