«Ұят болды»: Ішкі істер министрінің орынбасары қыз зорлаған әріптесі туралы пікір білдірді

0
184

Талдықорған полициясының басшысы қыз зорлады деген күдікпен қамауға алынды

Марат Қожаев, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары. Фото: Halyq Uni

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев қыз зорлады деген күдікпен қамауға алынған Талдықорған полиция басқармасының басшысы жайында журналистердің бірнеше сұрағына жауап берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ІІМ өкілінің айтуынша, қыз зорлау дерегі бойынша тексеріс жүргізілген.

«Кеше Жетісу облысының полиция басшыларына қатысты шешім жарияланды. Бұл оқиға бойынша ұят жағдай анықталды. Оны мойындау керек. Күдікті полицейдің ойында не жүргенін біле алмаймыз. Осыған дейін тексерістен талай өткен болатын, яғни біраздан бері қызметте жүрген адам. Бірақ осындай теріс әрекеті анықталып жатыр. Оның жауапкершілігі тергеу амалдары мен сот шешімі нәтижесінде анықталады», – деді Марат Қожаев Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Журналистер Ішкі істер министрінің орынбасарына «Бұған дейін де ол қарамағындағы қызметкерлерді балағаттап, басы дауға қалған болатын. Сол кезде ол неге қызметінен босатылмады?» деп сұрақ қойды.

Бұл оқиға кезінде оның лауазымы төмендетілген еді. Одан кейін қызметін атқара келе, соңғы лауазымына тағайындалған, – деді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ БАҚ өкілдері «Полиция қызметкерлерінің арасында осындай жағдайдың қайталанбауына кім кепілдік береді? Мұны сіздер қалай тексересіздер? Ашылмай жатқан қыз зорлау деректері бар шығар» деп сауал жолдады.

Марат Қожаев Қазақстанда қылмыс жасағандардың қатарында тек полиция өкілдері емес, журналистер де барын айтты.

Мен жаңа ғана айттым. Адамның басына кіріп, жүрегінен шығатын технология жоқ. Кейбір кезде сіздердің араларыңыздағы журналистер де қылмыс жасайды. Жауапқа тартылып жатқанын естіп жатқан шығарсыздар, – деді Марат Қожаев.

Сонымен қатар оған «Ішкі істер министрлігі Талдықорғандағы қыздың зорлануына байланысты халықтан кешірім сұрай ма?» деген сұрақ қойылды.

Министрдің кінәсі қандай? Кінәлі адам заң бойынша жауапқа тартылып жатыр. Бәріміз заң алдында бірдейміз. Сұрақтарыңыз қайталанып жатыр. Мен бәріне жауап бердім, – деді министрдің орынбасары.

Дәурен Ербола

ПІКІР ҚАЛДЫРУ