Бағдат Мусин еуропалық спутник байланысын енгізу мүмкіндігі туралы айтты
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин елімізде еуропалық спутник байланысын енгізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.
«Біз байланыстың ғарыштық жүйелерін пайдаланып, зерделеп те жатырмыз. Мәселен, Люксембургте тіркелген және өзге де еуропалық компаниялар бар. Олар белгілі бір қызметтерді ұсынып отыр және пайдалануға да болады. Бүгінде Республикалық ғарыштық байланыс орталығы олармен ынтымақтастықта. Менің түсінуімше, Еуропалық одақ жобасы негізінен біздің Орталық Азияның өзге де елдерімен байланыстылығымызды жақсартуға бағытталған. Яғни, Қазақстан арқылы өтетін желі жылдам жұмыс істеуі керек. Біз магистральдық тораптарды дамытуымыз қажет», – деді Бағдат Мусин ведомстводан өткен брифингте агенттік тілшісінің сауалына орай.
Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігі ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Баур ЕО Қазақстандағы интернет көздерін әртараптандыруға атсалысуға ниетті екендігін айтқан болатын.
«Қазақстанға қазір интернет трафик Ресейден және Қытайдан келеді. Біздің жоба Қазақстанға еуропалық спутник байланысын пайдалану мүмкіндігін ұсынғысы келеді. Бұл — еуропалық SES компаниясының өнімі. Мысалы, Starlink жерді төмен орбитамен айналса, SES спутниктері орта орбитамен айналады. Орта орбитадағы спутниктер бүкіл Қазақстанды қамти алады. Артықшылығы сонда. Тіпті бүкіл Орталық Азияны қамтиды», — дейді Йоханнес Баур.