Қазақстан ауасы ең ластанған 40 елдің қатарында тұр – Мәулен Әшімбаев

0
223
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы/Kazinform

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан ауасы ең ластанған 40 елдің қатарында тұрғанын мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Бұл туралы ол Қазақстан Республикасының орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттары мен міндеттерінің іске асырылуына мониторинг жүргізу кезіндегі парламенттік комиссияның “Ауаның ластануы – экологиялық қауіпсіздікке төнген қатер” тақырыбына арналған Өскемендегі көшпелі отырысында айтты.

– Өскемен еліміздегі ауасы ең ластанған қалалардың бірі. Сол үшін комиссия отырысын осында бастап отырмыз. Халықтың өмір сүру сапасына күнделікті тыныстайтын ауа сапасы тікелей әсер етеді. Жыл сайын кәсіпорындар зиянды шығарындыларды азайтып келеді, бірақ экология мәселесі әлі де өзектілігін жоймады. Бүгінде Қазақстан ауасы ең ластанған 40 елдің қатарында тұр, – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында Шығыс Қазақстан облысында экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында қандай шараларды қолға алу көзделіп отырғаны айтылды.

– Өңір бойынша ауаны ластаушы кәсіпорындар қатарында – “Казцинк” ЖШС ең алдыңғы қатарда. Шығарындылар 24,3 мың тоннаны құрайды. Бұл жалпы шығарындылардың 47 пайызы. Сол үшін кәсіпорынға күкірт қышқылы зауытының қалдық газдарын толық тазартатын қондырғы орнату жоспарланған. Соның нәтижесінде күкірт диоксиді шығарындылары 1600 тоннаға азайтылады. Ал екінші орында тұрған “Өскемен ЖЭО” ЖШС-ның зиянды шығарындылары – 15,3 мың тонна. Онда қазандық қондырғысынан шығатын азот оксидін азайту жобасы жүзеге асырылды. Осылайша азот оксидінің концентрациясы екі есеге төмендеді, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Оның айтуынша, атмосфералық ауаның сапасына мониторинг жүргізу мақсатында “Қазгидромедтің” 15 бекеті жұмыс істеп тұр. Қолайсыз метеожағдай кезінде ауа сынамалары мобильді жылжымалы зертханамен алынады.

Бірнеше ірі кәсіпорынға шығарындылар мониторингінің автоматтандырылған жүйелерін орнату аяқталуда. Экологиялық ақпарат AirKZ мобильді қосымшасы мен интерактивті карта арқылы қамтамасыз етіледі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ