Қайрат Боранбаев мемлекетке 90 млрд теңгенің мүлкін қайтарды
Қайрат Боранбаев мемлекетке 90 млрд теңгенің мүлкін қайтарды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
Агенттік Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға байланысты сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатыр.
Тергеу барысында жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын активтерді, оның ішінде мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақ үй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді мемлекет меншігіне ерікті түрде қайтару жөнінде шаралар қабылданды.
Сондай-ақ Қайрат Боранбаев Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды. Осы объектілердің барлығы мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына беріліп, ал ақшалай қаражат білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін пайдаланылады, – делінген ақпаратта.
Бұған дейін Қайрат Боранбаев табиғи газ импорты кезінде қаражатты жымқыру эпизоды бойынша тергеу аясында 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық шығынды өтеген.
Айта кетейік, Боранбаевқа сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шықты. Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс бойынша сотталушы – Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды. Ол сот залынан қамауға алынды.
Содан кейін Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжат түпнұсқасының болмауына байланысты бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойды.
22 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты істі қарады. Боранбаевтың адвокаты Данияр Қанафин мемлекеттік айыптаушымен процестік келісімге келу туралы өтінішхат жолдады.
Сотталушылар мен олардың адвокаттары тергеу органдарымен процестік келісімге келу туралы өтінішхатты қолдады. Сотталушы Тайыр Жанұзақтың адвокаты процестік келісімге келу туралы өтінішхатты қолдайтыны айтып, сот алқасынан Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заңды назарға алуды сұрады.
Судья Қайрат Боранбаевтан «кінәңізді мойындайсыз ба?» деп сұрады. Боранбаев «процестік келісім бойынша, иә» деп жауап берді.
Істі судья Айсұлу Сламбеков, Нұрлан Баяхметов, Айбек Әмірғалиев қарап жатыр.