Бірыңғай уақыт белдеуі

0
177

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Елімізде бірыңғай уақыт белдеуі енгізілетін болды. Бұған дейін ғалымдар мен сарапшылардың қызу талқысында болған уақыт мәселесі Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен дөңгелек үстелде жан-жақты талқыланып, оның пайдалы тұстары айтылды.

Бұған дейін елімізде UTC+5 және UTC+6 деген екі түрлі уақыт белдеуі қол­­данылып келді. Елдің көп бөлігі (ба­тыс өңірлерді қоспағанда) UTC+6 ай­ма­ғында орналасқан. Ғалымдардың айтуынша, UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді және био­логиялық ритмдер мен адам ден­сау­лығына кері әсері бар. Осы мәселені кешенді пысықтау мақсатында Сауда және интеграция министрлігі жанынан Парламент депутаттары, ғылыми инс­титуттар, қоғам қайраткерлерінің қаты­суымен тиісті жұмыс тобы құ­рылған. 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жұмыс тобының отырысында шешім бекітіліп, елімізде UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуін енгізу ұсынылды. Сарапшылардың айтуынша, бұл нұсқа ең дұрыс әрі қолайлы. Осыған орай, Үкімет қаулысының жобасы әзірленіп отыр. Құжат 22 желтоқсанға дейін қоғам талқысына шығарылмақ. Сөйтіп 2024 жылдың 29 ақпанынан 1 нау­рызға қараған түні сағат 00:00-де Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақ­мола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қос­танай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа шегереді. Осылайша, еліміздің бар­лық аймағы 5-інші сағат белдеуіне орна­ласады.

Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология коми­тетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев бұл мәселе ұзақ уақыт талқыланғанын жеткізді.

«Бәріміз де – қоғамның мүшесіміз. Таңғы сағат 9-да жұмысқа барамыз. Ол уақытта дала қараңғы болып тұра­ды. Әрбіріміздің отбасымыз және балаларымыз бар. Олар мектепке барады. Балалар мен жасөспірімдердің ұйқысы қанбаса, олардың сабақ оқуға қабілеті қайдан болады? Бірыңғай уа­қыт белдеуіне көшу осы жағынан тиімді. Өзгерістің басқа да оң әсері мол. Мысалы, адамның денсаулығы жақсарса, бұл экономикаға да оң септігін тигізеді. Өңірлер арасында өзара байланыс артады. Еліміздің батысы басқа сағат белдеуінде, Астанамен салыстырғанда бір сағат айырмашылық бар. Өзгеріс болса, көліктер де бір уақыт­пен барып, бір уақытпен келеді», деді комитеті төрағасы.

Сондай-ақ ол UTC+5 уақыт белдеудің қандай артықшылықтары бары және еліміздің тыныс-тіршілігіне қайта оң өзгерістер болатынын айтты.

«Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу нені көздейді? Түсіндірейін. Жаңа өзге­ріс десинхроноздың болуына жол бермейді. Десинхроноз дегеніміз – ғылыми термин. Бұл – биологиялық ырғақтың бұзылуы. Оған шаршау, депрессия, ұйқысыздық, әртүрлі жүрек-қан тамыр аурулары себеп болуы мүм­­кін. Сондай-ақ созылмалы түрде ұйқының қанбауы, шаршау, созылмалы аурулардың объективті алғышарт­та­рын қалыптасуына жол бермейді. Қазір әлемдегі 175 мемлекет – бірыңғай уақыт белдеуінде. Сондықтан мұндай шешім уақытында қабылданғалы отыр және ғалымдардың пікірімен сәйкес келеді», деді Қ.Елікбаев.

Аталған комитет төрағасының орынбасары Бауыржан Қасымов бірыңғай уақыт мәселесін толықтыра келе, бұл бизнеске де қолайлы екенін, сондай-ақ мем­лекеттік органдар мен шұғыл қыз­меттер ара­сындағы өзара іс-қимыл үйлесімді болатынын жеткізді.

«Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесі тек бүгін көтеріліп отырған жоқ. Әр өңірдегі халық өтініш жіберіп, осы мәселені ғалымдармен бірге қа­рас­тыруды сұрап, ұсыныс жасады. Салааралық жұмыс тобының құ­­ра­мына түрлі саланы зерттейтін ға­лымдар, астро­физиктер, онкология ауру­ла­рын емдейтін дәрігерлер, биоритмді зерт­тей­тін ғалымдар, белсенді азаматтар кірді», деді ол.

Сарапшылар елдегі табиғи уақыттың сәйкес келмеуі адам ағзасына теріс әсерін тигізетінін айтады. Сондықтан мамандар тұтас ел бойынша уақытты бір сағатқа ауыстыруды жөн санайды.

«Ғылым және жоғары білім министр­лігінің, Денсаулық сақтау министр­лігінің алаңында ғалымдарды жинап, есепті бірнеше рет талқыладық. Соңғы рет Экономикалық зерттеулер институтында жиналдық. Осылайша, ғалымдар бұл мәселеге нүкте қойып, бір шешімге келді. Ғалымдардың консенсусына сәйкес, экономика және адамның денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін ең дұрысы – бірыңғай уақыт белдеуінде болу», деді Б.Қасымов.

Парламент Мәжілісінің депутаты Еркін Әбілдің сөзінше, сағаттық белдеу­дің бірізділігі көптеген салаға оң әсер етеді.

«Елімізде Шығыс Қазақстан облысы бол­маса, қалғанында уақыт айыр­­машылығы бар. Қостанайдың кей­бір аудандарында 2 сағатқа жақын айыр­­машылық байқалады. Мысалы, Қос­та­найда жазда 11-ге дейін күн бат­пай­ды. 11-ден кейін ғана 12-ге жақын күн бата бастайды. Бірыңғай уақыт жүйесі – басқару және экономикаға, сондай-ақ денсаулыққа оң әсер етеді», дейді депутат.

Мәжіліс депутаты аталған мәселе неге бүгін талқыланып жатқанын түсін­дірді.

«Мен уақыттың Астанамен әртүрлі белдеуде болғанына қарсымын. Бұған қатысты медициналық зерттеу кейінгі 10 жылда болды. 2017 жылы осы тақырыпты зерттеген бір топ ғалым Но­бель сыйлығын алған соң (автор-тәуліктік ритмдердің зерттеуі туралы) бүкіл әлем осыған баса назар аудара бас­тады. Бұл бізге де келіп жетті. Мұны ғылымның жаңа саласы деп айтуға болады. Оның ішінде АҚШ-та, Еуропада зерттеулер жасалып жатыр. Бұрын біз бірыңғай белдеуде болдық, алайда кейін 30 жылда уақытпен ойнап, ақыры Гринвич уақытынан 6 сағат айырмада қалып отырмыз», дейді Е.Әбіл.

Оның сөзінше, Астананың терри­тория­лық орналасқан жері табиғи уа­қыт­тан 1 cағат 20 минуттай айыр­ма­шылығы бар. Депутат бұл өзгеріс қа­шан­нан бас­тап енгізілуі мүмкін екен айтты.

«Комиссия өзінің ұсынысын берді. Үкімет бұл мәселені қарап, арнайы қаулы шығаруға тиіс. Енді сол қаулыны күтеміз. Менің ойымша, шешім жаңа жылдан кейін қабылданады. Мен нақты уақытын айта алмаймын. Себебі бұл мәселе – біздің құзыретімізде емес», дейді депутат.

Қолданбалы хронобиология маманы Болат Жолтайұлының айтуынша, уақыт алға жылжымайды, тек бұрынғы уақыт жүйесі тездетіледі.

Бақытбек ҚАДЫР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ