«Жұмысқа орналастырамын»: Атырауда 15 адамды алдап, ақша алған тұрғын ұсталды

0
171
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Атырауда 15 адамды жұмысқа орналастырып беремін деген күдікті ұсталды. Ол туысы арқылы жәбірленушілердің 2 млн 250 мың теңгесін алдап алған, деп хабарлайды Kazinform. 

Атырау қалалық полиция басқармасы №2 полиция бөлімінің криминалдық полиция және тергеу бөлімінің қызметкерлері ұстаған күдіктінің жасы – 28-де.

«Алаяқтық жолмен ақша табу мақсатында өзгелерді жұмысқа орналастырып беремін деп алдаған 1995 жылғы тұрғын ұсталды. Тексеру жұмыстары кезінде күдікті 2022 жылдың қазан айында материалдық жағдайын жақсарту «ісін» бастағаны анықталды. Алдымен 1977 жылғы туысқанын Атырау қаласындағы ірі мекемеде вахталық ауысыммен жұмыс істейтініне сендірген. Туысқанына адамдарды жұмысқа орналастырып бере аламын, бұл үшін 150 мың теңге көлемінде ақша беру керек екенін айтқан. Осылайша күдікті туысы арқылы 15 адамға жалған ақпарат беріп, әрқайсысынан 150 мың теңге көлемінде ақша алып, бой тасалап кеткен. Нәтижесінде 15 жәбірленушіге 2 млн 250 мың теңге көлемінде шығын келген», – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, 28 жастағы күдікті өзгелерді алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкіне құқықты иемдену тұрғысындағы қылмыстық құқық бұзушылық әрекетін жасаған. Қазір күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағына сәйкес қылмыстық іс тергеліп, сотқа жолданды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ