Ауыл мұғалімдері электронды журналды тауға шығып толтыруға мәжбүр

0
234
фото: дереккөз

Түркістан облысының Қазығұрт ауданына қарасты Аққұм ауылының мұғалімдері электронды журналды толтыру үшін тауға шығуға мәжбүр. Себебі аталған ауылда интернет дұрыс жұмыс істемейді. Бұл туралы otyrar.kz хабарлады.

Тіпті мектеп оқушылары информатика сабағын теориялық түрде ғана оқып жүр.

Компьютерді интернетсіз ашу мүмкін емес. Сондықтан облыс орталығынан жиі сөгіс аламыз. Мектептің өзінде интернет бар, бірақ айына 10 гигабайт қана бөлінеді. Бұл алғашқы үш күнде-ақ таусылып қалады, – деді информатика пәнінің мұғалімі Алмас Сарман.

Мектеп директоры тапсырма бергеннен кейін мұғалімдер интернет іздеп кетеді. Ұстаздар бұл әдіспен 2 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Олар электронды журналдарын жол жиегінде ноутбукпен тұрып толтыратын көрінеді.

Кейде достарымыз жұмыс істейтін кафеге барамыз. Бірақ адамдар ол жерде ішімдік ішіп, шу шығарады. Бұрышқа отырып, жұмыс істейміз. Біз тоқсан сайын есеп беріп тұруымыз керек. Кейде түнгі 12, 1-ге дейін отырамыз. Балаларымызға көңіл бөлуге уақыт жоқ. «Аққұм мұғалімдері сыған сияқты, жұмыс уақытында демалып жүр» деп келекелейді. Бірақ бізде күлуге мүлде уақыт жоқ, – деді бастауыш сынып мұғалімі Құралай Қожабергенова.

Жағдайдан шенеуніктер хабардар. Ауылға спутниктік станция орнатылып, аздап өзгергенін айтады. Мәселені шешу үшін 45 метрлік мұнара орнату қажет. Олар тіпті демеуші тапқанмен, ұялы байланыс операторымен келісімге келе алмаған.

Қазір PPP 2.0 бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оптикалық тексеру министрлік тарапынан жүргізіледі. Оптиканы орнату жұмыстарын осы жылдың аяғына дейін немесе келесі жылы бастау жоспарланған. Осыдан кейін базалық станция жұмысының сапасы жақсарады деп сенеміз, – деді Қазығұрт ауданы әкімдігінің бас инспекторы Ерсайын Нұрлыбек.

Шенеуніктер ауылда байланыс болады деп уәде беріп отыр. Олар базалық станцияның дұрыс орнатылмағанын және олар оптикалық желіні ұзартуға ниетті екенін айтады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ