Нобель сыйлығының лауреаттары Астанаға келе жатыр
5-6 қазан күндері Астанада «Nobel Fest: Digital Upgrade» өтеді. Фестивальге Нобель сыйлығының лауреаттары мен ғылым, ақпараттық технологиялар, экономика және инновациялар саласындағы жетекші сарапшылар қатыспақ.
«Спикерлер ғылыми-техникалық прогрестің ең озық теориялары мен тәжірибесін талдайды. Фестиваль бағдарламасы жасанды интеллект, климаттың өзгеруі, экономика болашағы, стартаптар мен замануаи еңбек нарығы, ғылымның жаңа қырлары, адамзат болашағы секілді өзекті мәселелерді қамтиды», – деп хабарлайды ұйымдастырушылар.
Фестивальдің негізгі тақырыптары:
- Технологияның сингулярлық дәуірі
- Белгісіз әлем: жасанды интеллект дәуірі
- Цифрлық әлемдегі адам миының ресурстары: сингулярлық немесе сана жолында?
- Көп планеталы өркениет пен ғарыш туризмінің құрылысы
- Ғылым мен білім дамуының жаңа қырлары
- Жаһанданудың аяқталуы және әлемнің жаңа экономикасы
- «Unicorn» стартапты қалай құруға болады не технология алпауыттарының дамуына қандай жағдай жасау керек?
- Еңбек пен адами капиталдың болашағы
Шараға әлемнің қазіргі үш үздік экономисінің бірі Джеймс Хекман, климат және тұрақты даму бойынша №1 сарапшы Рае Квон Чунг секілді Нобель сыйлығы иегерлерінен бөлек, футурологтар, жаңашылдар, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, академиктер мен ғалымдар да қатысады.
Футурологтар:
- Герд Леонхард — әлемге әйгілі футуролог, инновациядағы үздік үш ықпалды көрегеннің бірі (Wired), «Технология адамға қарсы» бестселлерінің авторы.
- Мартин Везовски — SAP-тың бас футурологы және SAP Future Hub-тың жетекшісі.
Жаңашылдар:
- Вивек Вадхва — Силикон алқабының гуруы, TIME журналы бойынша, технология саласындағы аса ықпалды 40 ақыл-ой иесінің бірі.
- Фрэнк Стивенсон — ең танымал автокөлік дизайнері. Mini Cooper, BMW X5, Ferrari F430, Maserati дизайнын жасаушы, Frank Stephenson Design (FSD) негізін қалаушы.
Саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері:
- Саясат Нұрбек — ҚР-ның ғылым және жоғары білім министрі.
- Икбал Чоудхари — Мұсылман әлемінің Мұстафа-Нобель сыйлығының иегері, ИЫҰ елдерінің Ғылым және технология комитетінің бас үйлестірушісі.
- Досым Сәтбаев – белгілі қазақстандық саясаттанушы, “Қауіп-қатерді бағалау тобы” үкіметтік емес консалтинг ұйымының директоры.
Академиктер мен көрнекті ғалымдар:
- Лоуренс Краусс – Аризона университетінің жерді және ғарышты зерттеу бөлімінің негізін қалаушы профессоры және Origins жобасының құрметті директоры.ы
- Александр Каплан – профессор, адам миын зерттеудегі танымал сарапшылардың бірі, Мәскеу мемлекеттік университетінде нейрофизиология және нейрокомпьютер интерфейстерін зерттейтін лабораторияның меңгерушісі.
- Ричард Фраковиак – Лондон университеттік колледжінің неврология институтының құрметті профессоры, Лозанна университетінің клиникалық нейробиология кафедрасының меңгерушісі.
- Артем Оганов – әйгілі инноватор, ғылымды танымал етуші, Халықаралық кристаллографтар одағының материалдардың кристаллографиясы жөніндегі комиссиясының негізін қалаушы
- Дмитрий Дубровский – Карлов университетінің әлеуметтік ғылымдар факультетінің қызметкері, Латвиядағы Брива университетінің профессоры, Тәуелсіз әлеуметтік зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері.
Фестиваль қатысушылары Нобель сыйлығының лауреаттарынан арнайы сертификаттар алып, астаналық дарынды музыкант Ratovich-тің фортепианосының сиқырлы үнін тыңдай алады.
Айта кетейік, Nobel Fest – халықаралық EdTech платформасы. Фестивальдің басты мақсаты – мыңдаған қазақстандықтың білімге, ғылымға және инновацияға қызығушылығын арттыру. Жыл сайын Nobel Fest 100 елден 500 мыңға жуық қатысушы мен 500 университетті біріктіре отырып, жарқын болашақты қалыптастырудағы жан-жақты білімнің маңызын айшықтайды.
Nobel Fest миссиясын отандық және халықаралық ұйымдар қолдайды. Олардың қатарында Қазақстандағы ең ірі қоғамдық қорлардың бірі – «Алтын Қыран» қоры; бас білім беру серіктесі – М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті; Стратегиялық серіктес – Камалладин университеті; Ресми серіктес – Platonus компаниясы, сондай-ақ BI Group және BI Education компаниялары. Негізгі медиа-серіктестер – Kamalladin Media медиа-агенттігі; өмір, жұмыс және хоббилер туралы әйгілі The Steppe басылымы; сондай-ақ Орталық Азиядағы адамдар мен жобалар туралы прогрессивті WeProject басылымы.