Қайрат Боранбаевтан тәркіленген Астанадағы қонақүйге кім иелік етеді

0
148
Фото: booking.com

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Қайрат Боранбаевтың мемлекетке тапсырған құны 1,4 млрд теңгеден асатын Comfort Hotel Astana қонақүйінің алдағы тағдыры туралы айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Қайрат Боранбаев тергеумен ерікті түрде келісімге келу аясында мемлекетке бірқатар активін, соның ішінде Comfort Hotel Astana қонақүй кешені мен фитнес орталығын тапсырды. Онда оңалту және білім беру орталықтары ұйымдастырылуы керек деп айтылды. Олар ұйымдастырыла ма? Бұл нысандарды орталық ретінде ішінара немесе толығымен қайта құрасыздар ма?», – деп сұрады журналист Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Жеңіс Қасымбек Астанаға тек Comfort Hotel Astana берілетінін айтты. Фитнес орталығы берілмейді, өйткені бас компания басқа қалада орналасқан және сол жерден басқарылуы мүмкін.

«Comfort Hotel Astana бойынша – өткізу процесі әлі жүріп жатыр. Тапсыру процесі аяқталғаннан кейін әрі қарайғы қызмет түрін анықтаймыз. Бірақ қазірден айтарым, қаламызға мұндай деңгейдегі қонақүйлер жетіспейді. Қонақүй өзінің қызмет профилін сақтауы да мүмкін. Алайда нысан әлі берілмеді, бұл процесс жүріп жатыр», – деп түсіндірді қала әкімі.

Қала басшысының айтуынша, нысанды балансқа қабылдау алдағы тоқсанда аяқталуы қажет.

«Бізде мектепке дейінгі мекемелер, әлеуметтік нысандар, оңалту орталықтары және басқа да мекемелер бойынша өз жоспарымыз бар. Бұл нысанды әлеуметтік нысандарға берудің қажеті жоқ. Туризмді дамыту бөлігінде қалаға дәл осы деңгейдегі қонақүйлер қажет», – деп толықтырды Жеңіс Қасымбек.

Бұған дейін Kazinform кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың мемлекет меншігіне қайтарған активтеріне шолу ұсынған еді.

Биылғы 6 қарашада Қайрат Боранбаев бостандыққа шықты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ