Екі адамды атып өлтіріп, тағы екеуін жаралады: Арыста күдіктілер ұсталды

0
302

АРЫС. ҚазАқпарат – Түркістан облысында құрылысы жүріп жатқан үйде екі адамды атып өлтіріп, тағы екеуін жаралаған екі күдікті ұсталды. Үшіншісін қолға түсіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. ҚазАқпарат бұл туралы polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті мен Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері прокуратурамен бірлесіп өткізген жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілерді Арыс қаласында ұстаған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 5 тамыз күні белгісіз біреулер Арыс қаласында салынып жатқан үйдің аумағына кіріп, қарудан оқ атқан болатын. Кейін қашып кеткен. Салдарынан үй иесі мен оның танысы алған жарақаттарынан көз жұмды, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді. Аталған фактә ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне тіркелді.

Мәлім етілгендей, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасы бойынша арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.

«Қылмысты ашуға Түркістан облысы ПД-ның Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы, Криминалдық полиция басқармасы, Арыс аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылды.

Жедел уәкілдер арнайы іс-шаралар нәтижесінде Арыс қаласының тұрғындарын, яғни 3 күдіктінің жеке басын анықтады. Бүгінде олардың екеуі ұсталды.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Қазіргі уақытта үшінші күдіктіні ұстауға бағытталған барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы анықталады. Тергеу барысы Түркістан облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында», – делінген хабарламада.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ