Баскетболдан ұлттық құраманың нәтижесі көңіл көншітпейді – министр

0
140
Фото: arnapress.kz
Азия чемпионаттарындағы ең үздік нәтиже – төртінші орын. Оның өзі 2007 жылғы көрсеткіш

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев баскетбол федерациясының басшыларымен және жаттықтырушылар штабымен кездесті. Жиында федерация өкілдері баскетболдан ұлттық құрамалардың былтырғы  жылғы нәтижелерін қорытындылап, алдағы бәсекелерге дайындық жоспары таныстырылды.

Баскетболдан Қазақстан құрамасы былтыр Қытайдағы Азия ойындарында жанкүйерлердің сенімін ақтай алмай, үздіктер қатарынан көріне алмады. Сонымен қатар ерлер арасындағы 5х5 құрамасы Париж Олимпиадасына жолдама беретін іріктеу жарыстарында сәтсіз ойнап, жолдамадан қағылды. Ал 3х3 баскетболы бойынша әлі бір іріктеу жарысы бар. Биылға жоспарланған олимпиадалық іріктеу бәсекесінде топ жарған команда ғана лизенцияға иелік етеді.

Баскетбол – әлемдегі ең танымал спорт түрінің бірі. Бүгінде елімізде 400 мыңнан аса адам спорттың осы түрімен шұғылданады. 16 облыстағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 156 бөлімше жұмыс істейді. Статистика бойынша жыл сайын баскетболмен айналысатындардың саны артып жатқанымен, ұлттық құрманың нәтижесі төмендеп барады. Тәуелсіздік жылдарындағы Азия чемпионаттарының нәтижесіне көз жүгіртер болсақ, 5х5 баскетболдан әйелдер құрамасы ешқашан үздік бес команданың қатарына енбеген. Ерлер арасындағы 5х5 баскетболдан Қазақстан құрамасы бірде-бір рет әлем чемпионатына қатыса алмады. Азия чемпионаттарындағы ең үздік нәтиже – төртінші орын. Оның өзі 2007 жылғы көрсеткіш. Ұлттық құраманың орташа жасы – 33, – деді Ермек Маржықпаев.

Жиында министр баскетбол федерациясының басшылығына ұлттық құрамалардың жаттықтырушыларын қысқа мерзімде бекітуді, халықаралық ұйымдардағы өкілдікті көбейту және халықаралық деңгейдегі спорт төрешілерін даярлау жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, ұлттық құрама ойыншыларының орташа жасын азайтып, спортшыларды даярлауда жаңа әдістемелік тәсілдерді енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет екенін міндеттеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ