Жамбыл облысында 1000-нан астам көлік кептелісте тұр

0
176
Фото: Видеодан кадр Галина Скрипник/ Kazinform

 750-ден астам полиция қызметкері Жамбыл облысының тас жолдарында күндіз-түні кезекшілік етіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform. 

Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин жолдардағы күрделі жағдайға байланысты жүргізушілерге тағы да ескерту жасады.

Қарлы боран, көктайғақ, көріну мүмкіндігі шектеулі. Салдарынан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының 163-тен 230-шақырымына дейінгі учаскесі (жаңа Қордай асуы), «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының Астана қаласы бағытындағы 125-шақырымы, Түркістан облысымен шекарада Шақпақ ауылы маңындағы Күйік асуы жабылды.

«Ауа райы жақсарғанға дейін аталған аумақтар сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін жабылады. Шектеу шараларына түсіністікпен қарауды сұраймын. Сағат сайын бізге бұзылып қалған машиналар туралы хабарламалар түсуде. Тас жолдарда 1000-нан астам автокөлік кептеліп тұр. Полицияның 750-ден астам қызметкері оларға көмектесіп, тәулік бойы кезекшілік етуде. Біз күшейтілген режимде жұмыс істеп жатырмыз», – деп атап өтті департамент бастығы.

Оның сөзінше, кейбір жүргізушілер шектеулерді елемеуге тырысып, өздерінің ғана емес, жолаушылардың да өміріне қауіп төндіруде. ПД бастығы барлығын ауа-райының жақсаруын күтуге және алыс сапарларды бірнеше күн кейінге қалдыруға шақырды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ