Есікте сауда үйі өртенді

0
171
Фото: видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желіде Есік қаласында отқа оранған сауда үйінің видеосы желіде тарады, деп хабарлайды Kazinform.

Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 24 желтоқсанда түнгі сағат 03:35-те ТЖД-ның кезекші бөліміне Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында Фрунзе мен Алматы көшелерінің қиылысында ірі өрттің болғаны туралы хабарлама түскен. Аталған жерде перде мен кілем сататын сауда павильондары, билбордтар, «Со склада» жиһаз және азық-түлік дүкені өртенген, кейін өрт «Пассаж» және «Шамшат» сауда үйлеріне қарай ауысқан.

«Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері сағат 03:40-та жеткен сәтте «Пассаж» сауда үйінің павильондары, дүкендері мен шатыры отқа оранған болатын. Оқиға орнына жақын маңдағы бөлімшелердің күштері мен құралдары да жіберіледі. Өрттің үлкен аумаққа таралуына өрт туралы кешігіп хабарлау себеп болды. Қабылданған шаралардың арқасында өрт сағат 06:20-да оқшауланып, сағат 07:40-та сөндірілді. Өрттің жалпы ауданы 1958 шаршы метрді құрады», – деп хабарлады Алматы облысы ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Өрттің жақын маңдағы «Халифа» сауда үйіне, киім қоймасына және жиһаз дүкеніне таралуына жол берілмеді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД анықтау бөлімінің және сынақ өрт зертханасының бастығы жіберілді.

Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД-ның 34 қызметкері мен 11 техникасы, жол патрульдік қызметтен 3 техника мен 6 қызметкер, жедел медициналық жәрдем бригадасының 2 техникасы жұмылдырылды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ