Әнші Досымжан Таңатаров театр директоры қызметінен неге кеткенін түсіндірді

0
185
фото:ашықдереккөз

Досымжан Таңатаров «Ұйқым келмейді» бағдарламасында «Жастар театрының» директоры қызметінен неге кеткенін айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бұл жақын күндері ғана шешілген дүние. Театр саласында 2,5 жыл жүріппін. Әділ Ахметовтың кезінде 2 жыл орынбасар болдым. Әділдің 2 жылдың көлемінде көптеген дүниелерден қолы қағылып жатты. Оны өзім де көріп жүрдім. Театрды құрған Нұрқанат ағамыз сол екі жылдың ішінде мені сынап, байқап жүрген болуы керек. Ағамыздың бір айтқан сөзі бар: «Біз сені үлкен әнші ретінде, үлкен азамат ретінде білетінбіз, енді үлкен аға, жақсы іні екеніңе көзіміз жетті» деген еді. Директорлық қызметте жерген кезде Әділ көптеген дүниелерінен қалып кетіп жатты. Әділдің сұрауымен мені директорлыққа тапсырайық деген ұсыныс түсті. Ол кезде жақсы деп бірден қуана кеттік. Әділ Ахметов қазір елдің аузында жүрген үлкен актер. Сол көп дүниелерден қалып жатқанда бір көмегім осы болсын деп келіскенмін», дейді әнші.

Ал енді театр басшылығынан кетуге оның жеке шығармашылығы мен сенім артып тапсырылған қызметті қатар алып жүре алмауы себеп болған екен.

«Театр директоры болғаннан кейін оның өсуіне, өркендеуіне әкімшілікпен, қоғаммен тікелей байланыста болу керек. Азды-көпті жұмыс істедік. Бірақ байқасам өзімнің шығармашылығым ақсап бара жатыр. Театрдың жауапкершілігі өзіңде болғаннан кейін көп жерге бара алмай қалады екенсің. Сондықтан шығармашылықпен қызмет бірдей алып жүре алмайтын дүние болғаннан кейін келісіммен алдыларынан өттім. Оның үстіне қазіргі директордың міндетін атқарып жүрген Азамат Есқұлов бауырымыз келді. Оны мен үш айдай күттім. Ол өзі осы қызметті әрі қарай жалғастыруға құлшыныс білдірді. Коллективтің барлығы Азаматқа сенім артты. Біраз жыл жұмыс істегеннен кейін алып кететін секілді болды. Содан кейін мен жұмысты Азаматқа тапсырып, өзімнің шығармашылығыма бет бұрдым», дейді Д.Таңатаров.

Айта кетейік, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров Астанадағы «Жастар театрының» директоры қызметіне 2023 жылдың 5 мамырында тағайындалған еді.

Аяна ТОҒАНБЕК

ПІКІР ҚАЛДЫРУ