Алдағы екі жылда Астанада 5 мың мұғалім қажет болады

0
191
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM — 2029 жылға дейін елордада 80 мектеп салынады. Бұл туралы Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев айтты.

«Елордада 365 544 баланы қамтып отырған 757 білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 525 балабақша, 172 мектеп, 32 колледж, 11 қосымша білім беру ұйымы және 15 арнайы білім беру ұйымы қызмет етіп жатыр. 2023 жылы білім беру ұйымдарының 102 нысаны қосылды», – деді Қ.Сенғазыев Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның айтуынша, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту мақсатында 2023 жылы 10 214 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Ал биыл тағы 10 000-нан аса орынға мемлекеттік тапсырыс берілмек. Сонымен қатар, балабақшалардағы орын тапшылығын жою мақсатында алдағы жылдары 60 балабақша салынбақ. Қазір 10 балабақшаның жер телімдері белгіленіп, жобалау жұмыстары басталған.

«Астана қаласында 2023 жылы 11 мектеп пайдалануға берілді. Жаңа мектептер қаладағы 3 мектептің үш аусымдық мәселесін шешкен. Оқу жылының аяғына дейін тағы да төрт мектепті іске қосу жоспарланған. 2024 жылы 25 мектепті салу ескерілген. Оның ішінде жетеуі мемлекеттік, 15-і жайлы мектеп, үшеуі жекеменшік мектеп болады. Жалпы, 2028 жылдың аяғына дейін 200 мыңға жуық орынға арналған 80 мектепті салу жоспарланған», – деді басқарма басшысы.

Қасымхан Сенғазыевтың айтуынша, жыл сайын мектеп оқушылары санының өсуіне байланысты 2026-2027 оқу жылына қарай Астанада 5 мың мұғалім қажет болады.

«Астана қаласында балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында барлық білім беру ұйымдары 100% цифрлы бейнебақылау камераларымен, турникеттермен, дабыл түймелерімен және жоғары жылдамдықтағы интернет желісімен қамтамасыз етілген», – деді ол.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ