Жұқпалы дерт дендеп тұр

0
288
фото:ашықдереккөз

Суық түссе Солтүстікте тұмауға шалдыққан адамдар көбейеді. Бұл – қалыпты жағдай. Халық оған қарсы күресудің, вакцина алудың жолдарын әбден меңгерген. Бірақ кейінгі жылдары балалар арасында қызылшаның көбеюі медицина қызметкерлерін алаңдатып отыр.

Бір кезде бұл дертке қарсы вакцина болмай жас бөбектер көп шетінеген еді. Қазір вакцина бар, бірақ көптеген ата-ана оның пайдалы боларына күмәнмен қарап, балаларына еккізбейтін көрінеді. Кейбіреулер тіпті діни сеніміне байланыс­ты ектірмейді екен. Бұл, әрине, ата-аналар тарапынан жіберіліп отырған келеңсіз жағдай, әрбір ата-ана баласының сау болуын ойлауы керек.

Интернетке қарап отырсақ, қызылша дегеннің өзі – балалар арасында жылдам таралатын жұқпалы дерт. Бұл, әсіресе, қуатты тағамдарды тойып ішпейтін және туберкулез ауруына шалдыққандарға қауіп­ті. Сырқатқа шалдығу суық тию бел­гілері сияқты басталады. Алдымен де­не қызады, тұмаудың белгілері көрінеді, одан көз қабынып, жөтел ұлғаяды. Уақыт өткен сайын ауру асқына түседі. Ауыз іші қабынып, ісініп, іш өтуі де мүмкін. Екі немесе үш күннен кейін ауыздың шырышты қабығында тұз түйіршігінің жартысындай кішкентай ақ дақтар көріне бас­тайды. Одан кейін 2 немесе 3 күн өткен соң құлақта және мойында, сосын бетте және денеде, ең соңында қол мен аяқта бөртпелер пайда болады. Денеге бөртпелер шыққаннан кейін баланың жағдайы әдетте жақсарады. Бөртпелер 5 күннің ішінде шығып болады. Кейде тері астына қанның құйылуы (қара қызылша) салдарынан шашыраңқы қара дақтар (көгерген жерлер) байқалады. Бұл дерт әсерінің өте күшті екенін білдіреді. Осындайдың кесірінен, жоғарыда айтқанымыздай, бұрын көп бала шетінеген. Әлбетте, қазір ондайға жол беруге болмайды. Дереу дәрігерге көріну керек және науқасқа ұшыраған бала төсекте жатуы керек, сұйықты көп ішіп, құнарлы тамақ жегені жөн. Егер қою тамақ жей алмаса, сұйық сорпа берген дұрыс. Омыраудағы балаға қиынға соқса, онда ана сүтін қасықпен ішкізу керек. Сонымен қатар қызылшамен ауырған баланы басқа балалардан бөлек ұстаған жөн. Қызылшамен ауырып жатқан баласы бар үйге басқа үйдің балаларының келуіне болмайды. Қызылша ауруы бар үйдің басқа балалары ауырмаса да мектепке, дүкенге немесе басқа да қоғамдық орындарға 10 күн­ге дейін баруына болмайды. Жас бала­лар ағзасының қызылша ауруына қарсы тұ­рып, шетінемеуі үшін олардың жетіліп, ет алуы қажет. 8 айдан 14 айға дейінгі бала қызыл­шаға қарсы егілу керек.

Облыстық денсаулық сақтау басқарма­сы­ның бастығы Қ.Күсемісовтің айтуына қара­ғанда, қазір өңірдегі денсаулық препараттары сақталған қоймаларда қызылшаға қарсы вакцинаның толық қоры, яғни 9 мың дозасы бар көрінеді. Осы вакциналар­ды егу үшін облыста 91 егу бригадасы ұйым­дастырылған.

Ауа райы суыққа бет алған қазанның екінші жартысынан бастап денсаулық сақтау басқармасы 93 млн теңгеге қо­сымша вакцина алуға тапсырыс берген. Үкіметтің 2021 жылғы 30 наурыздағы қаулысына сәйкес қызылшаға қарсы вакцина егу 12-15 айлық бөбектер арасында міндетті түрде жүргізіледі. Сондай-ақ екінші рет егуге 6 жасқа дейінгі балалар қамтылады. Ал 2023 жылдың 1 қа­рашасынан қосымша иммунизация жасау 6-дан 11 айға дейінгі бөбектерге жасалады. Сонымен бірге денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық және басқа да қызметкерлеріне егіледі. Бүгінгі таңда 6-дан 11 айға дейін егілуге тиісті бөбектер саны – 2 465, ал медициналық және басқа да қызметкерлер саны 3 800 адам екені анықталды. Осы жылдың 9 айында қы­зылшаға қарсы егілуге тиісті жандардың 71,2%-ына екпе жасалған. Соның ішінде бір жасқа дейінгі егілгендер саны – 5 398 адам, бұл – барлық бала санының 75,4%-ы. Алты жасқа дейінгі балалардың 7 116-сына вакцина егілген, бұл – осы жастағы барлық баланың 77,6%-ы.

Биыл вакцина егуден бас тартқан 2 234 бөбектің 709-на, яғни 32%-ына екпе салынды. Қ.Күсемісовтің айтуына қара­ған­да, былтырғы 9 айда қызылшамен ауыр­ған бірде-бір адам тіркелмеген. Ал биыл олардың саны 25-ке жетіп отыр, олар­дың 59%-ы, яғни 14 адам – вакцина еккіз­бегендер. «Жалпы, еліміз бойынша қызыл­шамен ауырғандар саны бүгінгі таңда 11 мыңға жетті. Соның 70 пайызы – вак­цинадан бас тартқан ата-аналардың балалары», деді Қ.Күсемісов.

Солтүстік Қазақстан облысының са­нитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев қызылшаға ұшыраған барлық 11 мың адамның 13,8%-ы ересектер екенін айтты. «Қазір қызылша барлық өңірде тіркелді, ең жоғары деңгей Алматы қаласында – 2 031, Шымкент қаласында – 2 026, Жамбыл облысында – 1 392 және Алматы облысында – 1 111 жағдай. Сырқаттанушылық – негі­зінен вакциналанбаған балалар есебінен тіркеліп жатыр», деді ол.

Қазір облыста 4 адам стационарлық ем алып жатыр, 1 адам амбулаториялық жағдайда емделемін деп ауруханаға жатудан бас тартты. 23 адам емделіп шықты.

Солтүстікке қызылшаны БАӘ, РФ және Қырғызстан елдерінен келген 3 жолаушы жұқтырып әкелген. Қазір оның облыс бойынша таралуы барлық дерлік аумақты қамтыған. Соның ішінде Петропавл қала­сында – 19, Мағжан Жұмабаев ауданында – 2. Сондай-ақ Аққайың, Мамлют, Қызылжар және Жамбыл аудандарын­-
да 1 жағ­дайдан тіркелді. Негізгі бөлігі 14 жас­­­қа дейінгі балалар арасынан шыққан.

Вакцинадан бас тартудың аяғы осындай ауыр жағдайларға жеткізіп отыр. Бүкіл әлем барлық жұқпалы аурудан вакцина арқылы сақтанғанда Қазақстан азаматтары ерекше емес қой. Тек сол вакцинаның өзі жұртты қорқытпай, сапалы болғаны керек-ақ.

 

Солтүстік Қазақстан облысы

Жақсыбай САМРАТ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз