Игі істер марафоны: Астанада еріктілер қарт кісілердің ауласының қарын тазалауға көмектеседі

0
375

Игі істер марафоны аясында елорда еріктілері зейнеткерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы көмекке мұқтаж азаматтардың аулаларының қарын күреп береді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Елордада бірнеше күн бойы қалың қар жауды. Аулалар қарға көмкеріліп қалды. Бұл әсіресе егде жастағы және жалғызбасты адамдарға қиын, олар аулаларын өз бетінше күрей алмайды. Осыған байланысты «Астана Жастары» еріктілері Көктал тұрғын алабының жеке секторының тұрғындарына көмекке ұмтылды. Олар аулалардың қарын тазалап, сарайлар мен жертөлелерге, сондай-ақ үйлерден кіреберіске дейінгі жолдарды тазартты.

«Астана Жастары» КММ еріктісі Дана Такенова волонтерлік қызметпен бірнеше жылдан бері айналысып келе жатқанын айтты.

«Бүгін біз ата-әжелерімізге қар күреуге көмектестік. Бұл акцияны жыл сайын өткізіп жүрміз. Қар күреуден бөлек, коммуналдық қызмет мамандарына бауырсақ пен ыстық шай таратамыз. Бұл шықырлаған аязда ерекше көңіл сыйлайды. Қаламыздағы жастарды осыдан үлгі алуға шақырамын. Еріктілер қозғалысының қатарына қосылыңыз!» – деп шақырады белсенді ерікті.

Жергілікті тұрғындар волонтерлердің көмегін бағалап, оларға алғыс білдірді.

«Жастарымыз қандай тәрбиелі болып өсіп келеді. Жер үйде тұрғандықтан қыста толассыз жауған қар қиындық тудырады. Қақпаны жауып қалып, кейде сыртқы есікті ашу мүмкін болмай қалады. Жастарға ризамын. Бізге уақытылы көмектесіп тұрады. Мұның бәрін бізге тазалау өте қиын болар еді», – дейді елорда тұрғындарының бірі.

Елордалық еріктілер қыстыгүні қар тазалауға көмектесумен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан отбасыларға азық-түлік себеттерін тасымалдайды, қарт кісілерге отын кесуге көмектеседі және коммуналдық қызмет мамандарына ыстық шай береді.

Естеріңізге сала кетейік, елордада игі істер марафоны басталды. Акцияның басты мақсаты – еріктілер мен барлық тұрғындарға халықтың әлеуметтік әлсіз санаттарына, қарт адамдарға, мұқтаж зейнеткерлерге барынша көмек көрсету.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ