Ақмола облысының оқу жылына әзірлігі қандай: Қосшы мектептерінде әлі де орын тапшы

0
253
Фото: Halyq Uni

Биылғы оқу жылында Ақмола облысында үш ауысымда оқытатын екі мектеп, апатты жағдайда екі мектеп бар, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ақмола облысының білім басқармасы редакцияның ресми сауалына облыста барлығы 531 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейтінін хабарлады.  Оның ішінде:

  • қазақ тілінде оқытатын – 150 мектеп;
  • орыс тілінде  оқытатын – 173 мектеп;
  • қазақ және орыс тілінде оқытатын – 208 мектеп бар.

Жаңа оқу жылында 5 мектептің  құрылысы аяқталады, оның ішінде мемлекеттік тілде оқытатын 3 мектеп (Өтеміс ауылында 120 орын, Көкшетау қаласында 312 орын, Қосшы қаласындағы 1200 орын), қазақ және орыс тілінде оқытатын 2 (Қосшы қаласындағы 1 500 орын, Жібек жолы ауылында 300 орын) мектеп бар, – делінген ресми жауапта.

Бүгінгі таңда облыста үш ауысымды оқытатын 2 мектеп бар, атап айтқанда Аршалы ауданы Жібек жолы ауылының мектебі мен Қосшы қаласы №2 мектебі. Әйткенмен қаладағы жаңа мектеп әлі қолданысқа берілмеген.

Бұл мәселені шешу үшін Жібек жолы ауылында 300 орындық және Қосшы қаласында 1 200 орындық мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Мектептерді пайдалануға беру ағымдағы жылдың тамыз айында жоспарланған, – дейді білім басқармасы.

Ал апат жағдайындағы екі мектеп Жарқайың ауданы Бірсуат ауылы мен Біржан Сал ауданы Бұланды ауылында орналасқан.

Апатты жою үшін облыстық бюджет қаражатынан Біржан сал ауданы Бұланды ауылында 80 орындық мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Бірсуат ауылындағы мектеп ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Жобаның құны – 434,9 млн теңге. Жоба ведомстводан тыс сараптамадан өтуде.

Басқарманың хабарлауынша, биыл облыста 4 052 орындық 10 мектептің құрылысы жалғасып жатыр. Сондай-ақ Ақкөл қаласының №4 орта мектебіне және Көкшетау қаласының № 4 арнайы мектеп-интернатына қосымша оқу ғимараттары. 1 қыркүйекке қарай 2 092 орындық 5 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Жеке инвестициялар есебінен Қосшы қаласында 1 500 орындық мектептің құрылысы аяқталды.

Сондай-ақ, жылдың соңына дейін Целиноград ауданының Жаңа жол ауылында 80 орындық мектеп, Аршалы ауданының Жалтыркөл ауылында және Степногрск қаласының Бестөбе ауылында 300 орындық мектеп және Көкшетау қаласының №4 арнайы мектеп-интернатына қосымша салу жоспарланған.

Бұдан басқа, мектептердегі орын тапшылығын жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін облыста 22,6 мың оқушы орнына 18 мектеп салу жоспарланған.

101 білім беру объектісіне күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізуге бюджеттен 9 298,3 млн теңге бөлінді. Жаңа модификациядағы 50 кабинетті сатып алу үшін 432 млн теңге бөлінді. Мектеп жиһазын 207,8 млн теңгеге жаңарту жүзеге асырылуда. Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 611,4 млн теңге бөлінді, – делінген баспасөз хабарламасында.

Еске салайық, Қосшыдағы мұғалімдер 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында Қосшы мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін көтерген болатын. 2021 жылы №2 мектепте бірінші сыныпқа 700 оқушы қабылданып, мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балаларға арнап «Ы» сыныбына дейін ашылған болатын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ