Шымкенттегі 135 жылдық тарихы бар мешіт бұзылмайды – Мұхамеджан Естеміров

0
112
Фото: dzen.ru

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Ғасырдан астам уақыт бойы сақталған көне ғимараттың мерейтойы тағылымдық және танымдық іс-шаралармен аталып өтеді.

Әлеуметтік желіде Шымкент қаласындағы көне мешіттің бұзылып жатқаны туралы видео тарады.

Онда ғибадат үйінің аумағында арнайы техника жұмыс істеп жүргенін көруге болады.

Видео авторы да ескі қала аумағындағы мешіттің бұзылып жатқанын айтқан.

Аталған мәселенің мән-жайын түсіндірген Шымкент қаласы бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров 135 жылдық тарихи бар нысанның бұзылмайтынын жеткізді.

«Шымкент қаласының ескі қала аумағында орналасқан мешіттің тарихи терең. Ғасырдан астам уақыт бойы сақталып келе жатқан ғимарат бұзылмайды. Қайта жан-жағын реттеп, заман талабына сәйкестендіру жұмыстары жүріп жатыр. 1990 жылдары салынған қасындағы қосымша ғимараттар бұзылып жатыр. Себебі, техникалық сыны мен сыры кеткендіктен, апатты деп танылған болатын. Оның орнына жаңа оқу корпусы салынады. Автотұрақ орналасады. Жаңа нысандардың құрылысы да көп ұзамай басталады. Мұның бәрі — қалаға келген туристер мен мешіт қауымына жағдай жасау мақсатында қолға алынып жатқан іс» — деді ол.

Сондай-ақ, Мұхамеджан Естеміров биыл ескі қалашықтағы көне мешіттің 135 жылдық мерейтойы танымдық және тағылымдық шаралармен аталып өтетінін жеткізді.

Айта кетейік, Шымкент қаласында орналасқан көне мешітті 1889 жылы Шыңғысбай қажы Дәуітұлы салдырған.

ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы тіркеу, ұжымдастыру кезеңдерінен Ұлы Отан соғысы аяқталғанша мешіт әскери казарма, милиция үйі ретінде пайдаланылды.

Ал 1947 жылы ел игілігіне қайтарылды.

Мешіттің сыйымдылығы — 2000 адам, үлкен мұнарасының биіктігі — 12 метр, ал күмбезінің биіктігі — 6 метр.

Мешітке өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ